Артықшылығы мол айналма жол

29 мамыр 2023, 0:06

 

2021 жылы іске қосылған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» 

Ұлттық жобасының бір бағыты елдегі көлік байланысын қамтамасыз етуді көздейді.  Онда белгіленген екі міндеттің бірі — ішкі көлік желісін дамыту. Бұл міндет республикалық маңызы бар 11 мың шақырым жолды және 27 мың шақырым жергілікті жол құрылысын жүргізу мен реконструкциялауды қамтиды.

Еліміздегі ішкі көлік желісін дамыту стратегиясындағы басым бағыттың бірі  — Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы (ҮАААЖ). Құрылысы басталады деген хабар шыққалы жұрт аузында БАКАД аталып кеткен магистральдің артықшылығы көп. Ең маңыздысы — жол жүруге кететін уақыт қысқарады. Сәйкесінше, транзиттік жүктерді тасымалдау  шығыны да азаяды. Алдын ала есеп бойынша, айналма жолда тасымалданатын жүк көлемі 2038 жылға қарай 87 пайызға артып, 38 млн тоннаға жетуі тиіс.

«ҮАААЖ Инвестициялар және Операциялар» ЖШС директоры Айман Жанұзақованың айтуынша, жобаның жалпы құны — 743 млн 116 мың доллар. 66 шақырымға созылып жатқан магистральдің 52 шақырымы – алты жолақты, 14 шақырымы – төрт жолақты. Сондай-ақ 6 жол айрығы салынды.

Жуырда Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы биылғы жылдың екінші тоқсанында пайдалануға берілетіні жария етілді. Астандағы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтияр жалпақ жұртқа ақжолтай хабарды жеткізіп, бір елеңдетіп тастады. Әсіресе, соңғы жылдары кептелістен зәрезап болған Алматы тұрғындарының қуанатын жөні бар. Өйткені ҮАААЖ іске қосылғаннан кейін сырттан кіретін көлік саны әжептәуір азаяды.
«ҮАААЖ Инвестициялар және Операциялар» ЖШС пайдалану және техникалық қызмет көрсету бөлімінің басшысы Нұрланбек Өмірбаев айналма жолдың құрылысында жоғары сапалы жабынға қол жеткізу үшін асфальтобетон төсеудің заманауи технологиялары мен тәсілдері қолданылғанын айтты.  «Жол құрылысына жоғарғы сапалы материалдар мен жүк көліктерінің салмағын еш қиындықсыз көтере алатын асфальт жабындылары қолданылды. Бұл автомобильдердің тозуын азайтуға және оларды оңай басқаруға сеп болады», — деді Н.Өмірбаев.

Айта кеткен жөн, жобаны түрік-корей консорциумы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде 2020 жылы іске асыра бастаған. Құрылыс қарқынды жүргізілгендіктен, мерзімінен ерте, биылғы маусымның 15-не пайдалануға берілмек.

Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтияр осыған орай былай деді: «Қазіргі уақытта барлық жұмыстар толығымен аяқталды. Тек ақылы жүйені енгізу қалды. Келісімшарт талаптарына сәйкес, мердігер компания жобаны өзі әзірлеп, салды. Инвестор жұмсаған шығынын ақылы жол арқылы қайтарады. ҮАААЖ-на республикалық бюджеттен қаражат бөлінген жоқ».

ҮАААЖ Алматы облысының Қарасай, Іле және Талғар аудандарындағы 14 елдімекен арқылы өтеді. Қаланы айналып өтетін балама жол пайдалануға берілгеннен кейін ауыр жүк көліктері уақыт үнемдеп, жұмыс тиімділігін арттыра алады.

Мамандардың айтуынша, ҮАААЖ ашылған соң Алматының «өкпесі» тазарып, экологиясы жақсарады. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері»  ұлттық жобасында айтылған халықтың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасау деген, міне, осы.

Мәселен, ресми мәлімет бойынша, Алматы облысының Іле, Талғар, Қарасай аудандарында 300 мыңға жуық көлік тіркелген. Бұлар Үлкен Алматы айналма жолына ойысқанда, шаһар көшелеріндегі көлік саны қалай азаятынын көзіңізге елестете беріңіз. Сондай-ақ бүгінге дейін Жамбыл, Шымкент, Алматы облысынан, сондай-ақ көрші елдерден келетін көлік атаулының бәрі  Алматының іші арқылы жүруге мәжбүр еді. Қорғасқа, одан әрі Қытайға  баратын жүк көліктері де қаланы басып өтетін. Сол жөңкілген мәшинелер айналма жол ашылған соң алып шаһарды айналып өтуге мүмкіндік алады.

 

 

Керек дерек

* ҮАААЖ – Орталық Азияда алғаш рет жүзеге асырылып отырған халықаралық мемлекеттік-жеке меншік жоба

* Еуразия даму банкінің мәліметінше, ҮАААЖ құрылысы кезінде 1500 жұмыс орны құрылды. Жұмысқа тартылғандардың 70 пайызы – жергілікті тұрғындар, негізінен әлеуметтік көмекке мұқтаж жандар. .

* ҮАААЖ стратегиялық маңызы бар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне кіреді. 

ҮАААЖ — Қазақстан тарихындағы ірі инфрақұрылымдық жобаның бірі.  ҮАААЖ Алматы облысының экономикасына серпін беретіні өз алдына. Алдын ала есеп бойынша, облыстың дамуына шамамен 300 млрд теңге инвестиция тартылады.  Сондай-ақ шағын және орта бизнеске мультипликативті әсері болмақ. Жол бойындағы қызмет көрсету, ондағы көлік-логистикалық терминалдардың дамып, өнеркәсіптік кәсіпорындардың нарыққа қолжетімділігі артады. Жаңа жұмыс орындары ашылады.

Сөз соңында айта кетейік, Үлкен Алматы автомобиль айналма жолында сағатына 120 шақырыммен жүруге рұқсат етіледі.  Ақы алудың ашық жүйесі айналма жолға кірер кезде және  шыға берісінде шлагбаум қоюды қажет етпейді.

Наргүл Мырзахмет

 

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?