«Серпін» бағдарламасымен оқу бітіргендер терістікте неге тұрақтамайды?!.
Қонысбай Елімов Шағалалы ауыл шаруашылығы колледжін аяқтаған соң облыс орталығының іргесіндегі Краснояр ауылында ірге теуіп, тұрақтап қалды. Түркістан облысынан келген өндірдей жастың солтүстікті жерсініп, тұрақтануына аса көп қиындық туа қойған жоқ. Колледжді аяқтасымен, шаңырақ құрған. Қазір екі баласы бар, ел қатарлы түтін түтетуде. Бір тәуірі, жұмыс іздеп жанын қинаған жоқ. Істеймін деген адамға жұмыс ит-ырғын. Тіпті даланы қойып, қаланың өзі маман механизаторға жарымай отыр. Оның бір себебі, алдыңғы лек механизаторлардың жастары жетіп, зейнетке шығып кеткен. Кейінгі жастар бұл мамандыққа аса көп қызықпайды. Өтпелі кезеңде механизатор мамандығы қадірсіз кәсіпке айналды. Ауылдағы механизаторларға еңбекақысы үшін сабан, жем берілетін. Жалақы көрмегелі неше жыл.
Оның өзінде жұмыс көктемде бір ай, күзде бір ай ғана бар. Қалған уақытта көшеде ит қуып жүреді. Сосын, жан қинамай-ақ, көп ақша қарпығысы келетін жас толқын зейнетінен бейнеті жүз есе артық бұл мамандықты қаперіне де ілген жоқ. Уақыт өте келе техника тілін білетін, тізгіндей алатын маманды күндіз қолыңа шам алып іздесең де таба алмайтын деңгейге жетті.
Енді, міне, Қонысбай тәрізді солтүстіктің көсегесін көгертсем деп, мамандық игеріп, кәсіп меңгерсем деп күн сәулелі өлкеден үдере көшкен жастар жыл сайын мемлекеттік «Серпін» бағдарламасы арқылы білім алуда.
Осыдан алты жыл уақыт бұрын еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Серпін» жобасы бірталай жалындаған жастың білім алуына үлкен сеп болды. Бұл мемлекеттік бағдарламаға қыруар қаржы бөлініп, оңтүстік аймақтардың балалары солтүстік өңірлерге келіп, тегін білім алды. Олардың оқуына толық жағдай жасалды. Осы бағдарлама еліміздің 7 жоғары оқу орнында іске асырылып, солардың бірі – Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті болды. Осы аралықта білім алып шыққан жас мамандар қазір қайда екен? Біздің өңірде тұрақтап қалғандары бар ма?
«Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» мемлекеттік бағдарламасы біршама жастың тегін білім алып, жұмыспен қамтылуына мүмкіндік жасайтын жобалардың бірі. Облыста аталған бағдарлама шеңберінде білім алып жатқан жастарға барлық жағдай жасалған. Дегенмен олар сенімді ақтап жатыр ма?
Біз тілдескен Шымкент өңірінің тумасы Фариза Қадырбекова – «Серпін» бағдарламасы бойынша оқуды биыл бітірген жас түлек. «Киім дизайны» мамандығын меңгеріп шыққан ол қазір жоғары техникалық колледжіне жұмысқа орналасып, педагогикалық еңбек өтілін бастап кетті. Шетелден жеткізілген су жаңа тігін машиналарын меңгеріп, студенттерге киім тігудің жай-жапсарын барынша үйретуде. Өзімен бірге бітірген талай замандас түлектер жұмыс жоқтығын сылтауратып, туған елдеріне, «жылы жаққа қарай ұшып кетіпті». «Ал шындап іздеген жанға жұмыс табу қиын емес» деді әңгіме барысында жас маман.
– «Серпін» бағдарламасымен білім алып, оқуын бітірген группаластарым өздерінің ауылдарына кетті. Олардың өз облыстарына кетуінің басты себебі – жұмыстың жоқтығы. Меніңше, іздеген адамға жұмыс әрқашан табылады. Бойыңда жұмыс істеуге деген ынта-қабілетің болса, «екі қолға бір күрек» дегендей, нан табуға болады. Мен де біраз жүріп, жұмыс іздедім, таптым. Осы колледжде еңбек етуге барлық жағдай жасалған. Олай болса, неге осында қалып жұмыс істемеске?!» – дейді ол.
«Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» деп аталған мемлекеттік бағдарламаның түпкі мақсаты – адам тығыз орналасқан оңтүстік өңірдің азаматтарын солтүстікке қоныстандыру. Сол үшін де серпіндіктер тегін оқытылып, жатақханамен қамтамасыз етілді. Өкініштісі сол, төмен балмен тегін грант ұтып алып, бағдарламаның шарапатын көрген түлектер қайта өз аймақтарына ат басын бұруда. Тұрақтап, қоныс теуіп қалғандары аз. Мәселен, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті соңғы 3 жылда 714 серпіндік түлекке диплом беріпті. Алғашқы түлектердің 90 пайызы, былтыр 60 пайызы, биыл, болжам бойынша, 40 пайызы ғана жұмысқа орналасқан. Оның өзінде жұмыс көзі бұл жақта емес.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті жанындағы жұмысқа орналастыру және мансап орталығының жетекшісі Айжан Тәжмиева: «Биыл «Білім туралы» Заңға арнайы бағдарламамен оқу бітірген түлек үш жыл бойы жіберілген аймақта сынамадан өтуі міндетті» деген өзгерту енгізілді. Біз түлектермен онлайн жиналыс өткізіп, жұмысқа орналасу проблемасына бірге үңілгіміз келді. Бұл жерде алғаш енгізілген сынамадан өту мәселесі талқыланды. Жергілікті кәсіпорындар әрдайым жұмыспен қамтамасыз ете бермейді. Көбінесе, еңбек өтілін талап етеді. Әрі жергілікті атқарушы билік тарапынан да қолдау керек. Себебі басқа өңірдің жастары үшін баспана мәселесін шешудің жолын қарастыру керек», – деп мән-жайды түсіндірді.
«Серпіндіктердің жұмысқа орналасуына осы жолы карантин кедергі болды», – дейді кейбір жауапты мамандар. Одан басқа, отбасын құрып, магистратураға түскендер, әскерге кеткендер тағы бар. Мемлекеттік бағдарламамен оқуға үміт білдірген талапкерлер биыл аз емес.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің проректоры Темірхан Жарқыбеков: «Серпін» бойынша оңтүстіктен келген талапкерлерді оқуға қабылдаушы білім ордалары арасында біз жылда алғашқы орындарды иеленіп келеміз. Былтыр 450 адам қабылдасақ, биыл 266 студент алдық. Осы нәтижемен алғашқы орындамыз», – деп атап өтті.
Жоғары оқу орнынан басқа облыс колледждерінде атаулы бағдарламамен биыл тағы 176 студент бітірген. Оның 89-ы жұмысқа орналасқан, алайда тек 9-ы ғана біздің өңірді тұрақтап қалыпты. «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?» деуші еді. «Серпінмен» келіп, елдің серпініне қарқын қосамын деген жастар неге терістікті тұрақтамай отыр? Неге жұмыс тауып, пәтермен қамтамасыз етіп, жағдай жасап бермейміз?
Байкен КӨБЕЕВ,
Ақмола облысы