Шымкент қаласындағы «Ана мен бала» Оңалту орталығы – еліміздегі 0–18 жас аралығындағы АИТВ жұқтырған балаларға, сондай-ақ созылмалы вирусты “В” және “С” гепатитімен ауыратын балалар мен әйелдерге тәулік бойы мамандандырылған медициналық көмек көрсететін жалғыз мекеме.
Jas Qazaq тілшісі ауыр дертке шалдыққан балалар мен аналардың өмірге бейімделуін және инклюзивті саулық шараларын қалай қолданып жүргені жайлы Бас дәрігер Бақытжан Шакеновтен сұрап білді. Бас дәрігер орталықтың маңызын былай сипаттады:
«Біздің басты міндетіміз – ауыр диагноз қойылған әр баланың өмір сапасын жақсарту. Диагностикадан бастап, емдеу мен психологиялық қолдауды бірге ұсынып, олардың қоғамға толыққанды араласуына жағдай жасаймыз. Бұл – біздің негізгі ұстанымымыз. Біздің мекеме 2007 жылдың 1 маусымынан бері жұмыс істейді. 60 орындық стационарымыз, оның ішінде 4 төсектік реанимация және интенсивті терапия бөлімі бар. Мұнда эпидемиолог, инфекционист, педиатр, терапевт, невролог, кардиолог, акушер-гинеколог, психолог, лаборант секілді толық құрамдағы мамандар қызмет атқарады».
Диагностика мүмкіндігі туралы да Бас дәрігер атап өтті:
«Бізде рентгенография, құрсақ қуысы мен өкпенің УДЗ-сі, ЭКГ, жалпы клиникалық, биохимиялық және серологиялық зертханалар бар. ЛОР-дәрігер, стоматолог және өзге бейінді мамандардың кеңесі де үздіксіз жүргізіледі».
Бақытжан Шакенов емдеу мен оңалту бағыттарын былай түсіндірді:
«Орталық тек ауруды бақылаумен шектелмейді. Біз вирусқа қарсы терапия жүргіземіз, балаларды және аналарды тұрақты диспансерлік бақылауда ұстаймыз. АИТВ-мен өмір сүретін отбасыларға психологиялық көмек көрсетіп, тренингтер мен арнайы бейімдеу шараларын ұйымдастырамыз. Баланың өз мәртебесін қабылдауына көмектесу, қоғамдағы теріс көзқарасты азайту да – біздің жұмысымыздың бір бөлігі».
Бас дәрігердің айтуынша, 2011 жылдан бері мұнда созылмалы вирусты гепатит «В» және «С» дертіне арналған толыққанды емдеу бағдарламасы іске асқан. 2006 жылдан бастап АИТВ жұқтырған балалардың мәртебесін ашу, қайырымдылық қорларымен бірлескен жобалар тұрақты жүргізіліп келеді.
«Біздің жұмысымыз диагнозды ғана емдеу емес, – дейді Бақытжан Шакенов, – әр баланың тұлға болып қалыптасуына мүмкіндік жасау. Бала мен ананың денсаулығын сақтау, олардың өмірге деген сенімін арттыру – біздің басты мақсатымыз».
«Ана мен бала» Оңалту орталығы бүгінде елдегі ауыр диагнозға тап болған балалар мен әйелдердің өмір сапасын арттырып, қоғамға толыққанды араласуына жол ашып келеді.
Олжас Әбдіхалық
Фото: depositphotos.com