Араны ашылғандар

09 сәуiр 2021, 11:32

«Жеп қойыпты, пара сұрапты, сыбайлас болыпты, қомақты ақшамен ұсталыпты» деген сөздерге құлақ үйренгелі қашан? Тіпті мән бермейтін болдық. Бірақ бұл дұрыс емес. Қоғам сондай ашкөздерге немқұрайды қараған сайын, олардың араны ашылып бара жатқандай. Күн сайын бір парақор ұсталып, апта сайын миллиондаған теңге із-түссіз жоғалып жатыр. Арыға бармай-ақ, өткен аптадағы оқиғаны айтайық.

Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары 869 млн теңгені ысырап қылыпты. 869 мың емес, 869 млн теңге! Есепшотқа салып көрдік. Елордадағы қарапайым 40-45 пәтердің құны. Атам қазақ пәтер түгілі, бір шолақ ат ұрлап ұсталған сумақайға ат-шапан айып төлетіп, жұрттың алдында қарабет қылып, қайтып мұндай қылмысқа бармайтындай масқаралаған. Ал қазір шолақ атты місе тұтпайды…

Білімге бөлінген ақшаға түскен ұрыны сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов растады. О.Бектенов: «Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары жабдық сатып алу кезінде заң бұзушылыққа жол бергенін растай аламын. Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу тіркелді. Бағаны заңсыз шарықтатып жіберген. Тиісті сараптамалық қорытынды бар», – деді. Оның айтуынша, күдіктінің есім-сойы Дулат Шоғанбай екен. Өзі жап-жас жігіт көрінеді.

Ал «Бағаны шарықтатып жіберген» дегенді қалай түсінесіздер? Нұр-Сұлтан қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің жетекшісі Ақмарал Олжабаева «Компьютерлер мен ноутбуктердің баға түзіліміне қатысты заң бұзушылық анықталмады» деп ақтапты. Демек күдіктіге тағылған айып – сапасыз ноутбук пен арзан компьютер сатып алып, оған аспандатып баға қойғаны болды ғой. Бірақ А.Олжабаева сөзінен танбайды: «Білім басқармасы басшысының орынбасары Дулат Шоғанбай жұмыс орнында. Оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі тіркелді. Алайда қаржы министрлігі ішкі мемлекеттік аудит департаменті және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің 2021 жылғы 15 наурыздағы аудиторлық есебі бойынша компьютерлер мен ноутбуктердің баға түзіліміне қатысты заң бұзушылық, сондай-ақ сыбайластық әрекет те анықталмады». Оның күдіктіні қорғағаны күдік тудырмай ма? Оның үстіне, бір жылдан бері мектеп бетін көрмей онлайн оқып, сабағы нашарлап кеткен оқушыға бөлінген ноутбук пен компьютерді «талан-таражыға» салу, бағасын шарықтату деген – «жығылған үстіне жұдырық» болмай ма?

Білім саласына бөлінген бюджет қаржысын талан-таражға салған тағы 5 аймақ анықталып отыр. Соның бірі – Солтүстік Қазақстан облысының білім бөлімі. Олар кедей отбасындағы балаларға көмек ретінде үкімет есебінен сатып алынған ноутбуктерді ұрлапты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаров «Олар пандемия кезінде аз қамтылған отбасынан шыққан аудан мектептерінің оқушылары үшін үкіметтің шұғыл шығындарға арналған қаражаты есебінен білім басқармасы сатып алған ноутбуктердің бір бөлігін ұрлады деген күдікке ілінді», – деп хабарлады. Оның айтуынша, мемлекетке келтірілген шығын 12 миллион теңгеден асқан.

Енді қалғаны кедей-кепшіктің несібесін жеу еді…

Жарас КЕМЕЛЖАН

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?