Аружан Бақытжанқызы: Еріктілік шүкірлікке үйретті

14 тамыз 2023, 15:05

«Еріктілер жылы жалынды жастарымыздың бойындағы ең асыл қасиеттерді дәріптеген ерекше жылға айналды. Бұл жанашырлыққа, жауапкершілік пен қамқорлыққа үндеген кезең болды. Біз мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, түрлі қиындықтармен бірге күрестік. Осылайша, адамгершілік құндылықтарды жоғары бағалайтын қоғам екенімізді таныттық»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев

Елімізде ерікті жастарымыздың қатары күн сайын артып келеді. Әсіресе, Түркістан өңірі белсенді еріктілерімен танымал. Өңірдің  әр ауданында еріктілер ұйымы құрылып, игі істердің өтуіне мұрындық болуда. Біз Түркістан облысы Шардара ауданында жастайынан еріктілікпен айналысып, бүгінде шетелде білімін жетілдіріп жатқан белсенді жас Аружан Бақытжанқызымен арнайы сұхбаттасып, ерікті болудың қыр-сыры жайлы әңгімелеп беруін өтіндік. Аружан еріктілікті дамыту үшін, мемлекет тарапынан да үлкен қолдау қажет екенін тілге тиек етті.

— Аружан Бақытжанқызы, волонтерлікпен қай кезден бері айналысасыз? Қандай еріктілер тобының құрамында болдыңыз?

— Алғаш рет волонтер болып 2020 жылы жұмыс істедім. Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сол жылды «Волонтерлік жыл» жариялап, еліміз үшін аса маңызды істерді еріктілермен бірге атқаруға серпін берген болатын. Ол кезде мен оныншы сыныптың оқушысы едім. Мектебімдегі мұғалімдермен ақылдасып, олардың қолдауымен алғаш рет волонтерлік топ аштым. Біздің топқа ең алдымен  мектебіміздің жеті белсенді оқушы қыздары мүше болды. Бастапқы жұмысымызды біз Шардара ауданындағы қарт ата-әжелердің үйін жинастырудан бастадық. Аудандық әкімдіктен жалғыз тұратын қарттардың тізімін алып, ата-әжелерге қысқы отын дайындап, ауласын тазалап, үй шаруашылығына көмектесіп жүрдік. Сол жылы тек біздің еліміз үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін қиындықпен күрескен жыл болды. Әлемнің түкпір-түкпірінде індет дендеп, адамдардың үйінен шығуына тыйым салынды. Біздің елде тәжтажалға қарсы күрес шаралары қолға алынды. Теледидардан індеттің таралуы туралы ақпараттар толассыз беріліп жатты. Сол кезде біздің волонтерлік топ халықтың қауіпсіздігін сақтай отырып, оларға көмектесудің түрлі тәсілдерін ойластыра бастадық. Осылайша волонтерлік жұмысқа білек сыбанып кірістік. Ең алдымен біздің еріктілік ұйымның жұмысы қарапайым халыққа көмектесуден басталды.

— Бүгінге дейін осы волонтерлік аясында қандай іс-шаралар өткіздіңіздер?

Ауданымыздан біздің еріктілерге демеушілер табылып, олар да еріктілікті әрі қарай дамытуымызға үлес қосты. Шардарадағы «Әлихан» сауда орталығының иесі азық-түлікпен көмектесіп, біз ауданымыздағы жағдайы төмен отбасылар мен көп балалы аналарға күнделікті тұтынатын азық-түлік себетін табыс еттік. Ауданымызға титтей де болса үлес қосқанымыз бізге үлкен сенімділік сыйлады. Осындай игі істерден кейін, волонтерлікті одан әрі дамытуымыз керек деп шештік. Ұйымның ең үлкен шарасы — рамазан айында өткізген «Отыз күнгі жақсылық — бір күнде» деп аталатын акция. Біз сол айда жағдайы төмен отыз отбасын азық-түлікпен қамтамасыз еттік. Одан бөлек, Тәуелсіздіктің отыз жылдығына орай, 30 тал егу дәстүріне үн қосып,  ауданымыздағы мешіттің айналасына 30 ағаш отырғыздық. Біздің ауданда жетімдер үйі жоқ. Бірақ біздің еріктілер тобы Леңгір қаласында орналасқан денсаулығында ақауы бар, ата-анасы бас тартқан балаларға арналған интернатқа арнайы бардық. Ол жердегі көмекке мұқтаж балаларға қуаныш сыйлау мақсатында мерекелік концерт ұйымдастырып, арнайы сыйлықтар апарып үлестірдік. Біздің бұл бастамамызға ауданымыздың кәсіпкерлері көмек көрсетті. Бірі баратын көлікпен қамтамасыз етсе, бірі балаларға сыйлық алуымызға қаржы берді. Біз бұл балаларға алғаш барғанымызда ойыншықтар ғана алған болатынбыз, екінші рет барғанымызда әр баланың киімінің өлшемін алып, оларға киім-кешек сатып алдық. Осылайша біздің волонтерлік топ бірнеше рет ата-анасыз қалған балаларға көмектесті. Өздеріңіз білесіздер, карантин кезінде барлық адамның жүріп-тұруына шектеу қойылды. Белгілі бір мамандар мен еріктілерге ғана халыққа көмек көрсетуге рұқсат берілді. Пандемия кезінде біз, волонтерлер науқастарға дәрі-дәрмек жеткізумен айналыстық. Әсіресе, тұрмысы төмен отбасыларға дәрілерді тегін тарату жұмысын жүргіздік. Осы кезде қатарымыз да көбейіп, көптеген жастар ерікті болуға өз еріктерімен келісіп, волонтер жастардың қатары күн сайын артып отырды.

— Ерікті болған кезде өзіңізге ерекше әсер еткен оқиғамен бөліссеңіз. Қандай қызықты сәттерді бастан кешірдіңіз?

— Біздің еріктілердің ұйтқы болуымен жағдайы төмен отбасы үйлі болды. Біз азық-түлік таратып жүрген кезде  жеті баласы бар жалғыз басты ананың суық контейнерді паналап жүргенін көрдік. Міне, осы жәйт жанымызға қатты батты. Әлгі әйелдің мәліметтерін алып, әкімдік қызметкерлеріне жағдайын түсіндірдік. Ол кісіге 2-3 айдың көлемінде әкімдік баспана берді. Осы ай аралығында біз жалғыз басты анаға жылы киімдер мен азық түлік, қыста жағатын отынын жеткізіп, шамамыз келгенше көмектесіп тұрдық. Әкімдік берген үй біраз жөндеуді талап етті. Еріктілер ол кісінің үйін толық жөндеуден өткізіп, ішіне тұрмыстық техника алуына көмектестік. Осындай игі істе бізге аудандағы кәсіпкерлер мен блогерлер көмектескенін айтуымыз керек. Бүгінге дейін ол кісінің жағдайын сұрап тұрамыз.

Ерікті болу, мұқтаж жанға демеу болу екенін сол кезде терең түсіне бастадық. Президентіміз еріктілікке ерекше мән беріп, сол жылы көптеген еріктілер ұйымы құрылды. Күні бүгінге дейін еріктілердің көмегімен қаншама отбасы қуанышқа кенелді. Қазір еліміздің әр түкпірінде аудан, ауыл жастарынан құрылған волонтерлер тобы жемісті жұмыс істеп жатыр. Мен еріктілер тобымның осылайша үлкен істердің ұйтқысы болғанын мақтан етемін. Ерікті болу мен үшін үлкен сабақ болды. Мен әрбір нәрсеге шүкіршілік етуді үйрендім. Олай дейтінім, мен жағдайы жақсы отбасында өстім. Ал ерікті бола жүріп, бір үзім нанға жете алмай отырған отбасыларды көргенде, іштей ой түйдім. Менің кейбір мән бермейтін, үйреншікті деп қабылдайтын нәрселерім, біреулер үшін маңызды екен. Волонтерлік жұмысқа кіріскен сәттен бастап, көп нәрсе үйрендім. Адамдарға азғантай қуаныштың өзі үлкен бақыт сыйлайтынын көрдім. Өмірде мейірімді болу, қайырымдылық көрсету, қол ұшын созудың мән-мағынасын түсіндім. Бұл — менің өмірімдегі үлкен тәжірибе.

 

Шетелде еріктілерге белгілі бір жалақы төленеді. Ал бізде қалай? Ерікті болғаны үшін ақы алуды дұрыс деп санайсыз ба?

Қазір мен Түркия елінде білім алып жатырмын. Мен оқып жатқан университеттің жастары бір-бірімен өте тату. Әсіресе, Түркияда болған жер сілкінісі кезінде олар бір-бірімен тез арада бірігіп, зардап шеккен тұрғындарға көмек беруге ұмтылды. Мен де олармен бірге волонтер болып бардым. Өз еркімен қатарымызға қосылғандардың қатары көп болды. Біздің жұмысымызға ешкім қаржы төлемеді. Түркия жастарымен қосылып, өзге елдердің де жастары белсенділік танытып, күш біріктірді. Соған қарағанда,  барлығы өз еркімен барғандар. Олар өз жұмыстарына ешқандай ақы сұрамады. Асарлату дәстүрі біздің елімізде де бар ғой. Өздеріңіз білесіздер,  Арыста болған жағдайдан кейін ел-жұрт жаппай көмек  қолын созды. Еліміздің түкпір-түкпірінен еріктілер жиналып, барлық жағынан демеу болуға тырысты.

Волонтерлікті жастар арасында танымал ету үшін әлі де не істеуіміз керек? Жас волонтер ретінде өз ойыңызды бөліссеңіз.

Өз ойымды айтатын болсам, еріктілікті  танымал ету үшін, ең алдымен ерікті жастарға қолдау, демеу көп болса деймін. Өйткені біз еріктілікті алғаш рет бастаған жылдары демеушілерді іздеу қиын болды. Көбісі сенбеді. Тіпті «ерікпей сабақтарыңды оқысаңдаршы» деп жауап бергендері де болды. Өйткені ерікті болуды әр адам әрқалай түсінеді. Бірі қоғамға пайдасы бар іс екенін түсінсе, бірі, шыны керек, еріккеннің ермегі деп ойлайды. Сондықтан менің ойым халыққа титтей де болса қамқорлық жасайтын ұйымдарға мемлекет қаржы бөлсе, олардың жұмысы заң жағынан реттелсе, волонтерлердің әрмен қарай жұмыс істеуіне жол ашылар еді. Өйткені көптеген еріктілер ұйымы бір демеушінің көмегімен бірнеше игі іс-шараны өткізе алады. Ал демеуші болмаса ше? Ол ұйым жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады. Әрине, бұл әлеуметтік еріктілікке қатысты ойым. Сондықтан еріктілерге үлкен қолдау керек.

Өз басым болашақта волонтерлік дами түсетініне сенімдімін. Өйткені қазіргі жастар өте белсенді, алғыр. Қатарластарымның ерікті болуға әркез дайын тұратындықтары қуантады. Қазір біздің қыздар жан-жақта білім алып жатқаннан кейін, еріктілер ұйымының жұмысы тоқтап тұр. Болашақта елімізге оралып, еріктілікті жаңа бір деңгейге көтеріп, волонтер жастарды жетелейміз деген ойдамын.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Мақпал Ноғайбаева

 

Бүгін, 10:38
Мақсат Мақтабек: Заң – азаматтардың қорғаны
Бүгін, 10:29
Түркістан: Қоғамдағы қауіпсіздік – тәртіп сақшысының күнделікті жұмысы
07 тамыз, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
07 тамыз, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады