Арман Қалықов: Шахталар ажал ошағына айналмасын десек, инвесторға икемделген заңнаманы өзгерту керек

28 қазан 2023, 14:20

Шахталар мен кеніштерде бұдан былай жұмысшы өлімін болдырмау үшін кәсіпорынның иесін ауыстыру аздық етеді. Азаматтық, Кәсіпкерлік, Еңбек кодекстерін қайта қарау керек. Парламент Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Арман Қалықов Kazinform тілшісіне берген сұхбатында осындай пікір айтты.

Депутат «Арселор Миттал Теміртау» кәсіпорнымен Үкімет арасындағы инвестициялық әріптестік үзілгеннен кейін бұл орынға ресейлік инвесторлар келуі мүмкін» деген болжамға сенбейтінін айтады.

«Менің ойымша, ондай болжамдар мен байбаламдар негізсіз. Жалпы бұл кәсіпорынды мемлекет меншігіне қайтару керек. Көмір өндірісі ежелден дотациялық сала болып есептеледі. Социалистік меншікті де, капиталистік меншікті де көрдік. Бірақ қай кезде де бұл сала дотациялық болды. Енді сондай дотациялық өндіріске тағы бір жеке меншік компанияны әкелсек не болады? Инвестордың мақсаты – табыс. Ол табыс табу үшін үнемдеуге көшеді. Ал үнемдеудің салдары еңбек қауіпсіздігіне, экологияға кері әсер етуі мүмкін. Мен бүкіл әлемде дотациялық сала болып есептелетін көмір өндірісі Миттал үшін ғана табысты болғанына сенбеймін. Демек, ол еңбек қауіпсіздігі сияқты міндеттерден үнемдеп отырған деген сөз. Ертең орнына басқа бір жеке инвесторды әкелгенде оның да дәл солай етпесіне кім кепіл? Сондықтан бұл орынды Үкімет өз қолына алу керек», — дейді Арман Қалықов.

Әлеуметтік желіде «Арселор Миттал Теміртауға» қарасты шахтада бұған дейін болған апаттарды еске алып жатқандар көп. «Үкімет соңғы апаттан кейін жылдам әрекет етіп, жосықсыз инвестормен байланысты үзіп үлгергенде мұндай қайғылы оқиға қайталанбас еді» деген пікір бар. Мәжіліс депутаты бұл пайыммен ішінара ғана келісіп отыр.

«Арселор Митталдың» соңғы оқиғадан тиісті сабақ алмағанын сенімді түрде айта алам. Ал Үкімет туралы олай айтайын десем, мәселемен шұғылданды ғой. Жосықсыз инвесторға барынша қысым жасап, проблеманы шешудің жолын ұсынып бақты», — дейді ол.

Қазақстан Үкіметі «Арселор Миттал Теміртау» кәсіпорнының түпкі бенефициары, миллиардер Лакшми Митталдың жеке өзін жауапқа тарта ала ма? Депутат бұл сұрақтың жауабын да қысқа қайырды.

«Бұл енді халықаралық күн тәртібіндегі мәселе. Оған менен гөрі Үкімет, оның ішінде Премьер-Министр жақсы жауап бере алады деп ойлаймын. Сондықтан ол жайында пікір білдіргенім артық болады. Мен өзім өндіріс адамымын, тау-кен инженерімін. Сондықтан өзім білетін дүниені ғана айтамын», — дейді Арман Қалықов.

Мәжіліс өкілі қазіргі инвестордың өндіріс ұйымдастырудағы қырсыздығына қарап шахтаны жауып тастауға болмайтынын айтады.

«Бұл жерде 1,5 мың адам жұмыс істейді. Олардың қолына тұтас бір үй қарап отыр. Әр шахтердің отбасында әйелі мен жалғыз баласы бар дегеннің өзінде 5 мың адамды нәпақасыз қалдырамыз. Сондықтан бұл жерде басқаша философия болу керек. Шахтаны жабу емес, ондағы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету деген мәселе қойылу керек. Бізде совет заманынан бері ештеңе өзгерген жоқ қой. Сол технология, сол құрылғылар… Бәрі советтікі. Карьерлер, конвейерлік ленталар, шахтаны тіреу құралдары, бәрі совет технологиясынан қалған. Совет технологиясы мен құралы адамды көп қажет ететін. Инвестор ондай көп адам ұстағысы келмеген соң еңбек қауіпсіздігі екінші кезектегі мәселеге айналып шыға келген жоқ па? Ал бірінші орынға өндіріс пен табыс шықты», — дейді тау-кен маманы.

Сондай-ақ, ол мәселені салдарымен емес себебімен күресу үшін заңнаманы қайта қарау керек деген пайым айтты.

«Азаматтық кодекс, Кәсіпкерлік кодексі, Еңбек кодексі бар. Ондағы құжаттардың бәрін қайта қарау керек. Ондағы баптардың бәрі ірі инвесторларға қолайлы етіп жасалды ғой. Солай емес пе? Шахталар ажал ошағына айналмасын десек, инвесторға икемделген заңнаманы өзгерту керек. Сондықтан мен апат болған өндіріс ошағын Үкімет өз басқаруына алып, заңнаманы еңбек қауіпсіздігін сақтайтындай етіп қатаңдатуды ұсынамын. Мәселені шешімі осында», — дейді Мәжіліс депутаты.

01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді
24 шiлде, 15:23
Түркістан: Басты мақсат-қылмыстың алдын алу