Астананың темір жол вокзалында адам ығы-жығы. Ине шаншар орын жоқ. Көпшіліктің қолында Қазақстан Републикасының көк байрағы, ҚР Қарулы Күштерінің және Әуе десанты әскерлерінің тулары желбірейді. Үрмелі аспаптар оркестрі делебеңді қоздырып, рухты көтеретін әскери марштарды орындауда. Қас қарайып кеткеніне қарамастан әскерден қайтқан сарбаздарды салтанатпен қарсы алуға шыққан астаналықтардың қарасы мол.
Аталған шараға ата-аналардан бөлек қалалық әкімдіктің өкілдері, қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшылығы, Қарулы Күштердің ардагерлері де келіпті.
Алматы бағытындағы пойыз влкзалға келіп тоқтағанда, одан түскен отыз сегіз сарбаз бұйрық бойынша тез сап түзеп, сарт-сұрт адымдай жиналған халықтың алдына келіп тоқтай қалды. Топ басышысы Астана қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, подполковник Медет Тұрыскелдиевке әскери тәртіппен баянат жасады:
-Подполковник мырза, астаналық сарбаздар 35-ші гвардиялық десанттық шабуылдаушы бригадасында абыроймен қызмет атқарып, отбастарына оралды. Топ басшысы, қатардағы жауынгер Әлішер Назиев!
Салтанатты марштан соң Қарулы Күштері ардагерлері атынан генерал-майор Марат Нағұманов сөз алды:
-Ес жиып, етек жиған әрбір азамат ел мен жердің тағдырына жауапты екенін ұмытпауы керек. Отан қорғау — ортақ парыз. Сендер сол Отан алдындағы борыштарыңды абыроймен атқарып оралдыңдар. Ендігі жерде отбасын құрып, еңбекке араласып, елге үлгілі азамат болуларыңа тілектеспін!
Астана тұрғыны Игорь Макаренко ұлын қарсы алуға бүкіл отбасын, оның ішінде болашақ келінін де ерте келіпті. Ол ұлының әскери қызметті әрі қарай жалғастыратынын мақтанышпен айтты. Астана түбіндегі десанттық-шабуылдаушы бригадасына келісіш-шарт бойынша қызметке тұрмақшы екен.
Хасенов Саид әскерге дейін медициналық колледж бітірген екен. Енді жоғары білім алу үшін оқуға түспек ойы бар көрінеді. Әскерде қызмет еткен жастарға жоғары оқу орындарына түсу үшін биылдан бастап жеңілдіктер жаслағанына қуанышты еенін жасырмады.
Біздің байқағанымыз сайдың тасындай отыз сегіз сарбаздың бәрі әскери мамандықтың қыр-сырын меңгерген, талай мәрте парашютпен секіріп, тәжирибе жинақтаған жігіттер екен. Олардың алға қойған өмірлік мақсаттары да айқын – елге пайдалы азамат болу.
Вокзалда салтанатты қарсы алу болатынын ата-аналар да, сарбаздар білмепті. «Оларға осындай тосын-сый жасағымыз келді. Әскерге салтанатты шығарып салу дәстүрі бұрыннан бар. Олай болса салтанатты қарсы алуды да дәстүрге айналдырған жөн. Армияға аттанған өрімдей балалардың қысқа мерзімде қалай есейіп, ер-азамат болып оралғанын ел көру керек қой»,-дейді Астана қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілі, запастағы полковник Ғани Артықов.
Ә.Смайылов