Алматыда көп балалы аналар мен аз қамтылған отбасыларды қолдауға арналған «Бақытты отбасы» орталықтары жұмыс істейді. Мұндай орталықтардың мақсаты — ана мен баланың өмірін жақсартуға үлес қосу. Jasqazaq.kz тілшісі Алматы қаласы Наурызбай аудандық «Бақытты отбасы» орталығына бас сұғып, орталықтың жұмысымен танысты.
«Бақытты отбасы орталығының жетекшісі Марта Құрманәлиқызы өткен жылы Наурызбай ауданындағы «Бақытты отбасы» орталығына 19 680 көп балалы және аз қамтылған отбасы келгенін айтады. Оларға әлеуметтік, заң, медициналық, тұрғын үй, психологиялық және тегін білім беру бағдарламалары бойынша 2753 қызмет түрі көрсетілген. Ал орталықтың байланыс телефоны арқылы 2494 адам кеңес алыпты.
Орталық басшысының айтуынша, мұндағы аналарға заң, психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, білім беру және басқа да мәселелер бойынша ақпараттық-консультациялық қызмет көрсетіліп, бұл қызмет 7607 адамды қамтыған.
«Бақытты отбасы» көп балалы және аз қамтылған отбасылардың әл-ауқатын жақсарту, демеушілік көмек көрсетуге және қиын өмірлік жағдайдан шығуға үшінші тұлғаларды тарту бойынша тиімді жұмыс жүргізеді. Орталықта былтыр 208 көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік себеті мен киім-кешек түрінде демеушілік көмек көрсетіліп, 96 бала балалардың ойын-сауық орталықтарына, саябақтар мен ойын залдарына жіберілген.
Марта Құрманәлиқызы орталық атқарған іс-шараларға тоқталып өтті: «Отбасы институтын және отбасылық тәрбиені ұйымдастыруды қолдау мақсатында «Бақытты Отбасы» орталығында балаларға «БРАВИССИМО» циркі өткізілді. Аналарға арналған «Стилистердің құпиялары немесе стилист Жұлдыз Ерқанатқызымен бірге өз бет-бейнесін ескере отырып, киімді қалай таңдау керек» деген тақырыппен тренинг ұйымдастырылды. Сондай-ақ «Психологпен әйелдер шеңбері» дөңгелек үстелі өткізілді. Көп балалы ана Әсем Сыңғыбатовамен «YouTube арнасын қалай ашуға болады» тақырыбында семинар өткізілді, аналар YouTube арнасын қалай ашуға болатынын, оған роликті қалай дұрыс орналастыру керектігін үйренді. Семинарға 15 адам қатысты», — деді.
Биыл орталық 7450 көп балалы және аз қамтылған отбасына қолдау көрсеткен. Оларға әлеуметтік, заң, медициналық, тұрғын үй, психологиялық және тегін білім беру бағдарламалары бойынша 3790 қызмет түрі беріліпті. Орталықтың байланыс телефоны арқылы 1296 адам кеңес алған.
Орталық жетекшісінің айтуынша, әлеуметтік қызметкерлер 3176 адамға офлайн режимінде де, телефон арқылы да кеңестер беріпті.
«Бізге аналар онлайн түрде ЭЦҚ кілтін алу, көп балалы және аз қамтылған отбасыларды тіркеу, сауалнама толтыру, оқыту курстарына тізім жасау, курстар кестесін жасау, тұрғын үй алуға кезекке тұру, Damubala жүйесінде тіркелу, құжаттарды қалпына келтіру сынды сұраныстармен байланысады. Өмірде қиын жағдайға тап болған 40 отбасына азық-түлік себеті түрінде қайырымдылық көмек көрсетілді. 672 анаға заңгерлік кеңес берілді. Негізінен некені бұзу, алимент өндіріп алу, шоттардың бұғатталуын алып тастау, тұрғын үй немесе жер учаскесі кезегіне қою, әлеуметтік жәрдем алу, тұрмыстық зорлық-зомбылық, құжаттарды қалпына келтіру мәселелері бойынша сұрақтарға жауап берді. Әр түрлі курстар бойынша: компьютерлік сауаттылық — 68 адам, пішу және тігу — 50 адам, шаштараз — 101 адам, шаш депиляциясы — 27 адам, маникюр педикюр — 56 адам, кірпікті ұзарту — 17 адам, өзі визажист — 34 адам, қолөнер — 12 адам, бет массаж — 22 адам, классикалық массаж — 62 адам, балалар массаж — 24 адам, аспаз кондитер — 75 адам оқыды. Түрлі ойын-сауық орталықтарына 210 бала жіберілсе, 54 отбасыға қайырымдылық көмек көрсетілді», — деді Марта Құрманәлиқызы.
Орталықтың көмегімен биыл 17 адам тұрақты жұмысқа, 2 адам уақытша жұмысқа тұрған. Сонымен бірге «Бизнес Бастау» бағдарламасы арқылы 400 АЕК мемлекеттік грантқа қол жеткізу бойынша көп балалы аналарға түсіндіру семинары өткізілген.
Осылайша көп балалы аналарды қоғамға бейімдеу, әлеуметтік көмек көрсету мен психологиялық қолдау көрсету мақсатын көздейтін орталық жұмысын жемісті жүргізіп отыр. Біз «Бақытты отбасы» орталығына бас сұққан күні аз қамтылған отбасылардың қатысуымен қала күніне арналған мерекелік шара өтіп, ол отбасыларға азық-түлік себеті үлестіріліп жатты.
Мақпал Махаметқызы,
Алматы