Ғарифолла Есім: Қазақ болып өмір сүрсек қана, тәуелсіздікті жоғалтпаймыз

29 желтоқсан 2016, 9:09

Тәуелсіздіктің ең басты жетістіктері қандай? Ширек ғасыр ішінде бізде тәуелсіз сана қалыптасты ма? Қазақтығымызды, азаттығымызды қайтсек мәңгі сақтап қаламыз? Осы маңызды мәселелер төңірегінде ҚР ҰҒА академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есіммен сұхбаттастық.

Профессордың айтуынша, қазақтың бағы да, байлығы да – Тәуелсіздік. Ал осы халқымыз сан ғасырлар армандаған егемендігіміздің басты жетістіктері – еркін ойлау, еркін әрекет жасау мүмкіндігі.

«Тәуелсіздіктің ең басты жетістігі — еркіндік, еркін ойлау, еркін ойлағанда өтірік айтпау, үшінші — еркін іс-қарекет жасау. Мен Тәуелсіздікке дейінгі қоғамда өмір сүрген адаммын. Әр салада қызмет атқардым. Тәуелсіздікке есейіп жеттім. Сол кезге дейін бізде еркін ойлау деген болған жоқ. Ағаларымыздың тоқсан пайызы өтірік айтты. Басылым беттерінде өтірік айтылды. Кітаптарда өтірік сөздер көп болды. Бәрі шектеулі болды. 1986 жылға дейін менің бір мақаламды республикалық басылым шығармады. 39 жасқа дейін бір мақаламды шығара алмадым. Еркіндік болмағандықтан осындай жағдайға тап болдық. Сондықтан тәуелсіздік қажет еді, оны біз аңсап күттік», — деп еске алады ағамыз.

Социалистік қоғам қазаққа көп қасірет әкелді деген нық сенімде Ғарифолла Есім. Кеңес үкіметі халқының қамын күйттеген қазақтың біртуар ұлдарын жазықсыз атты, жазалады. Айналдырған 70 жылда өз тарихымызды, тілімізді, дінімізді, дәстүрімізді, мәдениетімізді ұмыттық.

«Социализм кезінде дін туралы «Құдай деген жоқ, дін апиын» деген бір-ақ сөз болды. Егер сіз дін туралы бір дұрыс сөз айтатын болсаңыз, сіз институтты бітіре алмайсыз. Сізді шығарып жібереді. Ол кезде «Ғылыми атеизм негіздері» деген пән болды. Осы пәнді тапсыра алмасаңыз, сізге диплом бермейді. Атеистік қоғам болды. Ең сорақысы — қайраткерлерімізді атып тастады, түрмеде шірітті. «Халық жауы» деген ұғым болды. Сонда халықтың жауы кім? Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлихан Бөкейхан, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин секілді тұлғаларды халық жауы етті. Мұндай халық жауы деп жала жабылған адамдардың саны 60 мыңнан асты. Социализм кезінде 3-4 млн халқымыздан айырылдық», — дейді академик.

Міне, небір алмағайып заманды бастан өткерген қазақ 1991 жылы қастерлі Тәуелсіздігін алды. Тәуелсіздікпен бірге қазақтың өшкені жанып, өлгені тірілді. Кеңестік үкіметтің зобалаң саясатынан әбден қалжыраған халық кеудесін айқара тыныстады. Содан өз қазағын Президент етіп сайлап, егемен ел ретінде даңғыл даму жолына бер бұрды.

«Тәуелсіз ел болдық. Қазақ Тәуелсіздік не екенін қаны мен жанымен біліп келді. Бұл біздің ата-бабаларымыздың асыл арманы. Бұл жай сөз емес. 1991 жылы 1 желтоқсанда бүкіл халық болып жиналып, өзімізге Президент сайладық. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев болды. Ең таза сайлау сол болды. Бәріміз әбден шаршап қалғанбыз. Колбин деген болды, әбден мазамызды алды. Өзіміздің қазағымыз, өзіміздің ортамыздан шыққан Нұрсұлтан Назарбаев Президент болған кездегі біздің қуанышымызды көрсеңіз! Міне, содан бері 25 жыл өтті. Тәуелсіз Қазақстан ретінде тарихқа ендік», — дейді ел ағасы.

Сөзсіз, Тәуелсіздік жылдары ішінде көп жетістіктерге жеттік. Әр салада қыруар жұмыс атқарылды. Біраз дүниені меңгердік. Кейбір мәселеде үйренетін елден, үйретуші елге де айналдық. Бірақ, профессордың сөзінше, біз бұдан да зор жетістікке жетуіміз мүмкін еді.

«Бүгінгіден де көп жетістіктерге жетуіміз керек еді. 25 жыл аз емес. 1945 жылы дүниежүзі болып Германия, Жапонияны соғыста жеңдік. Империалистік Жапония күйреді, Германия бөлініп кетті. 25 жылдан кейін Германия Еуропаны асырай бастады. 25 жылдан кейін Жапония әлемдегі ең мықты экономикалық елдердің біріне айналды. 25 жыл бір жағынан аз болса, екінші жағынан аз да емес. Демек, 25 жылда неге біз сондай табыстарға жете алмадық деген сұрақ туындайды. Себебі – социализм. Социализмнің тәнімізге, жанымызға сіңіп кеткен әдет-дағдыларынан шыға алмаушылықтан біз біраз мүмкіндігімізді іске асыра алмай қалдық. Мен мұны анық айтамын. Социализмнен тезірек кеткенде, біз де сондай жағдайға жетер едік», — деген сенімде Ғ.Есім.

Ал қоғамдық сана, оның айтуынша, бүгінде ала-құла сипатқа ие. Социализмді аңсайтындар әлі күнге дейін бар. Либералдық көзқарастағы адамдар жеткілікті. Сондай-ақ көп мәселені көтеріп жүрген ұлтшылдардың пікіріне қоғам құлақ асады.

«Өкінішке қарай, либералдық көзқарастағы азаматтар қазір шешуші болмай тұр. Тасада олар. Ресейде либералды жаман адам дегенге айналдырып әкелді. Соның салқыны бізде де бар. Содан кейін бізде ұлтшылдар бар. Ұлтшылдарды мен екі топқа бөлемін. Ұлтшылдықты ту қылып ұстайтын әсіре ұлтшылдар бар. Олар түбінде халыққа пайда әкелмейді. Содан кейін нағыз ұлтшылдар бар, олар негізінен либералдық бағыттағы азаматтар. Қазір осындай азаматтар өсіп келе жатыр. Ұлттық сананың тәуелсіздігін нығайтатын осы ұлтшылдар», — дейді ол.

Тәуелсіздік алсақ та, әлі күнге дейін қоғамның сыздап тұрған бір жарасы – бұл орысшылдық. Оның ықпалы күшті. Дәурені әлі жүріп тұр. Бұдан бөлек, қазір белең алған батысшылдықтан да сақ болу қажет деп санайды ел ағасы.

«Орыстандыру өз нәтижесін берді. Шыршаға бару, жаңа жыл тойлау, арақ ішу, орысша сөйлеуді мән көру, қазақша сөйлегенді төмен деп есептеу — міне орыстандыру саясатының жемісі. Неге екенін білмеймін, бірақ әйелдердің арасында көп кездеседі. Балаларымен орысша сөйлесіп бара жатқанын көп көремін. Әлі күнге дейін қазақ балалары орыс мектептерінде оқиды. Қазақша сөйлегісі келмейтін отбасыларды да көрдім. Билікте отырғандардың ішінде де бар. Екінші бағыт — батыстық. Батыстың ғана құндылықтарын аламыз деген қателік. Әрине, бұл білім, өркениет, технология. Оны алу керек, бірақ білім ретінде ғана бойымызға сіңіреміз, ал ойымызға, санамызға сіңірудің қажеті жоқ».

«Енді тек қазақ болып өмір сүру керек» дейді профессор. Сонда тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз мәңгі болады. Әрі тәуелсіздікті бағалап қана қоймай, егемендікті өз мәнінде түсіну аса маңызды.

«Қазақ болып өмір сүрсек, тәуелсіздік қалады. Ең басты нәрсе –қазақтану, толық қазақ болуымыз керек. Қазақ болып өмір сүрсек, қазақ болып әлемді қабылдасақ, біз тәуелсіздікті жоғалтпаймыз. Ал егер қазақтықтан қашатын болсақ, тәуелсіздіктің мәселесі қиын болады. Тәуелсіздікті бағалап жүрміз. Бірақ оны толық тереңінен түсініп жүрміз деп айта алмаймын. Мен кафедрада мұғалімдерге, әріптестеріме жарты беттік эссе жаздырдым. Сонда аңғарғаным, тәуелсіздікті бағалаймыз. Бірақ соны терең түсіндік пе деген мәселе шыға келді. Тәуелсіздік деген әр адамның бойындағы асыл қасиеттерінің шығуының мүмкіндігі ғой. Егеменді ел болу деген тәуелсіз адамдардың бірігіп, жақсы қоғам құрып, әлемдік мәдениетке шығу деген сөз ғой. Қазақ елі басқа мемлекеттердің соңында қалмай, алдыңғы қатарлы елдермен бір деңгейде өмір сүру деген сөз ғой. Бүгінге дейін Тәуелсіздіктің қызығын көріп келгендер енді оған қызмет етуі керек. Өткенде осыны Елбасы да айтты. Ғасырлар бойы аңсаған азаттығымызды сақтап, нығайту, мәңгі ету өз қолымызда. Осыны ешқашан ұмытпайық!», — деп аяқтады әңгімесін профессор.

 Айымгүл Әбілева
baq.kz
Бүгін, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде