Арқалық Әмәлиятұлы: «Өзімді Оңтүстіктің киелі топырағына қарыздар сезінемін»

17 тамыз 2023, 13:22

 

Бүгінде шекараның арғы бетінде туылса да, өз Отанында білім алып, ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген қандас бауырларымыздың қатары көбейіп келеді. Солардың бірі – Алтайдың арғы бетінен Түркістанға табан тіреген жас та жалынды ақын, білім беру саласының білікті маманы Арқалық Әмәлиятұлы. Бірер ай бұрын киелі шаһарда шаңырақ көтеріп, артынша отбасын Қазақстанға көшіріп алған ол қазіргі уақытта үлкен құлшыныспен еңбек етіп жатыр. Біз жас ақынмен сәтін тауып тілдесіп, оқырманға сұхбатымызды ұсынып отырмыз.

– Арқалық, өзіңмен сұхбат құрғалы жатқаныма қуаныштымын. Алдымен, өзің  жайлы баяндап, оқырманға толыққанды таныстыра кетсең.

– Мен 1998 жылы 10 науырызда ҚХР Еренқабырға дейтін таудың көлеңке бетінде дүниеге келдім. 2016 жылы өзім жалғыз Отанға оралдым. Ондағы мақсатым – қазақ әдебиеті деген мамандықты оқу, арманым – ақын, жазушы болу еді. 18 жасым, Атамекен деп тулаған таза қан, аппақ жүрек (сол кезімді қазір жиі сағынамын.) Одан бері жеті жыл уақыт өтіпті. Бір жылым Шымкент қаласындағы М.Әуезов университетінің дайындық факультетінде оқумен өтті. Төрт жылым – Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи университетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын оқумен өтті. Екі жылым – осы шәрдегі №28 мектеп-лицейінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет етіп келдім. Осы білім жолындағы қызметке ат тізгінін бұрғанымызға да, міне, үшінші жыл басталып жатыр… Сыртқа басқа шығармын, бірақ өзім күн өткен сайын өзімнің қарапайым ғана мүсәпір (араб тілінде жолаушы деген сөз) екенімді танып келемін.

– Арқалық Әмәлият есімі көпшілікке жалынды, мәнді де мағыналы өлеңдерімен танымал. Бұл қасиет кімнен дарыған, поэзияға қалай қадам бастың?

– Сол 18 жасымызда туған жерден алыстатқан да, арман тұлпарына ер-тоқымсыз міндірген де осы өлең мен шығармышылық деген желік еді. Ол кезде кітап шығарсақ — ұлы адамға айналамыз, эфирге, газет беттеріне шықсақ — үлгілі, кіршіксіз жандар қатарынан табыламыз деп ойладық. Білдік пе, шығармашылық дегеннің азап екенін. Тіпті емі жоқ ауру екенін, дертінің өзі бірде жайлы, бірде жайсыз түсініксіз құбылыс екенін… Бірақ мені соған ешкім итермелеген жоқ, жетектеп жүр-жүрлеген адам да болмаған бала кезімде. Тек білетінім – таудағы бастауыш мектебі өкіметтің үкімімен қала шетіндегі ауылға көшірілді. Тауда емін-еркін сайран сап, қытай тілінің өзін қазақша оқып жүрген біз ауыл мектебіне барғанда қазақ әдебиеті деген оқулықтан басқа қазақша оқулық таппадық. Бәрі қытай тілінде болды. 2-сынып оқимыз. Менің сол 2-сыныптан бастап бар уақытым әдебиет, яғни шығарма оқумен өтті. 9-сыныпқа дейінгі әдебиет оқулықтарын туысқан аға-әпкелерімнен сұрап алып, алдын-ала оқып тастайтынмын. Кейін кітапханадағы қазақ тіліндегі кітаптарды оқып тауыстым. Ол кезде қазақша кітап қоры өте мол әрі жүйелі еді. Сол кітаптар мен шығармалар серігім болды, мектептен қайтқанда үйдегі әжеме дауыстап оқып беретінмін. Таудағы үйге барғанда әкем екеуміз бірге оқитынбыз, тіпті кейде оқиғаларын айтып, деректерді жазып-сызып отыратынбыз. Қазір өлеңдерімнің ішінен бір жылы сөз кезіксе, мағыналы ой кездессе, мен сол балалық шағымның бойыма қонған әдеби қоры ғой деп ойлаймын. Ал кімнен дарыды дегенге келсек, атқа мінген қазақтың бір қолында от өрімді намысты қамшысы болса, бір қолында ұлттың дәстүрі, өнері, мәдениетін меңгеріп, бағыт беретін тізгіні болған. Әкем де, анам да өлеңнен алыс емес әулеттің ұрпағы. Заманынан ерте туып, өмір сүргінінде көп болды демесеңіз жарқырап кетер маңдай жұлдыздары сәуле шашып тұр еді… Сол жұлдыздың сынған сәулеге шағылысқан жарығы біздің соры қалыңдау маңдайға да түсіп тұрған болса керек…

– Өзіңнің Алтай асып келгеніңді білеміз. Бірақ қазақылығын жоғалтпаған Оңтүстік сені жылы шыраймен қарсы алған секілді. Бұл жайында не айтасың?

– 2016 жылы Шымкентке келген кезімде тілден, сөз сөйлеуден, былайша айтқанда, өңірлік тіл табысу тұрғысынан қатты қиналдық. Себебі біздің сөзіміз таза қазақтың байырғы сөздерінен тұратын. Ол сөздер бұл жақта архаизм сөздер деп аталады екен. Біздің сөйлегенімізге жергілікті достарымыз күлетін, қалай қазақша сөзді бір-біріне тез-тез әрі қилы-қилы етіп құрастырасыңдар деп… Сол кезде байқағаным, жалпы біздің мемлекетімізде кітап тілі жұтаңдап, көше тілі, сауда тілі, тіршілік тілі ғана қалыпты. Ешкім-ешкімге жанын қинап, терең сөйлеп, мазмұнды нәрсе айтқысы келмейді, бастысы қарсы жақ түсінсе болды, солай көбіктей жеңіл тілдік, сөздік жүйеге ауысып барады екенбіз. Кейін өзіміз де сол жеңіл тілге ауыстық, таксиде, көшеде сол тілді ары-бері безеп кете береміз, салмақ жоқ, құн жоқ, ауаға жұтылған сөздер… Бірақ, Оңтүстік – менің екінші туған жеріме айналды. Осында жанашыр жақындар таптым, дос таптым, адал жар да таптым. Оңтүстігім, қазіргі Түркістаным төбесіне көтеріп, қолына алып еркелетудей еркелетеді. Ақын бала деп, ұстаз деп қолдау көрсетеді. Мен Оңтүстікке ештеңе істеп бере алмасам да, Оңтүстік жұрты бүгінге дейін мені қолдап-қолпаштап келеді, соған ризамын әрі өзімді осы киелі топыраққа қарыздар сезінемін. Кейде оқушыларымды сыртқа ойнатуға, демалысқа алып шығамын. Сонда олардың ата-аналары берген ақшалары жетпей қалады, бала болған соң біреу ананы жейді жолдан, біреу бірдеме алады дегендей. Сондай кезде қалтамнан төлей саламын. Сөйтіп бір екі рет қалтамнан 20 оқушыға төлеп жіберген де кездерім болған ғой. Сол кездерде әріптестерім, кейбір ата-аналарым олай істемеңіз, дұрыс емес дейтін. Сонда ішімнен «осы Оңтүстікке қарызбын ғой, мынау сол мені сыртқа теппеген халықтың баласы ғой» деп ойлап, ішім жылып қалатын…

– Бірнеше күн бұрын жанұяңды түгел Түркістанға көшіріп әкелдің. Қандай сезім болды? Енді қалай өмір сүрмекке бекініп отырсыңдар?

– Иә, жеті жыл дегенде ата-анаммен Алматыда қауышып, інімді бауырыма бастым. Мен кеткенде 10 жасар бала қазір зіңгіттей 17 жасар жігіт болыпты. Ата-анамның сағыныш әжімдері көбейіпті. Уақыттың табы, ұрпағына, Отанына деген сағыныш жастарын көріп жүрегім елжіреді. Түркістан топырағына Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен, Арыстанбаб, Отырар өңірлерінен дұға тілеп бастық. Жұма сайын барып дұға жасап та тұрамыз. Жан тыныштығы, отбасы тыныштығы басымызға енді ғана орнап жатыр. Осының өзі ғұмырнамамыздағы ең бір бақытты күндердің елесіндей көрініп тұр. Ендігі қадам – бүгінге дейін біздің ыстық-суығымызға күйген ата-анамыздың аяқ-қолын жылы суға малып, денсаулықтарына қарап, барынша демалдырып, жағдайларын жасау. Екі қолға бір күрек, өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болдың кебі. Тіршілік өз есебін ажыратар, бастысы – қазір отбасымыз өз бақытын тапқандай. Осының өзі менің жұмысыма, шығармашылығыма үлкен шабыт беріп тұрғандай…

– Мұғалім болып жүріп, шығармашылықпен айналысудың артықшылықтары немесе кемшіліктері бар ма?

– Мұғалімдік дегеннің өзі үлкен шығармашылық қой. Одан да маңыздысы, оқушылардың, балалардың әлемі – бөлек әрі таза әлем. Жан тазалығыңды, ой тазалығыңды сақтап тұрады. Көңілдегі кір мен өмірлік кірпияз жүзің оқушының алдында айпара болып өзіңе көрінеді. Одан сырт, оқыту жүйесі, методикалық жүйе, оқулық мәселесі деген түйіндер де адамға шабыт береді. Бізде әлі бір тұрақты оқу жүйесі қалыптаса алмай келеді. Оған себеп көп, айтпасақ та бәрімізге белгілі нәрсе. Сол мәселенің бәрін ешбір ғалым, академик немесе кәсіпкер шешіп бере алмайды. Соның бәрін мұғалімдер, ұстаздар өздері шешетін, еңбек ететін мәселелер деп ойлаймын. Ол үшін де ең бірінші мұғалімге шығармашылық еркіндік, ой еркіндігі, тіл еркіндігі берілуі керек. Мұғаліммен қоғам, ата-ана және әкімшілік тіл табыса алуы керек. Жылдан жылға оңға басып келе жатқандаймыз. Оның себебі – буын алмасуда, ұрпақ жаңаруда. Сол жаңарудан ұлттық дәстүрімізді, тілімізді қосып жаңартпай, толықтай жаңғыртып алсақ, үлкен олжаға ие боламыз деп ойлаймын. Маған ұстаз деген сөз үлкен ой салады. Ұстаз сөзі екінің біріне айтылмайды, «мен пәлен жерде ұстаздық қзметтемін» деп айтатын әріптестеріміз көп. Ұстаз бірден ұстаз болмайды, ұстазбын деп жүргеннің бәрі жай ғана мұғалім. Ұстаз деген мәртебені тек халық береді. Ал әдебиетшімін, тарихшымын деп айта салатын да әріптестеріміз көп, жоқ, олар тек қана әдебиет пәнінің, тарих пәнінің мұғалімі. Сол саланы зерттесе, монография жазса, зерттеулік жетістіктерге жетсе, сонда ғана олар әдебиетші, тарихшы бола алады. Осының бәрі айналып келіп тілдің, сөздің құнсыздануынан. Сондықтан да, Абайдың Толық адам ілімі деген теориясы секілді әрбір ұстаз ең әуелі өзін толық ұстаз іліміне жетелеуі керек. Сол кезде оқу жүйесі де бір ізге түседі деп ойламйын. Мұғалімге содан асқан шығармашылық жоқ. Ал сіз меңзеген өлеңге келер болсақ, ол – ғайыптың құсындай сана түйсігінен жаңғыра қалатын нәрсе. Кейде тіпті түсіңде жазған шығармаңды ояна салып қағаз бетіне түсіріп аласың. Сол секілді сабақ өтіп тұрып та, бес минутта жазылып, төгіліп түскен өлеңдерім болды. Мен үшін өлең таңғажайып тылсым күш. Қашан саған белгі берсе, сол кезде өзің қағазға түртіп аласың. Ал ізденіс жағынан – осы мектепке жұмысқа кіргеннен бері балалар әдебиеті тақырыбы қатты ойландырып жүр. Оқулықтарда балаларға дөп түсе қалатын өлеңдер өте аз. Сол жағына ішкі дайындығым бар. Бұйыртса, ол дүниелер де уақыт бұйрығымен жазылар… Сондықтан да мұғалім болғалы менің шығармашылық әлемім тіпті де бір орнықтылыққа, жайлылыққа көшкен сияқты. Қашан демейсің, әйтеуір, қағазың алдыңда, қаламың қолыңда.

– Қазақ поэзиясы мен білім беру саласының қазіргі күйі қандай?

– Қазақ поэзиясы қарқынды дамып келеді. Уақыт талабына сай, қоғамдық бет-бейнені де ашық әрі айқын жырлап келеді. Тамыры тереңдегі халықтық поэзия қайсы бағытқа бұрылса да өз арнасынан ауытқымайды, қайта жаңғырып, жандана түседі. Оған лек-легімен поэзия шебіне қосылып жатқан жас ақындар және олардың ғажайып поэзиялары куә. Ал білім беру саласын жаңа да айтып өттім. Мұғалімдер қауымы толық ұстаз іліміне көтерілсе, қоғам мен орта соған мүмкіндік берсе, білім саласында ешбір мәселе болмайды. Қазірге тек үлкен әрі өнімді еңбек керек. Алаш арыстары атылған оқ пен қасындағы жаудың көлеңкесінде отырып білім үшін, ұлт тағдыры үшін еңбек етті. Өзім үнемі сол тұлғалардың өмір жолын есіме алып, өзіме күш-жігер беремін. Барлық әріптестерім сондай болса деп армандаймын, жүрген жерімде айтқан да боламын. Сөз қадірі болса, ой тазалығы болса, барлығы дұрысталар. Бастысы, кері шегініп бара жатқанымыз жоқ. Тек тағы да еңбек, еңбек, еңбек керек…

– Біраз уақыт бұрын баспана конкурсынан да жеңімпаз атандың. Қазір Түркістан облысының жастары үшін баспаналы болу қаншалықты қиын немесе оңай?

– Түркістан қаласында мемлекеттік қызметкер ретінде үй кезекте тұрғаным үшін, жеке қорымда баспананың алдын-ала жарнасы болғаны үшін баспана конкурсынан жеңімпаз атанып, үш бөлмелі үйдің иесі атандым. Кілтін әлі алмады демесеңіз, соның өзі әжептәуір қуаныш. Жалдамалы үй адамның еңсесін басып тұрады ғой, сол еңсемді бір көтергендей болдым. Қазір Түркістан қаласы күн санап көп қабатты үйлермен толығып келеді. Ол үйдің бәрінде халық тұрады, яғни халыққа беріледі. Өз басым тұрғын үйдің мемлекеттік бағдарламаларын насихаттайтындардан қашып жүріп, әрең ұсталып, талай адамдардың ақылымен қор жинақтауға келіскендердің бірі едім. Кім тегін үй бергелі жатыр деп ойлайтынмын. Сөйтсем, қалауын тапсаң қар жанар деген осы екен. Тек өзіміз кішкене жан-жағымызға қарап, бағыт-бағдар дұрыстасақ, ел қатарлы өмір сүру қиын мәселе емес секілді… Үй алғалы бері достарыма сол бағдарламалардың үгіт-насихатшысы болып жүрмін. Басқа қалада бұндай конкурсқа бәсекелестік өте көп. Ал Түркістанда үйдің көптеп салынуы халыққа берілетін мүмкіндікті еселеп тұр. Сондықтан да оң көзқараста болған адамға қазір қаламызда үй алу мүмкіндігі жоғары деп ойлаймын.

– Өңірімізде жастар саясатының жүргізілуіне көңілің тола ма?

— Әрбір жас – жеке тұлға. Қолдау керек, орта керек деп жатады. Өзім түсінбеймін. Ортаны жеке тұлға өзі жасайды. Нақты жеке тұлға бола алсаңыз,  қолдау табу да қиын емес деп ойлаймын. Ағаларымыз арқамыздан қағып шабыттандырып, ел алдында абыройымызды көтеріп, қиын күнімізде көмектесіп тұрады. Содан өткен қолдау бола ма?!

– Арқалық Әмәлият келер шақта кім болуды қалайды және не істегісі келеді?

Толық ұстаз болғым келеді. Сауатты ақын, салиқалы жазушы болғым келеді. Қазір көбігіміз көптеу, жастығымыз басымдау шығар. Жаратқан қуат берсе, балалар әдебиеті, анимациялық әлем дегендерге бойлағым келеді. Тарих саласында да еңбек еткім келеді. Соның бәріне жетер күш-қуат, шабыт, өмір берсін деймін!

– Біршама мәселені қамтыған әңгімеңе рахмет! Арман, мақсатыңа жетуіңе мен де тілектеспін!

 Бауыржан Мейірханұлы,

Түркістан қаласы

07 тамыз, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
07 тамыз, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз