Ашаршылық ақтаңдақтары

18 мамыр 2018, 12:37

Қазақстанда 1931-1933 жылдарда орын алған алапат ашаршылық қазақ тарихындағы ең ауыр қаралы беттердің бірі. Бұл мәселе кеңестік тоталитарлық жүйе тұсында ғылыми-зерттеулер үшін жабық тақырыпқа айналды. Өйткені И.Сталиннің 1934 жылы ХVII партия съезінде Кеңестер Одағындағы халық саны 1937 жылға дейін 12 млн 300 мың адамға артып, осылайша социализмнің капитализмнен артықшылығы демографиялық тұрғыдан да дәлелденетін болады деп нақтылауы, өкінішке қарай, керісінше болып шықты.

1930 жылдардың басында, күштеп ұжымдастыру жылдарында Кеңестер Одағындағы халықтың саны миллиондаған адамға кеміп кетті. Бұл 1937 жылдың басында өткізілген Бүкілодақтық халық санағында айқын көрініп тұрды. Осыған байланысты осы санақты ұйымдастырушылар, аудандық санақ басқармасының бастықтарынан бастап Бүкілодақтық санақ басқармасының (ол – кездегі аты Нархозучет) бастығы Кравальға дейін халық жаулары ретінде атылды. Олардың арасында республиканың санақ басқармасының бастығы Саматов пен оның орынбасары Мацкеевич те бар еді. Бүгінгі жас ұрпақ біз әңгімелеп отырған қайғылы тарихтан толық хабардар деп айта алмаймыз. Мұны білу тоталитарлық жүйенің жазалау механизмінен жан-жақты хабардар болу үшін керек.
Ал қазақ үшін ашаршылық тарихын білу неліктен қажет дегенге келер болсақ, мынаны айтар едік: ежелгі дәуірден бері халқымыздың тарихы шұғылалы беттерден ғана емес, көлеңкелі, келеңсіз құбылыстардан да (катаклизмдерден) тұрғанын бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан, яғни тарихымызды толыққанды зерттеу үшін өткеніміздің қасіретті құбылыстарын, қайшылықты, тіптен керағар тұстарын ұмытпауымыз керек. Бұл жаңа ұрпақ санасын шынайы, объективті тарихи біліммен суарып, олардың Отаншыл болып өсуіне үлкен ықпал жасайды деп ойлаймыз. Біздің тарихымыз жеңістерден ғана емес, жеңілістерден де тұратынын мойындайтын уақыт болды.
Алайда аталмыш ашаршылық тарихын украиндар тәрізді басқа халықтан кек алу үшін саяси ойын құралына айналдырудың қажеті жоқ. Бұл қасіретті тарихтың саяси сипатынан гөрі әлеуметтік–рухани салдарлары әлдеқайда салмақты. Осыны ескеруіміз керек. Елбасымыз Н.Назарбаев зерттеушілер назарын ашаршылық тарихына бұрған кезде, бір ғана қаралы тарихи құбылысты емес, бүкіл қазақ тарихындағы осындай көлеңкелі тұстарды зерттеушілердің шынайы да, объективті талдауын талап етіп отыр деп ойлаймыз. Бүгінгі тәуелсіздігіміздің қадыр-қасиетін, халқымыз өткен ауыр да, күрделі тарихты жан-жақты тереңдете зерттеп, одан дұрыс қорытындылар жасағанда және осыдан өзімізге қажет тағылымдар алғанда ғана толық түсіне аламыз.

1931-1933 жылдардағы ашаршылық қарсаңында қазақ халқының саны қанша еді?
Бұл ашаршылық тарихын зерттеушілер үшін аса маңызды, тіптен басты мәселе деген болар едік. Осы жылдардағы ауыл халқының, оның ішінде қазақтардың санын бұрмалап көрсету тарихи шындықтан адастыратынын кез келген зерттеуші ұмытпауы тиіс. Қазақ халқының 1930 жылдың басындағы нақты санын білмей ашаршылықтан қырылғандардың пайыздық үлесін анықтау мүлде мүмкін емес. Бұл мәселеде мұрағат қойнауларында қажетті деректер сақталғанын да атап көрсетеміз. Негізінен бұлар Бүкілодақтық санақ көрсеткіштері. Олар бойынша 1926 жылдың соңында Кеңестер Одағындағы қазақтардың саны – 3 млн 968 мың адамды құраса, ал 1937 жылғы санақ мәліметі бойынша қазақтар – 2 млн 862 мың адам, ал 1939 жылдың басындағы санақта – 3 млн 842 мың адамды құрады. Аталған ашаршылықтың демографиялық салдарларын зерттеушілер әдетте осы мәліметтерді басшылыққа алып, оларды салыстырмалы түрде талдайды. Олардың арасында шетелдегі Роберт Конгвест, Робер Дэвис, Стивен Уиткрофт, Никола Пианчиело және тағы басқалар да бар.
Дегенмен де, зерттеушілер үшін негізгі деректерді құрайтын бұл санақтарда қазақтардың саны бұрмаланып көрсетілгені ешкімді ойландыра қоймайды. Мұны дәлелдеу үшін 1897 жылғы халық санағына жүгінейік: бұл кезде қазақтардың саны – 3,5 млн адамға жеткен. Бұл біршама шынайы дерек. Осыны бастау етіп алар болсақ, 1921-1922 жылғы ашаршылықта қазақтардың 30 пайызы қырылғанын ескергеннің өзінде де, 1926 жылғы Бүкілодақтық халық санағының қазақтардың санын толық қамтымағанын байқау қиын емес. 1916 жылғы патша үкіметінің есепке алу санағынан қаймыққан қазақтар 1926 жылғы санақтан жасырынып қалуға тырысты. Зерттеушілер осы мәселені ескере бермейді. Ал 1937 жылғы қаңтардағы және 1939 жылғы қаңтардағы санақтардағы қазақтар санын салыстырғанда, кейінгі санақтың көрсеткіштерінің қазақтарда орын алған ашаршылық құрбандықтарын азайту үшін, адам санын асырып көрсететінін байқау қиын емес. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, 1937 жылғы санаққа жауапты адамдар (санақ басқармалары басшылары) түгелдей атылған соң, 1939 жылғы санақты жүргізушілер ашаршылық халықты жалмаған аймақтарда адам санын (оның ішінде қазақтардың) үстемелеп көрсетуге амалсыздан барды. Бұлай болмаған жағдайда соңғы санақты жүргізушілер де алғашқылардың қасіретті тағдырын құшатын еді.
Бұдан шығатын қорытынды: аталмыш Бүкілодақтық санақ мәліметтері 1930-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарының санын анықтауда негізгі дерек көздері бола алмайды. Оларды мұрағат қойнауындағы әртүрлі мекемелердің ресми мәліметтерін талдауда қосымша, жалпылама және жанама деректер ретінде ғана пайдалануға болады. Өкінішке қарай, шетелдіктерді айтпағанда өзіміздің зерттеушілерміз де біз атап өткен санақтардағы олқылықтарды ескере бермейді.

Шындықты іздестірер болсақ, басты деректер қатарына Халық Комиссарлар Кеңесі жанындағы отырықшыландыру жөніндегі республикалық комитеттің техникалық кеңесінің ресми мәліметтері де есепке алынуы тиіс. Осы мекеменің 1931 жылы 14 желтоқсандағы мәжілісінде мемлекеттік жоспарлау мекемесінің ресми мәліметі тыңдалған. Бұл бойынша Қазақстандағы барлық көшпелі және жартылай көшпелі қожалықтар санының 706 мың екендігі атап көрсетіледі. Олардың 42 мыңы, яғни 5 пайызы ауқаттылар қожалықтары еді. Бұл дегеніңіз – сол жылдары осы мекемеде қызмет жасаған М.Сириустың есебі бойынша 4 млн 236 мың қазақ болып шығады. Ол кезде Қазақстандағы барлық ауыл халқының (басқа ұлттарды қосып есептегенде) саны – 5 млн 800 мыңнан асып түсетін.
Бірақ бұл деректердің де кемшілігі бар: біріншіден, мұнда ашаршылықтың алғашқы жылында қырылған қазақтар есепке кірмей қалған; екіншіден, мұнда тек көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларының саны ғана есепке алынған. Бұл дегенмен де, сол жылдардағы қазақ халқының 90 пайызға жуығы болып табылады. Отырықшы қазақтарды есептемегенде, осы жылдары қазақтардың 6 пайызға жуығы қалаларда тұрғанын ұмытпауымыз керек. Бұл жылма-жыл өткізілетін, біршама шынайы қала халқының санағында көрсетілген. Алайда қазақ халқының саны 1928 жылғы ірі байларды тәркілеу науқанынан бастап қысқара бастағанын ескеруге тура келеді. Бұл мәселеде де бізде нақты мұрағаттық дерек бар. Ол бойынша 1928 жылы қазақтардың барлық қожалықтарының саны – 826 мың (яғни 4 млн 800 мыңнан астам адам) екенін көреміз. Бұлардың 120 мың қожалығы отырықшы болса, 700 мыңнан астамы көшпелі және жартылай көшпелі еді. Міне, қасіретті зобалаң қарсаңындағы қазақтың нақты саны осындай.
1937 жылдың 14 ақпанында республика санақ басқармасының бастығы (Қазнархозучет) Саматовтың Мәскеудегі бастығы Кравальға және Мирзоянға жолдаған мәліметі бойынша 1930 жылы 1 маусымда ауыл халқының саны – 5 млн 873мың адам (оның ішінде қазақтар 4,5 млн асып түсетін) болатын. Осылайша, ресми деректер ашаршылық қарсаңындағы Қазақстандағы қазақ және басқа халықтардың ауыл шаруашылығындағы санын анықтауға мүмкіндік беретінін, бұл тарихты жазғанда ескергеніміз жөн. Бұл айтылғандарды дәлелдейтін жанама ресми деректер де баршылық. Олардың ішінде Л.Мирзоянға жазылған «Алтаудың хатындағы» (Ғ.Исқақов, И.Қаболлов, Ж.Арыстанов, В.Айбасов, Ғ.Тоғжанов, У.Жандосов (Ораз Жандосовтың ағасы)) ресми мәліметтер де бар. Онда хат авторлары Қазақстанның Қазсовнаркомының мәліметі бойынша 800 мың қазақ шаруашылығынан (4 млн 800 мың адамнан) 1932 жылдың көктемінде 450 мың қазақ шаруашылықтары (2 млн 250 мың қазақ) қалғанын атап көрсетеді. Мұндай мәліметтерді мұрағат қорларынан келтіре беруге болар еді. Алайда осы айтылғандардың өзі шындықты бейнелейді деген ойдамыз.
Ашаршылықтағы босқыншылықтың көлемі қандай?
Бұл мәселеге байланысты мұрағаттарда дерек өте көп. Өйткені кезінде Мәскеудегі Тұрар Рысқұловтың арнайы тапсырмасымен Қазақстан басшылығы үкімет жанынан Босқындарды шаруашылықтық орналастыру комитетін құрған болатын. Оның өкілдері қазақтар босып кеткен Кеңес Одағының аймақтарында жұмыс істеп, босқындар санын анықтаумен және оларды Қазақстанға қайтарумен айналысты. Осыған қатысты құжаттар мұрағат қойнауларында сақталған.
Босқындар саны Тұрар Рысқұловтың Иосиф Сталинге жазған екінші хатында да әртүрлі аймақтар бойынша біршама нақты көрсетілген. Сонымен бірге Батыс Сібірдегі, Орта Еділдегі, Қырғызстандағы, Орталық Азиядағы қазақ босқындары туралы мәліметтерді сол аймақтың басшылары да Мәскеуге және Қазақстанға жолдаған ресми және жедел хаттарында нақтылай түседі. Олардың бәрін тарихи салыстырмалы түрде талдар болсақ, 1932 жылдың 1 ақпанына дейін қазақстандық 1млн 500 мың адамның босқыншылыққа ұшырағанын байқар едік.
Бірақ босқыншылық 1933 жылдың шілде айына дейін созылды. Қазақстан үкіметінің 1933 жылы Мәскеуге берген ресми мәліметтеріне қарасақ, 1931-1933 жылдары Қазақстан бойынша ауыл халқының саны – 2 млн 600 мың адамға кеміген. Бұл негізінен қазақ қожалықтарына қатысты. Жылдар бойынша қарастырар болсақ, 1930-1931 жылдары (маусым айындағы есеп) ауыл халқы мал санақтары бойынша 759 мың адамға кемісе, 1931-1932 жылдары 1 млн 887 мың адамға, 1932-1933 жылдары 733 мың адамға, барлығы — 3 млн 379,5 адамға кеміген. Атап көрсетер бір нәрсе, бұл мәліметтер қайтыс болғандарды да, тірі босқындарды да қамтиды. Яғни мұрағат қойнауындағы деректерде аштық құрбандары мен тірі қалған босқындар сандары көбіне бірге көрсетіледі. Мұның өзі босқындар санын ашаршылық құрбандарынан бөліп көрсету қажеттігін туғызады. Өйткені тірі қалған босқындарды анықтамай, аштан өлгендердің санын нақтылау мүмкін емес.
Санақ мәліметтерін талдағанда көрші республикалардан Қазақстанға қайтпай қалған қазақтардың 300 мыңнан астам адам екенін аңғара аламыз. Бұл Кеңес Одағындағы Қазақстанға көрші аймақтардағы ажал құрсауынан құтылып, аман-есен өмір сүріп жатқан босқындар. Қазақстанның өз ішіндегі босқындарға келетін болсақ, бұл мәселеде де нақты деректер бар. 1934 жылдың 1 қаңтарына дейін Қазақстандағы шаруашылық, өндіріс орындарына орналастырылған босқындар саны – 628,2 мың адам (139,6 мың қожалық) екенін көреміз. Жалпы алғанда 1933-1934 жылдары Қазақстанда 640 мың адам (160 мың шаруа қожалықтары) босындарға көрсетілген көмектің нәтижесінде Қазақстанға орналастырылды. Бұл Қазақстанның ішіндегі ашаршылықтан аман қалған босқындардың сандық көрсеткіштері. Ал енді жалпы босқындардың Қазақстаннан шығып кеткен 500 мыңнан астамының 200 мыңдайы Қазақстанға қайтып оралды. Л.Мирзоян өзінің 1933 жылы 23 наурызда Сталинге және Молотовқа жазған хатында республика ішіндегі босқыншылыққа ұшыраған халықтың санын – 300 мың адам (90 мыңнан аса қожалық) деп атап көрсеткен болатын. Сонымен қатар, Қазақстанның 30 ауданында босқыншылық орын алғаны туралы Голощекиннің 1932 жылға 9 қыркүйекте Мәскеуге жазған хатында нақты атап көрсетіледі. Жанама және ресми деректерді талдау нәтижесінде алапат ашаршылықта 1930 жылы қазақ босқындарының саны жалпы алғанда (шетелдегілерді қосып есептегенде) 1 млн 100 мыңнан асып кететінін көреміз.
Босқындар санын толығырақ көрсету үшін шетелге өткен қазақтар санын анықтап алуымыз керек. Бұл мәселенің осы уақытқа дейін едәуір бұрмаланып келгенін де айтпасқа болмас. Тағы бір айта кетер нәрсе, Қазақстан тарихына байланысты іргелі зерттеулерде Қазақстанда аштан қырылғандар шығынын аман қалған босқындар есебінен жауып, осылайша ашаршылық құрбандарын азайтып жіберетіндер де бар. Мысалы, Роберт Конквест Қазақстанның шекаралық аудандарынан Батыс Қытайға 200 мың қазақ көшіп кетті десе, ал ресейлік тарихшылар Ю.Поляков, В.Жиромская, И.Киселев олардың санын 1,3 млн адамға жеткізеді. Әсіресе соңғылардың Қытайға өткендер сандарын ешбір негізсіз тым ұлғайтып көрсетулері Қазақстанда аштан қырылған қазақтардың санын көпе-көрнеу азайтып көрсетуге алып келетінін айтуға тура келеді.
Өкінішке қарай, Қытайға кеткен қазақтар санын 500 мыңдай адам деп көрсететін қазақстандық тарихшылар да (Б.Төлепбаев, В.Осипов) бар. Мұның өзі кейбір зерттеушілерді аштық қасіретіне байланысты қате қорытынды жасауға итермеледі. Егер 1930-1933 жылдары Қазақстанда қысқарған ауыл халқының саны босқындарды қосып есептегенде – 3 млн 379,5 мың есептесек, қазақтарды шетелге көптеп көшіріп жіберу аштан қырылғандарды азайтады. Мұндай қорытынды, сөз жоқ аталмыш ашаршылық жылдарындағы тарихымыздың шындығын көлегейлейді. Айта кетер бір мәселе, Қытайға кеткен қазақтар саны ОГПУ-дың шекаралық бөлімдерінің мәлімдемелерінде және Қытайдағы КСРО барлаушыларының құпия баяндауларындағы деректерде нақты көрсетілген. Олар бойынша тіптен Қытайға көшкендердің әлеуметтік құрамы да нақтылана түскен. Мысалы, 1930 жылы Қытайға 15 мың 302 қазақ өткен болса (олардың 3 510 – байлар, 50 39 – орташалар, 40463 – кедейлер, 2290- колхозшылар), ал 1931 жылы Қытайға өткендер 36 965 адам (олардың 7542 – байлар, 3606 – орташалар, 14 840 – кедейлер, 8469 – колхозшылар) екенін көреміз. Яғни екі жылда Қытайға өткендер саны барлығы – 49 мың 759 адам.
Сонымен қатар шекарадан өткен қазақтардың ұстағандарының да саны деректерде атап көрсетілген. Мысалы, 1931 жылдың 1 қаңтарынан 1 қарашасына дейінгі аралықта ғана шекарадан өтерде 14 мың 412 адам ұсталған. Шекараны бұзып өтпек болған босқындардың қанды қырғынға ұшырағандары да тарихи шындық. Ресми мәлімет бойынша, 1930 жылдың өзінде ғана Іле округінің шекарасынан Қытайға өтерде 1000-нан астам қазақ босқындары өлтірілген. Дегенмен Батыс Қытайда 1931 жылдың 1 қарашасынан бастап шекара күзеті барынша күшейтілді. Дәл осы кезеңде кеңес үкіметі тарапынан шекараны күзетуге байланысты қосымша шара қолға алынды. Өз кезегінде Батыс Қытайдың Үрімжі және Чигучак губернаторлары 1932 жылдың наурыз айында Қытай шекара күзетіне КСРО-дан өтіп келген босқындарды жедел кейін қайтару туралы арнайы нұсқау берді. Бұл бойынша босқындарды жасырған Қытай шекарашылары жауапкершілікке тартылатын болды.
Айта кетер тағы бір нәрсе, 1930-1931 жылдардағы Қытай мен Қазақстанның шекаралық аудандарындағы халықтың қысқаруы туралы мемлекеттік жоспарлау мекемесінің мәліметі де бар. Ол бойынша осы кезеңде Қазақстанның шекаралық аудандарында халық саны – 87 мыңдай адамға қысқарған. Сонымен қатар Қытайдағы барлаушылардың мәліметтері бойынша, Батыс Қытайда осы жылдары Қазақстаннан көшіп келген 60 мың адам өмір сүріп жатты. Осыларды және 1932 жылы шекарадан өткендерді және шекара бойындағы қарулы қақтығыстарда қайтыс болғандарды қосып есептейтін болсақ, Қытайға өткен қазақтардың санын 70 мыңның айналасы деп көрсетер едік. Бұларға Ауғанстанға және тағы басқа шетелге өткендерді қосып санағанның өзінде күштеп ұжымдастыру жылдарында шетелге өткендер саны шамамен 100 мыңның айналасын құрайды. Шекаралық ОГПУ органдарының мәліметтерінде қазақтардан кейін Қытайға көп көшіп жатқан ұйғырлар болып табылатыны атап көрсетіледі. Олар негізін Жаркент және Октябрь аудандарынан көшіп кеткен. Қытайға кеткендер арасында дүңгендер мен орыстар да бар. Бұлар Жаркент, Лепсі, Үржар және Зайсан аудандарынан көшіп кеткендер болатын. Ресми мәліметтерде Қытайға қазақстандық дүңгендердің жартысынан жуығы көшіп кеткені атап көрсетіледі.
Дегенмен, Қытайға өтушілердің негізін қазақ босқыншылары құрады. Айта кетер тағы бір нәрсе, 1931 жылы Қытаймен шекаралас аудандардың саны 11 (бұрын 16 еді) болды. Олар – Алакөл, Лепсі, Октябрь, Жаркент, Кеген, Нарынқол, Шонжы, Катонқарағай, Зайсан, Тарбағатай, Үржар аудандары болатын. Сонымен қатар Талдықорған және Ақсу аудандары да шекараға жақын орналасты. Шекаралық аудандардың халықтары 1931 жылы 505 мың адамнан асып түсті (бұл Қазақстан халқының 7,33 пайызы болатын). Шекаралық аудан халықтарының 66,10 пайызы қазақтар (334 мың 268 адам) болды. Бұдан байқайтынымыз, шекаралық аудан халқының өзі жарты миллионнан сәл ғана асатындықтан Қытайға бұл кезеңде 1 миллионнан астам адам көшіп кетті деуге ешбір негіз жоқ. Оның үстіне 1930 жылдан бастап Батыс Қытайда халықты паспорттық жүйеге тіркеу қолға алынған еді. Мұның өзі Қытай жағының сырттан келген босқын қазақтарды арнайы есептеуіне алып келді.
Шекаралық отрядтардың ресми мәлімдемелерінде Қытайға өтушілердің негізінен қолдарындағы әртүрлі заттарын астыққа айырбастау үшін амалсыздан шекараны бұзатыны атап көрсетіледі. Сонымен қатар Қытайға өтіп алып, онда шекаралық аудандарда қарулы жасақ ұйымдастырып, Қазақстандағы өзінің туыстарын өткізіп алумен шекаралық аймақтардан Қытайға колхоз малдарын айдап кетумен айналысқан қазақтар туралы нақты мәліметтер Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қорында жақсы сақталған.
Қорыта келгенде айтарымыз, Қазақстаннан сыртқа шығып кеткен босқындарды және Қазақстанның өз ішіндегі босқындарды есептегенде, олардың жалпы санының 1 миллионнан асып түсетінін (нақты санақ бойынша 1 млн 149 мың адамнан асатынын) аңғара аламыз.

Талас Омарбеков,
тарих ғылымдарының
докторы, профессор

(Жалғасы бар)

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала