Отыз жылдың ішінде бүтіндей алмай келе жатқан «бір кем дүниеміз» – ескі мектептердің жаңарып, жаңғырмауы. Түнеу күні оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов елімізде 710 мектептің апаттық жағдайда тұрғанын айтты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін елдегі апаттық жағдайда тұрған мектептердің орнына жаңа оқу ошағын салуды Үкіметке тапсырды. Қазір қоғамда Президент бастамасымен іске асырылатын «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы көптің қызу талқысында жүр.
Жайлы мектеп – қандай мектеп?
Ұлттық жоба да өзге бағдарламалар секілді соңы сұйылып, жемқорлықтың жұтқыншағынан жұтылып кетпесе, елімізде заманауи үлгідегі 800-ге тарта жаңа мектеп бой көтеруі тиіс. Отыз жылдың ішінде мектеп салуға 100 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінсе, енді осы ұлттық жобаны жүзеге асыруға 2 триллион 600 миллиард теңге жұмсалмақ. Бұл қаржының басым бөлігі республикалық бюджеттің есебінен, қалғаны Ұлттық қордан бөлінеді. Сонымен қатар елден қаржы жымқырып, қазынадан қағып кеткен байлығын шетке жасырып, шетел асырғандардан қайтарылған миллиардтар да «Жайлы мектепті» жүзеге асыруға жұмсалады деп жатыр. Оны енді уақыт көрсетеді. Расында да, сол қаржыны шашау шығармай білім ошағын салуға жұмсаса, талай мектепті жаңартып алуға болады.
Ұлттық жоба келесі жылдан бастау алады. Мектеп құрылысына 2023 жылы 499,9 миллиард теңге, арғы жылы 1 триллион 38,3 миллиард жұмсалады, 2025 жылы 1 триллион 68,2 миллиардқа заманауи үлгідегі мектептер бой көтеруі тиіс. Алдағы үш жылға Ұлттық қордан 646,5 миллиард бөлінеді, қалған 1,9 триллион теңге республикалық бюджет есебінен. Жемқорлардың жұтқыншағынан өтіп кеткен қаржы да осы жобаға жұмсалады дедік қой. Бұл жайында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов: «Президенттің тапсырмасы бойынша жемқорлардан мемлекетке қайтарылған қаражат мектептер салуға және білім ошақтарына қажетті қосымша құрылыстарды жүргізуге бағытталады», – деді.
Жұртшылықтың талқысына ұсынылған «Жайлы мектеп» пилоттық жобасының атауына қатысты кейбір сарапшылар «жайлылық» дегенді сәнді құрылыспен ғана шектеп, бағалауға болмайды деп отыр. Жайлы мектеп дегенде баланың өміріне қауіпсіз, қай қиырдан қарасаңыз да, камера қылт еткенді көз алдыңызға әкелетін бақылау орнату, оқу сапасының жоғары болуына баса мән беру де маңызды болмақ. Одан да маңызды мәселе, ақпараттық қоғамның талабы – ғаламтордың жылдамдығы һәм толықтай қамтылуы. Өкініштісі сол, елімізде ғаламтор жетпеген жұрт әлі де бар. Әрине, заманауи үлгідегі мектептің жарқырап сән-салтанаты келісіп тұрғаны көңілге үлкен медеу, жанға демеу. Дегенмен де жайлылықты тек материалдық құндылықпен өлшеуге әсте болмайды. Жарқыраған жаңа мектептегі ең негізгі басымдық, басты құндылық – білім сапасының жоғары болуы шарт. Сонда ғана ұлттық жобаның өтелгені, өзін-өзі ақтағаны деп айтуға болады.
Бас ұстаз Асхат Аймағамбетов «Жайлы мектеп» толыққанды жүзеге асса, елімізде 800 мың балаға арналған жаңа мектептер бой көтеретінін айтып сүйіншіледі. «Ұлттық жоба жүзеге асатын болса, үш жылдың ішінде үш ауысымдық және апаттық деп танылған мектептердің мәселесі толығымен шешіледі. Жаңа мектептердің құрылысы мен жарақтандыру жағына ең жоғарғы технология заманауи бірыңғай стандарттарымен қолданылады. 2023 жылдан бастап елімізде мектеп салудың қарқыны бұрын-соңды болмаған деңгейде іске асады. Бір Алматы қаласында келесі жылы 20 мектептің құрылысын бастауды қолға аламыз. 2024 жылы жаңадан салынған мектептерде 80 мың оқушы білім алады. Осылайша үш ауысымдық оқу мен апаттық мектептер мәселесі шешіледі», – деді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы тұрақты жұмыс орындарының ашылуына да орасан серпін берері сөзсіз. Ең алдымен, педагог мамандар, техникалық қызметкерлерге тұрақты жұмыс табылады.
Алматыдағы көне мектеп
Біз өз тарапымыздан еліміздің бірнеше өңіріндегі апаттық мектептердің қазіргі жай-күйін зерттеп көрдік. Алдымен назарымыз Алматыға ауды. Биылғы жаңа оқу жылында шаһарда 301 мектепте алғашқы қоңырау соғылып, 290 мыңнан астам оқушы біліммен қауышты. Сол 301 мектептің 196-ында үш ауысымдық жүйемен оқытып отыр. Тіпті кейбір мектептерде бір сыныпта 45 оқушыдан отырып, білім алуға мәжбүр. Қала басшылығы бұл мәселелер, әсіресе, үш ауысыммен оқу жүйесі алдағы жылдары түпкілікті шешіледі деп сендірді. Келмеске кеткен кеңестік дәуірден бері үш ауысымдық оқу жүйесінен, мектептердегі орын тапшылығынан арыла алмай келеміз. Алматы қаласындағы 301 мектептің ішінде апаттық жағдайда тұрған бір ғана білім ошағы бар. Бұл – ресми мекеменің жауабы. Алматының білім басқармасына хабарласып, апаттық жағдайда тұрған бір мектептің мән-жайын білдік. Осыдан 83 жыл бұрын, яғни 1939 жылы теміржолшылардың балалары оқитын білім ошағы болып ашылған бұрынғы №23, қазіргі №59 мектеп-гимназияда әлі де «оқып жүр талай қазақ баласы». Сексен жылдан астам уақыт оқушы қабылдап келе жатқан көне ғимараттағы білім ошағының басшысымен тілдестік. Мектеп директоры Айжан Тойбекова: «Негізі біздің мектебімізді апаттық деп танып, былтырғы жылы жапсарлас оқу ғимаратының құрылысы басталуы керек еді. Енді сол шаруаны жүзеге асырмақ. Мектебіміздің сейсмикалық шыдамдылығын байқайды, басқа да стандартқа сай келетін корпусы сақталып қалады да, іргетасы шөгіп, қабырғасы сетінеген бұрынғы теміржолшылардың балаларына асхана болған орын, қазіргі спортзал сүріліп, орнына жаңа ғимарат бой көтереді», – дейді. Мектеп басшысы аралап жүріп, білім ошағының қазіргі жайын көрсетті. Расында да, сексен жылдан бері темірдің де, бетонның да, ағаштың да сыр беруі, мерзім-мезеті жетуі – заңдылық. Мәңгі ештеңе жоқ. Кітап қоймасы болған бөлменің төбесі жарылып кетіпті. Еденнің кей тұсы көтеріліп тұр. Директор айтқандай, бұрынғы интернаттың жатағы болған корпустың іргетасы жылдан-жылға шөгіп, аласарып кеткен. Соның кесірінен сырттан аққан жаңбыр мен қар суы қабырғаға сіңіп, мектеп ішінде жүргізілген күрделі жөндеу жұмысын зая кетіретін көрінеді. Сырттан сіңген дымқыл қабырғаны көгерткен соң, іштегі сылақты көтеріп жіберетіні белгілі. Ғасырға жуық уақыт оқушыларға білім нәрін беріп келе жатқан №59 мектеп-гимназияның оқу сапасы да Түркісіб ауданындағы өзге мектептермен шендестіргенде әлдеқайда жоғары, оқ бойы озық тұр екен. «Біздің оқушыларымыздың білім деңгейі, оқу сапасын жақсарту жайындағы көрсеткіші ауданымыздағы өзге мектептермен салыстырғанда көш ілгері. Педагог мамандардың біліктілігі, олардың дайындаған шәкірттерінің білім сайыстарындағы шыққан биігі де жоғары. Содан да шығар, біздің білім ошағында оқығысы келетін оқушылар, баласын гимназияда оқыса деп келетін ата-ана да өте көп. Мектебімізге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, реконструкциялық құрылыспен қамтылып, қосымша оқу корпустары соғылып, жаңа мектебімізге көшуді бәріміз де армандап, орасан үмітпен күтіп жүрміз. Мені осы білім ошағына директор етіп тағайындаған соң шатырынан су өткенін аудандық білім бөліміне жазып, көне шатырын ауыстырттық. Содан кейін судың сорғалауы сап тыйылды. Енді мектебімізді жаңартып, жаңғыртып берсе, бәріміз үшін үлкен демеу болар еді. Құрылыс жұмыстары басталатын болса, біз көрші қоныстанған мектепке көшуге дайын отырмыз. Екі тараптан келісім жасалып, заттарымызды да шетінен жөнелтіп, жинастырып қойдық. Енді тек көшуге рұқсат етіп, мектебіміздің жөндеу жұмыстары басталса», – дейді мектеп директоры Айжан Тойбекова.
Сексен үш жылдан бері қаншама шәкірттерді шыңдап, білім нәрімен сусындатқан мектептен түлеген түлектердің ішінде кімдер жоқ. Барлық саланың белді өкілдері атанған мамандардың арасында осы №59 мектеп-гимназиядан қанат қаққандары да жетерлік. Мәселен, тәуелсіз Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылуына тікелей ұйтқы болып, өзі алғашқы төрағасы болған, қорғаныс саласына үлкен реформа әкелген кадр, Қазақстан Президенті күзетін басқарған генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев та, міне, осы мектептің түлегі екен.
Теміржолшылардың балаларына білім беретін мектеп болып ашылып, сексен жылдан бері шәкірт түлетіп келе жатқан білім ошағына реконструкциялық жұмыс жүргізу қамында жобалық-сметалық құжаты да, жаңа білім ошағының эскиздік сызбасы да әзірленіпті. Енді тек қаражат бөлініп, құрылысқа жан бітсе болғаны. Мектеп ұжымының да, 1300 оқушының да күтіп жүргені осы.
Саманнан салынған да мектеп бар
Сіз елу жылдан бері оқушылары спортзал көрмеген ауылды білесіз бе? Өкінішке қарай, қиыр жайлап, шет қонған өркениеттің өртеңіне толыққанды іліге алмай келе жатқан ауылдарда мұндай мектеп бар. Мысал десеңіз айтайық, Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданына қарайтын Жолнұсқау мектебі 1971 жылы саманнан салынған. Иә, балықшылар асарлатып, ұжымдасып жүріп салған білім ошағы 50 жылдан бері спортзалсыз-ақ оқушы өсіріп келеді. Жолнұсқау мектебінің директоры Болат Игібаевқа қоңырау шалып, мән-жайды сұрап-білдік.
«Былтыр мектебіміздің құрылғанына 50 жыл толуына орай түлектерді қауымдастырып, кездесу өткіздік. Жолнұсқау мектебінен білім алған шәкірттер алтын ұясына тартуын жасап, оқу партасын, басқа да қажеттіліктерді алып берген еді. Мектебіміздің саманнан салынғаны рас, елу жылдан асқаны да шындық. Биылғы жылдың көктемінен бері қарай мердігер компания шағын құрылымдалған, яғни елу балаға арналған мектептің құрылысын бастап, ақырына жетіп қалды. Қазір спортзалдың еденіне төсеніш төсеу секілді аздаған жұмыстары тұр. Ескі мектебіміздің іргетасы құйылмай, тасты қалап, соның үстінен саманды өргендіктен жел мүжіген қабырғалары қақырап, іргесі сөгіліп тұр. Жаңа мектепке жаңа жылға дейін көшсек, әрине, жақсы болар еді. Оқушыларымыз қыстың күндері денешынықтыру сабағында коньки тебеді, доп қуады. Боран тұрып, қар жауған жайсыз күндері мектеп ішінде дойбы, шахмат ойнайды. Біз үшін осы денешынықтыру пәнін өткізу спортзалдың жоқтығынан қиындық тудырып келеді. Жаңа білім ошағына көшсек, барлық қолайсыздық артта қалар еді. Мектебіміз саманнан салынып, сапасы сын көтермегенімен де оқушыларымыздың зейіні зерек, ұстаздарымыздың өресі биік. Жетістіктерімізбен мақтана аламыз. Жолнұсқау мектебі 9-сыныпқа дейін оқытады. Біздің түлектеріміздің арасынан ел жаңаратын елу жылдың ішінде ғылым докторы да шықты, басқа да майталман мамандар бар», – дейді директор Болат Игібаев.
Тозығы жеткен мектеп дегеннен шығады, Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданында да апаттық жағдайда тұрған бірнеше білім ошағы бар. Соның ішінде Сарықұдық орта мектебінің қазіргі жай-күйі сарыуайымға салғаны жасырын емес. Қабырғалары қақырап, кей тұсының төбесі опырылып түсіп те кеткен екен. Мектеп басшысы Зәмзәгүл Сағындыққызы жарылған қабырғаларға тіреу қойып, қолдан келер амал жасап жүргенін айтады. 1977 жылы салынған мектепке ешқандай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмепті. 2018 жылы көктемгі тоқсандық демалыс кезінде мектеп корпусының бір бөлігі опырылып құлаған екен. Содан кейін қимылдаған шенділер жаңа мектептің құрылысын бастап алып, төрт жылдан бері аяқтай алмай келе жатқан көрінеді.
Біз тізбелеген мектептер апаттық жағдайда тұрған 710 білім ошағының бір парасы ғана. Сейсмикалық қауіптілігі жоғары, басқа да мектептердің басында да осы кеп екені айдан анық. Елімізде алдағы үш жылда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы арқылы ауылдық жерлерге де қаланың озық үлгісіндегі мектептерді саламыз деп қуанып отырмыз. Келер жылдың 1 қаңтарынан іске асатын жоба аясында апаттық мектептердің ахуалы алдымен реттелгені дұрыс-ақ. Ғаламтормен қамту, инновацияға икемдеу де тың идея. Алайда апаттық мектептердің жайын алдымен жөнге келтірмей болмайды. Беті аулақ, осыдан төрт жыл бұрын Сарықұдықта төбесі опырылған мектептегі келеңсіз жайттың басқа білім ошақтарында қайталанбауына ешкім кепілдік бере алмайды.
Қуаныш Рахмет