
Бауыржан Момышұлы өзінің әйгілі «Қанмен жазылған кітабында» былай дейді: «Әскери тәрбие проблемасы — бұл жөргекте жатқан кезден бастап, найзаласқан қоян-қолтық айқасқа дейінгі аралықта жүргізіле беретін тәрбие проблемасы болып табылады. Ата-ана тәрбиесі — мектеп жасына дейінгі тәрбиенің ең басты сатысына, кезеңіне саяды. Мектеп тәрбиесі, коғамдық-жастар тәрбиесі — адамның қалыптасуындағы ең басты кезең. Адам қоғамдық тәрбиеге ақтық демі біткенше мұқтаж болады, қажет етеді». Баукеңнің осы пікірінің өміршеңдігін уақыттың өзі дәлелдеп отыр.
2030 жылға дейінгі жастардың әскери-патриоттық тәрбиесі тұжырымдамасы 2023 жылғы 24 қарашада Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген болатын Ал, 2025 жылғы 7 қарашада оған қайтадан өзгерістер енгізіліп, тұжырымдама жаңа редакцияда ұсынылды.
Аталған құжатта жастар елдің басты ресурсы мен болашағы екені атап өтіледі. Сонымен қатар, әскери-патриоттық тәрбие жаңа заманның сын-қатерлеріне жауап беруі және қазіргі бағыттарды: ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану, киберқауіпсіздік негіздері, ақпараттық кеңістікті қорғау және елдің қорғаныс әлеуетін құрайтын өзге де технологиялық аспектілерді қамтуы қажет делінген.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әскери кафедрасында да әскери-патриоттық тәрбие мәселесіне зор мән беріледі. Бұл – оқу бағдарламасының құрамдас бөлігі және үздіксіз жүретін жұмыс болып табылады. Дәстүрлі далалық оқу жиындарынан бастап салтанатты ант беру рәсімдеріне, музейлерге экскурсия жасаумен қатар ҚР Қарулы Кұштерінің ардагерлерімен кездесулерге дейінгі іс-шаралар студенттердің азаматтық жауапкершілігін, патриоттық рухы мен практикалық даярлығын қалыптастыруда үлкен рөл атқарады.
Заманауи талаптарға бейімделу, яғни оқу бағдарламасының жаңартылуы әскери кафедраның уақыт талабына сай әрекет ететінін көрсетеді. Қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайында тәуекелдерді дұрыс ескеріп, Қарулы Күштерге таяу болашақта қажет болатын мамандықтар бойынша кадрлар дайындаудың маңызы зор.
Сонымен қатар, Қазақстан Репсубликасы Қорғаныс министрі өзінің 2025 жылғы 11 қарашадағы бұйрығымен еліміздегі әскери кафедрлардың қызмет қағидаларын бекітті. Ол құжатта да осы мәселеге баса көңіл бөлінген. Студенттердің тәрбиесіне қатысты іс-шаралар оқу сабақтары барысында және әскери кафедраның күн тәртібінде белгіленген уақытта, сондай-ақ оқу процесінен тыс кезеңде ЖОО-ның өзге құрылымдық бөлімшелерімен, қоғамдық ұйымдармен, әскери бөлімдермен бірлесе отырып өткізіледі деп жазылған. Оның қатарына ақпараттық-идеологиялық, психологиялық, имидждік жұмыстар, көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыру, мәдени шараларды ұйымдастыру, қоғаммен байланыс жасау, конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер мен тренингтер өткізу жатады.
ЕҰУ әскери кафедрасының мұрындық болуымен республикалық ғылыми-практикалық конференцияларды тұрақты түрде ұйымдастыру дәстүрге айналды. Мысал ретінде, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы С.Нұрмағамбетовтың әскери мұрасын зерттеуге арналған «Тумысы бөлек тұлға», Рейхтсагқа ту тіккен Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Рухы биік хас батыр», Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында өткен «Екінші дүниежүзілік соғыс: тарихи сабақ және бүгінгі ұстаным» атты алқалы жиындарды айтуға болады. Аталған конференциялар барысында әскери кафедра студенттері тарихшы ғалымдар тарапынан ғибратты әңгімелерді тыңдап, зор тағылым алды.

Бұдан бөлек ҚР Қарулы Күштерінің қалыптасуына үлкен еңбек сіңірген ардагерлер де кафедраға жиі келіп тұрады. Мысалы, биыл далалық оқу жиындарының қорытынды кезеңі аясында кешенді тактикалық сабақтар өткізілді. Сол тактикалық сабақтарға арнайы шақырылған генерал-майор Әлихан Жарболов, генерал-майор Геннадий Носоновский және генерал-майор Дәулет Салханов сияқты білікті әскери мамандар студенттердің әрекеттеріне жоғары беріп қана қоймай, өздерінің мол өмірлік тәжіриберімен де бөлісті.
Күнделікті оқу процесі барысында кафедра басшылырының қатысуымен ашық сабақтар өткізіліп тұрады.
Жақында “Әскери тарих” курсы бойынша студенттер жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыстағы қазақ әскерінің іс-қимыл тактикасын өтіп жатқан уақытта аудиторияға кафедра басшысы, генерал-майор Еділ Оразов кіріп келді. Сабақ әрі қарай жалғасып, бір студент кеөшпенділердің көбіне қаша ұрыс салу, жалған шегініп барып, тұтқиылдан шабуыл жасау сияқты тактикасын Бауыржан Момышұлының Мәскеу түбінде шебер қолданғанын және ол әскери өнер тарихына “Момышұлы спиралі” деген атпен енгенін баяндады. Тағы бір студент Орбұлақ пен Аңырақай шайқастарын тарихи тұрғыдан шешуші роль атқарған кешегі Мәскеу мен Сталинград шайқастарына теңеді.
Болашақ офицерлердің жалпы дайындығына көңілі толған генерал-майор Е.Оразов ерекше көзге түскен екі студентке жеке кітапханасынан қолтаңбасымен қазақ тарихына қатысты кітаптарды сыйға тартты. Сол сабақ барысында кафедра басшысы даңқты батыр Сағадат Нұрмағамбетов пен майдангер жазушы Әзілхан Нұршайықов туралы жылы естеліктер айтып, аға ұрпақты үнемі үлгі тұту керектігіне айрықша тоқталды.

Осындай кездесулер студенттердің жүрегіне оймақтай болса да ой салса ұстаздың олжасы да сол. Құнарлы топыраққа түскен дәннің түбінде өсіп-өнбей қоймайтыны дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат.
Әбубәкір Смайылов,
ЕҰУ әскери кафедрасының оқытушысы