Ардақты ана қамкөңіл қарт

29 наурыз 2016, 13:08

Әсемгүл Сайлыбаева сәні келіскен, салтанаты асқан топқа көзі түскен сайын көкірегі тұз құйып жібергендей ашып кетті. Он сегіз жасында тұрмыс құрған. Арманы асқақ еді. Болашаққа жасаған жоспары да көп болатын. Әттең, дәм-тұздары жараспай ажырасып кетті. Әуел баста жарылқаймын деп уәдені үйіп-төккен Мұхтардан артында бір белгі болып, 1998 жылы дүниеге келген Данелі қалды. Шіркін, өмір-ай! Бала баққанда осылай болсын деп бағып па еді. Көтерсе қолды талдырған, сүйгенде мейір қандырған жеті бірдей баланы желкілдетіп жүріп қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіріп еді. Әрқайсысы мынау жарық дүниенің есігін ашқан сайын әлдебір ғажайып сезімге бөленіп, жүрек шіркін атқақтап кететін. Өмірінің жалғасы осылар емес пе?! Тағдырдан сұраған сыйы да, күткен қуанышы да балалары еді.

І. Ананың көңілі балада
Әсемгүл Тимурқызы халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында «Көкшетау» мәдениет сарайының дәл алдынан өтпесі бар ма? Алау-жалау мерекенің жып-жылы лебі есіп тұр екен. Жанға жайлы музыка ойнайды. Тұс-тұстан сыңғырлаған күлкі төгіліп тұр. Дәп-дәу ақ машинадан түскен, ақ түсті киімді малынып киінген әдемі, аппақ келіншек төңірегіне масайрай қарайды. Есік алдында шамасы мемлекеттік қызметкерлер болар, бір топ жастар сәнді, жақсы киінген келіншектерді көпбалалы аналар деп құрметтеп қарсы алып жатыр екен. Алты баласының кешкі тамағына берер түк болмай қалып, қарыз іздей шыққан Әсемгүл Сайлыбаева сәні келіскен, салтанаты асқан топқа көзі түскен сайын көкірегі тұз құйып жібергендей ашып кетті.
Он сегіз жасында тұрмыс құрған. Арманы асқақ еді. Болашаққа жасаған жоспары да көп болатын. Әттең, дәм-тұздары жараспай ажырасып кетті. Әуел баста жарылқаймын деп уәдені үйіп-төккен Мұхтардан артында бір белгі болып, 1998 жылы дүниеге келген Данелі қалды. Қазір облыс орталығындағы №1 кәсіптік-техникалық колледжде білім алып жатыр. Алғаш рет шаңырақ шайқалғанда қатты өкінген. Мынау жарық дүниенің қызылды-жасылды қызығы, ешбір елеңдетпейтіндей. Тіпті өзін кез келген ортада басы артық заттай сезінетін. Бірақ жастық жеңеді екен. Қайғының қара бұлтын ысырып тастаған жастықтың қуатты қолдары көк аспанның нұрлы бетін сыпыра ашқандай ма, қалай.
Арада біраз уақыт өткен соң екі мыңыншы жылдардың басында тағы да тұрмыс құрды. Өмірге бірінен соң бірі бес бала келді. Әділхан, Әмірхан, Нартай, Аяжан, Ахмадия-Арлан. Қазір үлкені Данель қолғанатқа жарап қалды. Қалғандары әлі кішкентай. Кенжесі Ахмадия-Арлан 2015 жылы дүниеге келген. DSC_4786
Иә, өмір жастық шақта ойлағандай гүл жайнап тұра бермейді екен. Әсемгүлдің сыбағасы солғын тартқандай. Тұрмысқа шыққаннан бері көз жасы бір құрғамай келеді. Соңғы жылдары, тіпті ауыр болып кетті. Алимент төлейтін әке жоқ. Жоқ емес-ау, бар. Бірақ ішімдікке салынып кеткен. Бір рет аузы күйген Әсемгүл шаңырағын шайқалтпай ұстап тұрмақ болып, бар күшін салды. Күн сайын ішіп келіп, ұрып-соғатын күйеуінің қорлығына шыдап бақты. Елдің сөзінен, анасының ренішінен қорықты. Бірақ мың күн сынбаған шөлмек бір күнде сынады екен. Төзімі темірдей болса да ақыр аяғында шарт кетті. Содан бері көрген күні азапқа толы. Әкеден қайыр болмаған соң алты баланы шырылдап жүріп, жалғыз өзі бағып келеді. Кіші балаға 17604 теңге төленеді. Оған қоса, көпбалалы ана ретінде 8204 теңге алады. Баспанасы болмағандықтан, қаланың қиян шетіндегі жазғы үйді (времянканы) 20 000 теңгеге жалдайды, одан қалғаны алты баланың күнделікті ішіп-жеміне. Мектеп жасындағы төрт балаға №11 орта мектептің ұжымы көмектесіп, киім-кешегін тауып береді. Қолына тиын түскен күні ұн, макарондар алып қоюға тырысады. Мың теңгеге құйылған газды өлшеп жағып, екі айға жеткізеді. Әйтеуір, қыстыгүні жазғы үйдің пешіне тамақ істеуге қолайлы. Айтқандайын күн суытқан кезде Әсемгүлдің жүрегі бірге суйды. Өйткені, орта есеппен 50 мың теңгеге отын-көмір алу керек. Жұмыс істемейтін әйелге қарызды кім берсін.
Балалардың жәрдемақысын алудың өзі бір азап. Үш ай сайын құжат толтыру керек. Пәтері жоқ. Әсемгүлдің тұрғылықты тіркелген жерінің анықтамасы да жоқ. Алты баласы төрт жерге тіркелген.
Әсемгүл мереке қарсаңында «Көкшетау» мәдениет сарайында тарту-таралғыға қарық қылып жатқан замандастарына қызыға қарап ұзай берді. Оң қалтасына қолын салып еді, қалтаның бір бұрышында жасырынып қалған бес теңгелік ілікті. Тым болмаса, өзін айналымға келмейтін 16 шаршы метрлік сызды үйдің төрт бұрышында көздері жәудіреп тосып отырған балаларына асығып барады. Құр қол болса да. Жүрек жылуымен жылытпақ.
Өткенде біреу баға алмайтын болсаң, балалар үйіне тапсырмайсың ба, – деп ақыл қосқан. Әлгі сөзді естігенде аза бойы қаза болды. Тас құрсағын кеңіткен, тас емшегін жібіткен құлындарын әйтеуір бір жетілдірер. «Жетім қозы тасбауыр, маңырар да отығар» демей ме. Ертең-ақ азамат болып, өсіп кетсе, ел қатарына қосылар. «Осы қазақ демографияны үдетеміз деп жатыр ғой» деп ойлап қояды Әсемгүл. Менің алты балам қазақтың баласы емес пе екен.
Автобусқа жолақы төлейтін тиыны болмаған соң қаланың қиян шетіндегі кепесіне жаяу тартты. Наурыздың қара суығы тағдырының тәлкегі сияқты етек-жеңін жұлмалап келеді. Қолына бағанағы бес тиындықты қатты қысып ұстап алған.

ІІ. Баланың көңілі далада

– Шіркін, өмір-ай! Бала баққанда осылай болсын деп бағып па еді. Көтерсе қолды талдырған, сүйгенде мейір қандырған жеті бірдей баланы желкілдетіп жүріп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіріп еді. Әрқайсысы мынау жарық дүниенің есігін ашқан сайын әлдебір ғажайып сезімге бөленіп, жүрек шіркін атқақтап кететін. Өмірінің жалғасы осылар емес пе?! Тағдырдан сұраған сыйы да, күткен қуанышы да балалары еді. Аяқтарын апыл-тапыл басқаны, былдырлап сөйлегендері бәрі-бәрі есте. Қолдарынан жетелеп мектепке апарған. Тіпті үстерінен құс ұшырмайтын балажан болды. Балажан болатын реті де бар еді. Өзі бала болып, күле алмады. Екі жасында әкесінен айырылып жетім қалыпты. Аталас ағайыны Көшбайдың шаңырағында өсті. Өзі көре алмаған жақсылықты балалары көрсе екен деп тіледі. Кешегі кеңес заманындағы шаруашылықтың сан саласында жұмыс істеді. Ішкі істер органының қызметкері болды. Комсомол ұйымының хатшысы болғаны да бар. Тіпті бұзау бағуға да арланған емес. Қара жұмыстың қай-қайсысына болсын мәттақым еді. Бәрі балалар үшін, балалардың бақытты болашағы үшін. Жеті перзентін жетектеп жүріп ер жеткізді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Әрқайсысы бір-бір отау. Бірақ сол жеті отауға әйелі өмірден озған жетім шал, 81 жастағы ақсақал Баймұрат Дүйсенов сыймай жүр. DSC_4690
Көкшетау қаласының іргесіндегі бұрынғы Көкшетау ауданына қарасты Абай ауылының тумасы Баймұрат ақсақал бар саналы ғұмырын осы ауданның бірнеше шаруашылығында өткерді. Қазір үлкен ұлы Талғат осы ауданның Викторовка селосында тұрса, екінші ұлы Серік Қызылегіс ауылында тұрады. Үлкен қызы Ботагөз Краснояр селосында дәрігер. Бақыты мен Ләззаты да Зеренді ауданында. Кіші қызы Күлпан Викторовка селолық әкімшілігінде қызметте.
Сексеннен жасы асқанда сергелдең болған Баймұрат ақсақалдың талайлы тағдыры баяғыда осыдан 79 жыл бұрын тартқан жетімдік кейпіне қайта еніп отыр. Басында үй жоқ. Үйі жоқтығын айтып, жазбаған жері жоқ. Не баладан, не биліктен мейірім болмаған соң ұшарын жел, қонарын сай білетін жағдайда. Бір кезде әлпештеп өсірген балалар қарамай кетті. Әлде ат үстінде жүріп, қызмет еткенде тәрбиесінен кемістік жіберіп алды ма, өзі де білмейді. Балаларының көпшілігі аралас некелі. Неміс, орыс, мордва. Содан ба екен деп қояды.
Облыс әкімдігінен бастап, одан жоғарыға да талай хат жазылды. Бәрінен бір өңкей тектес жүрегін темірдей қаритын жауап келіп тұрады. Жүрегін суық темірдей қаритын жауап. Одан негізінен былай делінеді: «Сіз Көкшетау қаласындағы кезекте үш мың бірдеңесінші болып тұрсыз». Әр келген сайын үш мыңның үстіндегі сан да өзгереді. Бір қызығы, біреуінде азайса, біреуінде көбейіп шыға келеді. Көбейген сайын Баймұрат Дүйсеновтің де қан қысымы біресе азайып, біресе көтеріледі. Енді қайтсін, 81-ге келгенде сергелдең болу оңай ма?!

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Ақмола облысы
17 шiлде, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде