Қазіргі таңда Түркістандағы Психологиялық қолдау орталығына жүгінушілер саны артып отыр. Өткен жылдың екінші жартысында ашылған орталық азғантай уақыт ішінде 100-ден астам адамға жеке және топтық көмек көрсетті. Орталық мамандары балалар мен жасөспірімдер арасындағы күйзеліс, буллинг және өзін-өзі тану мәселелері бойынша тиімді психологиялық әдістерді қолдануда. Түркістандағы Психологиялық қолдау орталығының директоры Оразкүл Қолдасовамен сұхбатымыз осы бағытта өрбіді.
— Психологиялық қолдау орталығы қашан және қандай мақсатта құрылды? Психологиялық қолдау орталығы қашан және қандай мақсатта құрылды? Қандай категориядағы адамдарға қызмет көрсетіледі (балалар, жастар, отбасылар, т.б.)?
— Психологиялық қолдау орталығы білім алушылардың, педагогтердің және ата-аналардың психологиялық салауаттылығын арттыруға және психикалық денсаулықты сақтауға бағытталған мекеме. Орталықтың мақсаты — психологиялық қызметті ұйымдастырып, жүйелі көмек көрсету. Негізгі міндеттердің бірі білім беру процесіне қатысушыларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету және оның сапасын арттыру. Сондай-ақ білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің тиімділігін бағалап, мониторинг пен талдау жүргізу де маңызды бағыттардың қатарында саналады. Психологиялық қолдау орталығы педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтерді аттестаттауға әдістемелік қолдау көрсетеді. Жоғары оқу орындарымен байланыс орнатып, тәжірибе алмасу және мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыру жұмыстары жүргізіледі. Супервизиялар өткізу арқылы мамандардың кәсіби өсуіне жағдай жасалады. Балалардың психологиялық жағдайын қамтамасыз ету мақсатында ведомствоішілік және ведомствоаралық серіктестік орнатылады. Шағымдар мен дағдарыстық жағдайларға шұғыл жауап беру орталығымыздың басты міндеттерінің бірі. Сонымен қатар, үкіметтік емес ұйымдармен, кәсіпкерлермен және халықаралық серіктестермен бірлесіп жобалар жүзеге асырылады.
— Орталықта қандай мамандар жұмыс істейді? Психологтардың тәжірибесі мен әдістері туралы айтып өтсеңіз.
— Біздің орталықта білікті психолог мамандар жұмыс істейді. Орталығымызда 6 магистр, 10 бакалавр қызмет атқарады. Біліктілік бойынша 3 зерттеуші, 3 сарапшы, 5 модератор бар. Мекемеміздің психологтары жеке және топтық кеңес беру, түзету-дамыту жұмыстары, тренингтер мен семинарлар өткізу арқылы қызмет көрсетеді. Олар арт-терапия, ойын терапиясы, МАК-терапия, гештальт-терапия және басқа да заманауи әдістерді қолданады.
— Қазіргі уақытта қанша адам орталықтан көмек алды? Ең жиі кездесетін мәселелер қандай?
— Қазіргі уақытта Түркістандағы психологиялық қолдау орталығынан көмек алғандар саны артып келеді. Жеке психологиялық кеңеске жүгінген адамдардың саны 65-ке жетті. Бұл азаматтар көбіне мазасыздық, күйзеліс буллинг және жеке тұлғалық дағдарыс сияқты мәселелермен келген. Жеке консультация барысында әр адаммен терең жұмыс жүргізіліп, жеке ерекшеліктеріне сай әдістер қолданылды. Сонымен қатар, орталықта 50 адамға арналған топтық жұмыс ұйымдастырылды. Бұл топтық кездесулер психологиялық қолдау сессиялары және түзету-дамыту жаттығулары форматында өтті. Топтық жұмыс барысында қарым-қатынас орнату, өзін-өзі тану, эмоцияны басқару және өмірлік дағдыларды дамыту тақырыптары қамтылды.
Жалпы алғанда, орталыққа жүгінушілер арасында ең жиі кездесетін мәселелер – күйзеліс, буллинг, баламен байланысты қиындықтар және мамандық таңдаудағы қиындықтар. Бұл көрсеткіштер өңір тұрғындарының психологиялық қолдауға деген сұранысы бар екенін және орталықтың атқарып жатқан жұмысы өзекті әрі қажетті екенін көрсетеді.
— Балалар арасында психологиялық көмекке жүгінуге әлі де ұялатындар бар. Бұл турады пікіріңіз қандай?
— Иә, келісемін, балалар арасында жиі кездесетін құбылыс. Балалар арасында психологиялық көмекке жүгінуге ұялу — табиғи жағдай. Бірақ мен оларға мынаны айтқым келеді: психологқа бару – әлсіздік емес, керісінше, мықты қадам. Адам өзінің ішкі күйін түсініп, оны ретке келтіргісі келгенде көмек сұрауы батылдықтың белгісі дер едім.
Психолог сенің сырласың сияқты: ешкімге айтылмайтын құпиялар мен уайымдарыңды емін-еркін бөлісуге болатын қауіпсіз адам. Сен не сезінсең де, ол ашу, мұң, қорқыныш немесе шаттық болсын, бәрін айтуға болады. Психолог саған ақыл үйретпейді, жазаламайды, керісінше, сені тыңдап, ішкі күшіңді табуға көмектеседі. Сондықтан, егер ішіңде бір нәрсе мазалап жүрсе, үнсіз қалмай, уақытылы сапалы көмек ал дейміз. Уайымыңды өзіңмен бірге алып жүру өте қиын. Ал бөліскенде жеңілдеп, шешім табуға жол ашылады.
— Келешекте қандай жобалар, жоспарлар бар?
— Болашақта біздің орталық бірнеше маңызды жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Атап өтетін болсақ, жалпы білім беру ұйымдарында ортақ жұмыс жоспар жасау, психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі мамандарының жұмыс алгоритмін енгізу, қиын жағдайдағы оқушылармен жұмыс жүргізу мақсатында «Кейс менеджмент» тәсілін енгізу және білім алушылардың, мұғалімдердің және ата-аналардың психологиялық мәдениетін көтеру, сауаттылықты арттыру, түрлі қауіптің алдын алу, сенімді қарым-қатынас орнату мақсатында ағарту жұмыстарын күшейтуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда Түркістанның білім беру саласына заманауи цифрлық технологияларды енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде педагог-психологтардың жұмысын толықтай цифрлық форматқа көшіру жоспарланып отыр. Бұл бағыт диагностикалық құралдарды онлайн форматта қолдануға мүмкіндік беріп, қағазбастылықты азайтып қана қоймай, «тәуекел тобындағы» оқушыларды автоматты түрде анықтау процесін айтарлықтай жеңілдетеді. Жүйе арқылы әр мектептің, соның ішінде шалғай ауылдарда орналасқан білім беру ұйымдарының да оқушыларының психоэмоционалдық жағдайын нақты уақыт режимінде бақылауға болады.
Мысалы, Қазығұрт ауданы мен Арыс қаласында We Global AI платформасы сәтті іске қосылып, тәуекел тобындағы оқушыларды анықтау мен оларға уақытылы көмек көрсету жұмыстары жақсы нәтиже көрсетуде. Мұндай автоматтандырылған жүйелер мектеп психологтарының жұмысын тиімді етіп, нақты әрі жедел шешім қабылдауға жағдай жасайды. Бұл бастама тек ірі елді мекендермен шектелмей, шалғай ауылдардағы балалардың да психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Алдағы уақытта бұл платформа облыстың барлық мектептеріне кезең-кезеңімен енгізіледі деп күтілуде. Ауылдық жерлердегі интернет пен техникалық мүмкіндіктерді жақсарту арқылы цифрлық психологиялық қызметтің шалғайдағы оқушылар үшін де қолжетімді болуына басымдық беріледі. Осылайша, Түркістан қаласы мен өңіріндегі әрбір бала қай жерде өмір сүрсе де бірдей сапада психологиялық қолдауға ие болады деген сенім бар.
Түркістанда құрылған Психологиялық қолдау орталығы -өңір тұрғындарының психологиялық саулығына бағытталған маңызды қадам. Балалар мен жастардың ішкі жан дүниесіне терең үңіліп, уақтылы көмек көрсету тек жеке адам үшін емес, тұтас қоғамның денсаулығы үшін қажет іс. Заманауи терапия әдістерін меңгерген кәсіби мамандардың жұмысын цифрлық жүйемен ұштастыру қызметтің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, оның тиімділігін де жаңа деңгейге көтереді. Алдағы уақытта орталық жұмысының ауқымы кеңейіп, шалғай ауылдағы оқушыларға дейін жететіндігі аймақтың психологиялық қауіпсіздік саласына деген жауапкершілігін көрсетеді.
Әлия Білдебекова,
Түркістан қаласы