Ащы шындық

17 маусым 2016, 17:00

20160614_125721(0)

Күш құрылымдары лаңкестер лап бергенде дайын болмай шықты. Құрал-жабдығы ескі. Тіпті арнайы жасақты тасымалдайтын көлігі де болмаған. Аймақтарға жолы жиі түсе бермейтін үкімет басшысы қасындағы министрлерімен Ақтөбеге барғанда осындай шымбайға бататын шындықты біліп қайтты.

Ақтөбеге шенділердің келгенін көшедегі кептелістен байқауға болады. Үкімет басшысы өңірде жасалып жатқан жұмыспен танысты. Мәселені Мәсімов жастардың жұмыссыз жүруінен іздегісі келді ме, оған жастар саясаты, жұмыспен қамтамасыз ету туралы аз айтылмады.
Өткір де өзекті мәселе көтерілген жиын таяуда қанды қақтығыс болған №6655 әскери бөлімінің мәжіліс залында өтті. Өзі санаулы минутқа созылған басқосуда бірнеше министр мен жергілікті шенеуніктер төбе көрсетті. Бұрын-соңды айтыла бермейтін сандар көп айтылып кетті ме, бәзбіреулердің белгі беруінен кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін сыртқа шығарып жіберді.
Аз уақытта не айтылды?! Кешегі қақтығыстарда ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері де, тәртіп сақшылары да қатты қиналғанға ұқсайды. Үкімет басшысының алдында полицейлер өз мұңын шақты. Лаңкестік әрекет болған күндері қандай қиындықтарға тап болғаны жөнінде облыстық ІІД басшысы Махсұтхан Әбіләзімов хабарлады.
Ол «5 маусымда болған қақтығыс салдарын зерттеу кезінде ішкі істер органдарындағы олқылықтарды тізбектеп берді. Біріншіден, бір мезгілде қаланың бірнеше ауданында болған қақтығыстарды ауыздықтау қиынға соқты. Сонымен бірге жеке құрамның қалалық жағдайда күрес жүргізуге білімі мен біліктілігі жетіңкіремейді, – деді.
Өзінің көлігі болмағандықтан, жеке құрамды қаланың бір бөлігінен екінші жағына тасымалдау үшін автобусты әкімдіктен сұрауға мәжбүр болыпты.
Облыстың «бас полицейі» қызметкерлер санының аздығын айтып налыды. Бір мезгілде 500 адам сөйлескенде ескірген рация ауыртпалықты көтере алмаған.
Өз кезегінде Ақтөбе облысындағы ҰҚК департаментінің басшысы Нұрлан Қадырбаевтың айтуына қарағанда, Ақтөбе облысында 100-ге тарта жиһадшы бар. Ол қақтығысқа қатысты адамдарды анықтау мақсатында шаралар қолға алынып жатқанын жеткізді.
Н.Қадырбаев «Салафилерді бақылау үшін көп күш кетті. Өткен жылдан бері 32 салафиді райынан қайтардық. Алайда сауатты дін қызметкерінің тапшылығы сезіледі. Бізге жергілікті мамандар даярлау қажет, – деп атап өтті
ҰҚК департаменті басшысының айтуына қарағанда, былтыр 14 радикалды топтың қызметіне тосқауыл қойылыпты. Олар жер-жерде зорлық-зомбылық әрекет жасамақ болған. Арнайы қызметтің ғимараты да мәз емес. Елу жыл бұрын тұрғызылған ғимарат қазіргі талапқа сай емес. Небәрі 11 қызметкер терроризм, экстремизммен күреседі.
Өз кезегінде облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, өңірде болған соңғы оқиғаларды, сонымен қатар облыстың демографиялық және әлеуметтік-экономикалық дамуын есептегенде кадрлық қамсыздандыру, сонымен бірге құқық қорғау және арнайы органдарды материалдық-техникалық жағынан жабдықтау мәселесі өткір тұр.
Сондай-ақ қазіргі таңда нысандарды антитеррорлық қорғауды күшейту, бейнебақылау камераларының санын көбейту және оларды техникалық жағынан қамтамасыз ету аса қажет. Облыстың осы және өзге де жоспарларын жүзеге асыру үшін 16,6 млрд теңге қажет.
Мәселен, облыстық ішкі істер департаментін арнайы автокөлікпен қамтамасыз ету республика бойынша ең төменгі орында.Небәрі 43% қамтамасыз етілген. ІІД мен прокуратура қызметкерлерінің санын арттыру қажеттігі сезіледі.
Ақтөбе қаласының 450 мың тұрғынға 47 прокуратура қызметкерінен келсе, 350 мың тұрғыны бар Тараздың қадағалау органдарында 52 адам еңбек етеді.
– Әрине, шағын штаттың қадағалау жұмыстарының сапасына, соның ішінде экстремизмге қарсы өткізілетін іс-шаралар кезінде әсер етері сөзсіз. Қосымша штат ашып, материалдық-техникалық базаны жақсартуға қаржы бөлуге көмектесуіңізді сұраймыз, – деді облыс әкімі Премьер-министрге.
Бес жылға шегініс жасасақ. Облыстың бірнеше жерінде болған атыс-шабыс, жарылыстардан соң, үкімет дереу қимылдай бастады. Темір ауданында әлеуметтік нысандар пайда болып, кейбір ғимараттар жөнделе бастады. Имамдарға да жағдай жасалып, халықтың көңілін аулауға бағытталған жұмыстар қолға алынды. Жастар жұмыссыз жүргендіктен, осындай қадамға барды деген уәжбен, жұмыс орындары ашылатыны туралы аз айтылмады.
Осы жолы да нақты қадам жасалады. Билік тарапынан шаралар қолға алынар. Дегенмен, идеология тұрғысынан келгенде, кішкене кідіріс байқалады. Кідіріс те емес, шегініс бар. Жастар саясаты әлсіз қоғамда жас өркен рухани азықты өзге жақтан іздеуі мүмкін. Ресми құрылымдар айтып жатқан жиһад жасау туралы бұйрықты да!

Асқар Ақтілеу,
Ақтөбе

 

17 шiлде, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде