Әсел Ибадиллақызы: Әрекет еткен адамға береке келеді

17 тамыз 2023, 16:21

«Алға қойған мақсаттарына қол жеткізіп, өзін-өзі дамытуға талпынған жастарға шынайы қолдау қажет. Қазақстандық жастар өз болашақтарына сеніммен қарауы тиіс, олар үшін Қазақстан мемлекеттік басқарудан бастап, ғылым мен шығармашылыққа дейін сан алуан салаларда табысқа жетуге мол мүмкіндіктер беретін ел болуы тиіс»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев

 

Әсел Ибадиллақызы: Әрекет еткен адамға береке келеді

Бүгінде мемлекет тарапынан жастарға арналған түрлі бағдарламалар бар. Кәсібін ашып, бизнесін дамытқысы келетін жастарға жан-жақты қолау көрсетілуде. Қазір еліміздің барлық өңірінде жастарға арналған бағдарламалар жан-жақты түсіндіріліп, ақпараттық қолдау жұмыстары жүріп жатыр. Ал кей өңірлерде жастардың алды өз кәсібін ашып, игі жұмыстарды бастап кетті. Түркістан облысында  кәсібін ашып, киім дүкенін үлкен тігін цехына айналдырған жас кәсіпкердің бірі — Әсел Ибадиллақызы. Біз жас кәсіпкермен арнайы сұхбаттасып, шағын бизнесін дамыту жолы жайлы әңгімелеп беруін сұрадық.

 

— Әсел Ибадиллақызы, алғашқы сауалды кәсіп ашудың қыр-сырынан бастасақ. Мемлекетіміз расында да «жұмыс істеймін, кәсіп ашамын» деген жастарға, жас кәсіпкерлерге орасан қолдау көрсетіп жатыр. Кәсібіңізді қалай бастадыңыз? Алғашқы аяқ алыс қалай болды?

Біз өз кәсібімізді Түркістан өңірінде аштық. Мемлекет тарапынан, әрине, жастарға қолдау бар. Біз халықтың сұранысына сай жұмыс істейміз. Ең алдымен біз киім-кешек дүкенін ашып,  өнімдерімізді өзіміз тігетін арнайы дүкен аштық. Алғашқыда  жұмысымды 27 пайыздық несиемен бастадым. Одан кейін барып, «Атамекен» арқылы менторлардан сабақ алып, тәжірибе жинақтадым. Мемлекеттен қаржылай көмек алғысы келетін жастар көп.  Бірақ мен қаржылай көмек алудан бұрын, әрбір жас бизнесті жүргізуге психологиялық тұрғыдан дайын болса екен деймін. Өйткені мемлекеттен қаржыны алып  әрі қарай жүргізе алмайтын адамдар да болады. Менің айтқым келгені қаржыдан бұрын, кәсібін жаңа бастаған кәсіпкер бизнес стратегиясын құруы керек. Ол алда дағдарыс кездессе, оған төтеп бере алатынына дайын болуы керек.  Сондықтан адам психологиялық тұрғыдан да, материалдық тұрғыдан да дайын болуы міндетті. Бастапқыда менде де сан сұрақтар мен қорқыныш болды. Осының барлығын бизнес бастау бағыты бойынша менторлардан сұрадым, олар өздерінің ақыл-кеңестерін айтып, қорқынышымды жеңуіме көмектесті.

Сондықтан мен үшін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының көмегі көп болды. Бұл жерден қаржылай да, психологиялық та көмек алуға болады.  Бүгінде кәсібімізді ақырын жүргізіп жатсақ та, менторлар әлі күнге дейін кез келген сұрағымызға жауап беріп, әлі де бағыт-бағдар көрсетіп жатыр. Бұл жас кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан берілген үлкен қолдау екенін сезінемін. Қандай қиындықтар болмасын, тәулік бойы бізді мазалаған сұрақтардың шешімін табуға көмектеседі.  Бұл, әрине, кәсібін жаңадан ашып,  біраз тәжірибе жинағысы келетіндерге үлкен көмек.

— Өзіңіз қай саланың маманысыз? Отандық өнімді шығаруыңызға, осы саланы дамытуыңызға не түрткі болды?

— Менің негізгі мамандығым — тіс технигі. Алматыдағы  стоматологиялық колледждің түлегімін. Өз мамандығым бойынша жұмыс істеп те көрдім. Кейіннен отбасылық жағдайыма байланысты мамандығымды тастауға тура келді. Түркістан қаласында қандай кәсіпті бастасам екен деп ойландым. Осылайша бастапқыда киім дүкенін аштық. Біраз капитал жинақтап алғаннан кейін, осы кәсіпті дамытып, киім тігетін цех  аштым. Кәсібімді әрі қарай дамыту үшін, әрине, мемлекеттен қолдау керек. Одан бөлек, еліміз отандық өнімді дамытуға арналған бағдарламалары арқылы да, үлкен қолдау көрсетуде. Сөйтіп отандық өнімді шығарушы ретінде тіркеліп, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының менеджерлерінің жол көрсетуімен кәсібімді бастадым. Қазіргі таңда баспалдақпен енді-енді көтеріліп келе жатқан жас кәсіпкерміз деп айта аламын.

Мені бұл кәсіпті ашуыма не итермеледі дейсіздер ғой? Байқасаңыздар, біздің нарықта көбінесе арнайы киім-кешек тігумен, сатумен айналысатын цехтар көп екен. Ал күнделікті киім тігетін цехтардың   саны аз. Ал киім сататын базарлардың көбісінде Қырғызстан, Түркия, Қытай мен өзге елдің өнімдері. Ал отандық өнім дегендерді көп кездестіре бермейміз. «Әлем» дейтін Шымкентте шығатын шұлықтарды ғана көргенім бар. Ал киімдерді кездестірмедім. Осыдан барып, «неге біздің өз өнімімізді шығармасқа»  деген ой келді. Алдағы уақытта кәсібімді одан әрі дамыта түсемін деген ойдамын.

Бүгінде жастарды қолдауға арналған түрлі бағдарламалар бар. Дегенмен де жас кәсіпкер ретінде айтыңызшы, әлі қандай қолдау көрсетілуі керек?

— Жастарға қолдау бар. Бірақ сол қолдауды пайдалануға ерінетін жастар бар. Сондықтар қатарластарымды еңбекқор болуға шақырамын. Мемлекеттен қаржылай көмек алмасамда, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының нұсқауымен кәсібімді дөңгелеткен адаммын. Жыл сайын жастарға арналған түрлі бағдарламалар шығады. Кәсібін ашқысы келетіндерге қайтарымсыз грант, 2,5 пайызбен қаржылай несие сынды бағдарламаның ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жастарға жан-жақты қолдау бар. Сондықтан әрбір жас еңбек етуден қашпай, мемлекет берген мүмкіндікті қалт жібермей, игілігіне  жұмылдырса екен деймін.

Жастарға, өзіңіздің замандастарыңызға, оның ішінде сіз секілді кондитер болғысы келетін, осы мамандықты игеруге құштар жандарға қандай кеңес айтар едіңіз?

Кәсібін жаңадан бастағысы келетін жастарға айтарым. Ең алдымен еңбектеніңіздер. «Еңбек түбі береке» дегенін естеріңізде сақтаңыздар. Адам әрдайым әрекет етуі керек. Әрекет еткен адамға береке келеді. Жоғарыда айтқанымдай, әр істі бастағанда қиындығы қатар келеді. Ең бастысы ондай  кезде, адам қиындықпен күресіп, төзе білуі керек. Қолды бір сілтеп, кәсіптен бірден бас тартуға болмайды. Жастар осыған дайын бола білуі керек деп ойлаймын. Елімізде жастарға ғана емес, қарапайым адамдарға да арналған қолдау мен түрлі бағдарламалар жұмыс істеуде. Сондықтан ең бастысы әрекет етіп, жұмысты бастап кету керек.

— Әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан Мақпал Ноғайбаева

 

07 тамыз, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
07 тамыз, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз