Соңғы уақыттары Шымкенттің мәдени көкжиегінде бұрын-соңды болмаған ерекше оқиғалар мен тосын құбылыстар орын алып жатқанын байқау қиын емес. Ел арасында «Шымкент – әртістерден шенеунік шығаратын қала» деген сөз де таралды. Олай дейтіні, былтыр желтоқсан айының соңғы он күндігінде жұрт «Түркістан сарайы» деп атайтын «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымына белгілі әнші Сәкен Майғазиев басшы болып келді.
Одан соң Шымкент қалалық опера және балет театрына Еуропа сахнасында сопрано дауыспен танылған үздік әнші, Париждегі «Grand Opera» сахнасында ән шырқаған жалғыз қазақ, аты аңызға айналған Пласидо Домингодан бата алған өнерпаз, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы директордың міндетін атқарушы боп келді. Әлемдік деңгейдегі әйгілі әншінің қадамына таңданып һәм тамсанып жүргенде Шымкентке тағы бір жұлдыз топ етіп, елді елеңдетті. Қалалық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары қызметіне әнші, Қазақстан Жастар одағының «Серпер» сыйлығының иегері Ақбота Керімбекованың тағайындалуы да – шымкенттіктер үшін күтпеген жаңалық.
Міне, осындай елеулі өзгерістер орын алған мәдениет саласында Сәкен Майғазиев эстрада, дәстүрлі әншілер мен оркестр ұжымы, би ансамбльдерінің кәсіби тыңдалымын өткізді. Әуелгіде «әншілерде аттестация бола ма?» деп абдырап қалғанымызды жасырмаймыз. Әдетте аттестация дегенді үш ай бұрын хабарлап, сосын барып өткізуші еді. «Мәдениет үйіндегілер қайтті екен?» деп екіұдай күй кештік. Сөйтсек, бұл аттестация емес, сол емтихан алдындағы кәсіби тыңдалым екен. Бұл туралы «Шымкент қалалық мәдениет үйі» директорының міндетін атқарушы Сәкен Қордабайұлы БАҚ өкілдеріне берген баспасөз жиынында айтып берді. Кәсіби тыңдалым барысында елімізге белгілі, кәсіби өнер адамдары жергілікті әртістердің өнеріне баға берді. Төрелік етушілер қатарында Халық әртісі, композитор, әнші Алтынбек Қоразбаев, еңбек сіңірген қайраткері, опера және эстрада әншісі Толқын Зәбирова, еңбек сіңірген қайраткері, профессор, хореограф, «Astana Ballet» ұжымының көркемдік жетекшісі Алила Әлішева, жергілікті өнер адамдарынан Мәдениет қайраткері, Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әншісі Айжан Тәженова мен танымал сазгер Нышан Төлегенов бар.
«Бұл аттестация емес, кәсіби тыңдалым. Аттестация заң шеңберінде 3 ай бұрын хабарланады. Соған сәйкес дайындық жүргізіледі. Бұл жолы әртістеріміз кәсіби мамандардың алдында өнер көрсетті. Төрешілер олардың деңгейін анықтады. Сосын оларға вокал, сахна мәдениеті, барлық жағынан дайындалуына 3 ай уақыт бердік. Сол 3 айдың ішінде Толқын Зәбирова 2-3 рет арнайы келіп, шеберлік сағатын өткізеді. Әншілердің дауысын қоюға көмектеседі. Сондықтан әзірге ешкімді де жұмыстан шығарған жоқпыз. Шама келсе, бірде-бір әншіні жұмыстан шығарғымыз келмейді. Олардың кәсіби тұрғыда өсуіне, өнерін өрістетуіне мейлінше жағдай жасаймыз. Ал үш айдан соң аттестацияда мүмкіндігін тағы бір байқаймыз. Сол кезде сынақтан өте алмаса, кінә өздерінен. Емтиханнан өткені кәсіби біліктілігін ары қарай көтереді, ал өтпегені заң аясында жұмыстан шығарылады», – деп С.Майғазиев бұл тыңдалымның мақсатын айқындап берді.
«Шымкент мәдениет үйі» 2014 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Бүгінгі таңда мекеме ғимараты Түркістан сарайында орналасқан. Онда 1300 орынға арналған көрермен залы, грим, оркестр, би ұжымдарына арналған бөлмелер бар. Мәдениет ордасына қарасты 5 мәдениет үйі мен 5 клуб жұмыс істейді. Осыдан-ақ, бұл мекеменің қандай қабырғалы ұжым екенін бағамдай беріңіз. Мұндай үлкен ұжым мен Түркістан сарайы сияқты хан ордасындай алып ғимарат басқалардан кем түспесе керек.
«Шымкент – тек қағаз жүзінде емес, шын мәнінде, кәсіби тұрғыдан қалыптасқан мегаполис болуына атсалысуымыз қажет. «Шымқаланың мәдениеті той-томалақтың деңгейінде қалып қойған, мәдениеттен жұрдай» дейтін түсініктен арылатындай уақыт жетті. Енді үшінші мегаполисте де шығармашылық қызметкерлері, оның ішінде эстрада, дәстүрлі әншілер, би және оркестр ұжымы аттестациядан өткізіліп барып жұмысқа алынады», – деп Сәкен Майғазиев мәселенің басын ашып алды.
Баспасөз мәжілісінде бәріміз де «Шымшаһардың өнері қай деңгейде екен?» деп демімізді ішке тартып отырдық. «Елдің еркелері, өнердің серкелері шымкенттік өнерпаздарға қандай баға берді?» дегенге келсек, біздің әртістеріміз біраз сынның астында қалып қойды. Сахнада ансамбль, залда атынан ат үркетін қазақтың өнер жұлдыздары мұқият құлақ түріп тыңдап отыр. Кастингке тұңғыш келгендей он шақты өнерпаз тізіліп шығып, жеке-жеке өнерін көрсетуде.
«Шын өнерпаз өнердің шыңында жүруі керек. Ал таланты жетпейтіндер орнын дарындыларға босатып берсін. Сонда мегаполистің мәдениеті биіктей береді. Әйтпесе, Шымкент – үлкен қала. Мұнда бәрі де бар. Бірақ әншілерді де кінәлауға болмайды. Бұл жердің өнерін дамытуға көп нәрсе жетіспейді. Мәселен, әртістердің киімдерінің түсі солғын. Этнографиялық-фольклорлық ансамбль болғаннан кейін, қазақтың әдемі ұлттық киімін сәнін келтіріп киіп шығу керек еді. 12 адамға дейін ансамбль, одан жоғары оркестр болып есептеледі. Сіздерде 15 адам, яғни оркестр болып есептелесіздер. Орындау барысында кей тұстарда «фальш» кетіп жатыр. Себебі көп аспаптар жетіспейді. Бас қобыз керек. Ұлт аспаптарын жасаушы Болат Сарыбаевтың кейінгі ұрпаққа аманаттаған ең керемет аспабы – сазсырнай. Оның да дыбысын естіген жоқпын», – деп Алтынбек Қоразбаев көкеміз пікірін кесіп айтты. «Қаратау» ансамбліне біраз аспаптардың жетіспейтінін соқырға таяқ ұстатқандай дәйекті түрде түсіндіріп берді.
Ал хореограф Алила Тұрсынбайқызы «Шымкент қалалық мәдениет үйінде» балетке арналған линолеумнің жоқтығын, сахна еденінің тайғанақтығын сынға алды: «Егер Түркістан сарайы сахнасын түгелдей заманауи талапқа сай жабдықтаса, еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті шетелден атақты өнер ұжымдары ағылатын болады», – деді.
«Біз мұнда сын айту үшін емес, өнердің жанашыры ретінде келдік.
Бір қуантарлығы, жастар біздің сынымызды дұрыс қабылдап жатыр. Әншілердің кейбірі ән айтпақ түгілі, сасқалақтап, дірілдеп, аузын аша алмай қалды. Сөзін немесе айтып жатқан әнінің авторын ұмытып қалғандары да бар. Баяғыдан ән айтып жүрсе де, биік не төмен нотадан алып қойып әбіржіген әншілер болды. Әрқайсысын сахнаға шығарып, жіберген қателігін жіліктеп айтып отырдық. Қазіргі жас әншілердің сырты ән салып тұрғанымен, ішкі дүниесі бос екенін, рухани білім мен ізденіс жетіспейтінін аңғардым. Ал түйіндемесін оқысаңыз, білдей оқу орнын бітіргенін білесіз. Дипломы болғанмен, таланты жоқ әншілер алысқа бармайды.
Одан соң Шымкенттей үшінші мегаполисте «Құрманғазы», «Отырар сазы» іспетті симфониялық-фольклорлық оркестр болуы тиіс деп ойлаймын. Сіздердің «Қаратау» ансамбліне көп аспаптар жетіспейді. Сосын штат санын көбейту қажет. Түркістан сарайы сияқты үлкен киелі сахнаны шетелге шықса да, ұялмайтындай дәрежеге жеткізіп, жаңғырту керек», – деп опера және эстрада әншісі Толқын Зәбирова сынын да, сырын да жайып салды.
Ал Шымкенттегі Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияның белді әншісі Айжан Тәженова коронавирус пандемиясының әншілердің өзіне де, дауысына да салқынын тигізгенін жеткізді: «Бізде талантты жастар жетерлік. Бір жылға жуық уақыттан бері дауысын жоғалтып, сахнаға сескеніп шыққаны көрініп тұрды. А.Қоразбаев пен Т.Зәбирова әріптестерімнің «репертуар нашар, кілең тойдың әндері, барлығы жауыр болған бір әнді айта береді, ізденіс жоқ» деген сөздеріне қосыламын. Әсілі, бізде әншілердің нағыз әнші боп қалыптасуына кедергі көп. Көп әншілердің деңгейінің түсіп кетуіне себеп болған құрып кеткір фонограмма ғой. Өйткені той-жиынға барып, дайын әуенді қосып, аузын жыбырлатып қайтады. Онда да той-томалаққа сол күнкөріс қамымен барады. Тойда халыққа көбіне тойдың ойнақы әндері қажет. Ал қай жерде де ән жаздыру өте қымбат. Біздің балалардың Алматы мен Нұр-Сұлтанға барып, ән жаздыратындай мүмкіндігі жоқ. Той жағалайтыны да сол үшін. Одан соң әншілер қауымы да спортшылар сияқты ұдайы бабында жүруі тиіс. Жұмыс барысында әр концерттің алдында дайындалып, шыңдалады. Оларға бір жыл карантинде үйде күнделікті дайындықсыз отыруы және фонограмманың кесірі көп тиді. Мекеменің жаңа басшысы Сәкен «Тұрақты түрде шеберлік сағаттарын өткізетін кәсіби маман мен тамақты тексеретін дәрігерді жұмысқа аламыз» деп отыр. Маған бәрінен де нағыз әнші боламын деген талантты жастардың барлығының сынды дұрыс қабылдағаны ұнады», – деді оңтүстіктің мақтанышына айналған әнші апайымыз.
А.Тәженованың сөзіне сүйенсек, әншілердің барлығын бірдей нашар деуге келмейді. Жалпы әншілерге тынбай еңбектену керек. Келешекте мегаполиске сай мега жобалар қолға алынса, соның үдесінен шығатын талантты жастар баршылық.
«Индикаторлық көрсеткішімізді көтере алмасақ, онда мұндай үлкен сарайды не үшін ұстап отырмыз? Біз бір күндік өнерге бола жұмыс істемейміз. Келген қонақтарымызға рухани-эстетикалық байлығымызды ұялмай көрсетсек дейміз». Мекеме басшысы Сәкен Қордабайұлының түйін сөзі осы болды.
Ал біздің ойымыз мынадай: Шымқалаға атақты әншілердің ат басын бұруы мегаполис мәдениетіне оң әсер етіп жатыр. «Сын түзелмей, мін түзелмейді», «Дос жылатып айтады» деген нақыл сөзді осы тұста да айтуға тура кеп тұр. Күнгейлік өнерпаздар бұрын-соңды дәл бұлай толқымаған тәрізді. Өнердің шын жанашырлары саф өнерді самғату үшін өз аяғымен келіп, барлық кем-кетікті ерінбей айтып, соларды жоюға ынты-шынтысымен атсалысса, Шымкенттің мәдениеті өркендеп, республикалық, халықаралық қияларға қанат жаймай ма?! Ал әншілерімізге айтылған сыни пікірлер үш айдан кейінгі аттестацияда 180°С-қа оң бағытқа өзгереді деп үміттенеміз.
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ,
Шымкент