Мынау жарық дүниеге «іңгәлап» нәрестенің келгені қандай? Құйтақандай ғана тіршілік иесі. Жақындарына қаншама қуаныш сыйлайды десеңші! Дәл осы сәтте шаттыққа шомылған шаңырақты қайғының қара бұлты басады деп ешкім ойламайды ғой. Бірақ адам өмірі айтып келмейтін қауіп-қатерге толы. Ең өкініштісі, кейбір қауіп-қатердің алдын алуға болар еді. Өзекті өртейтіні де осы тұс. Перзентханада ана мен бала өліп кетсе, болашақ аналар өз денсаулығын кімге сеніп тапсыра алады? Күні кеше Көкшетау қаласында орналасқан облыстық перинаталды орталықта көз жұмған Красный яр селосының тұрғыны Әйгерім Бесксұлтанованың обалы кімге? Жыл басынан бері перзентханада көз жұмған төрт ананың артында қалған ұрпағының көз жасын кім өтейді?
Жасырары жоқ, бүгінде ана мен бала мәселесі кезек күттірмейтін күрделі түйіннің бірі болып отыр. Таяуда осы тақырып Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен үкімет отырысында да талқыланды. Қазақстан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, республика бойынша ағымдағы жылдың жарты жылдығында босануға дейін және босанғаннан кейін ана өлімі көбейіп, былтырғы көрсеткіштен асып түскен. Елімізде жарты жылдың ішінде 31 ана өлімі тіркеліпті!
Primeminister.kz сайтында «Жыл сайын республикамызда 50-60 әйел көз жұмады. Ресми статистика бар, одан бөлек жыл сайын құпия аудиттер жүргіземіз, яғни басқа диагноз бойынша тіркелгендерді тексереміз. Құпия аудит есебінше, 10 мың жаңа босанған әйелдің орта есеппен 14-15-і жарық дүниемен қош айтысады» деген министрдің мәлімдемесі бар.
Министрдің сөзіне сүйенсек, жас аналардың ажал құшуы әйелдердің өз денсаулығына салғырт қарауы және уақытылы есепке тұрмауымен тікелей байланысты. Бәлкім, бұл себеп орынды да шығар. Алайда біз жоғарыда тілге тиек еткен 25 жастағы жас ана Әйгерім уақытылы дәрігерге жүгініп, оның айтқан кеңесін бұлжытпай орындап, аналық парызына адалдықпен қараған. Олай болса, жас ананың өліміне кім кінәлі?
Біз осы сұрақты алға тартып, Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау бойынша орынбасары Татьяна Бишораевамен тілдестік.
Татьяна Бишораева «Босанғаннан кейін қан көп жоғалтып, жансақтау бөліміне түсті. Түнгі үш жарымда жағдайы нашарлап кетті. Облысымыздың ең білікті, тәжірибелі дәрігерлері қасында болды. Екі тәжірибелі дәрігер босандырған. Олар біздің облыстық санавиациялық көмек көрсететін бригаданың құрамындағы біліктілігі жоғары дәрігерлер. Жас ананың неден қайтыс болғанын өзіміз де білмейміз. Ана өлімінің себебі медициналық сараптаманың нәтижесі бойынша бір айдан кейін белгілі болады», – деді.
Әйгерімнің жанында сол күні перзентханада бірге болған жеңгесі Алтынгүл Шоқаева оқиғаның өрбуін былайша сипаттады:
– Болған оқиғаға әлі де сенер емеспін. Мен Әйгерімнің жанында, сол күні перзентханада кешкі сағат 22:30-ға дейін болдым. 5 тамыз күні Әйгерім жүктілік бойынша есепке тұрған емханаға барған. Дәрігерлер оның қан қысымы 150-ге дейін көтерілгенін айтып, оны жедел жәрдеммен перзентханаға алып кетіпті. Негізі босану мерзімі тамыз айының аяғы деп айтатын өзі. Мен хабарды естісімен перзентханаға таңғы 9-да жеттім. Келсем, оған толғақ шақыратын дәрі еккен. Түскі сағат 15:15-те Әйгерім ұл баланы дүниеге әкелді. Дәрігерлердің маған айтқан деректеріне сенсек, қайын сіңлім босану кезінде 1 литр 300 мл қан жоғалтқан екен. Акушер оның жағдайын қадағалап тұрды. Ол кешкі 7-8-дер шамасында есін жинап, менен баланың жағдайын сұрады. Мен оның ұлды болғанын айтып, қуанттым. Салмағы 3 келі екендігін айтып, «қазір сен көп қан жоғалттың, сол себепті сәл шыда, сәлден соң баланы әкеп береді», – деп жылы сөзбен демедім.
Дәрігерлер оның көп қан жоғалтқанын айтып дабыл қақты. Осы уақыт аралығында оның гемоглобині 70-ке түсіп кетті. Мен перзентханадан 22:30-да үйге кеттім. Дәрігерлер мені «бәрі жақсы болады, алаңдамаңыз» деп сендірді. Таңғы бесте қаралы хабарды естідік. Олар Әйгерімнің күйеуі Жасұланға хабарласыпты. Дәрігерлердің айтуынша, қолдан келгеннің бәрін жасап баққан. Түнгі үш жарымда қайын сіңлімнің жағдайы күрт нашарлаған көрінеді. Үш рет консилиум өткізіпті. Онда неге алдын ала туыстарына хабарласып, науқастың жағдайын айтпаған? Босанудан кейін Әйгерімнің жатырын бір емес, екі рет неге тіккен? Сұрақ көп, жауап жоқ. Дәрігерлердің өздері өлімнің салдарын білмейді деген не сөз? Біз кінәлінің жауапқа тартылуын қалаймыз. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды, – дейді.
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы берген мәліметтерге сүйенсек, өңірімізде қазіргі таңда 5418 жүкті әйел есепте тұр. Жыл басынан бері 4 ана өлімі тіркелген. Олардың бірі криминалды жасанды түсік салдарынан болған. Мамандардың айтуынша, жүкті әйелді босану барысында өлімге жетелейтін акушерлік және акушерлік емес деп бөлінетін екі себебі бар екен. Акушерлік себепке жатырдан қан кету, түсік жасау кезінде пайда болатын асқынулар, бүйрек және жыныс мүшесінің өзге де аурулары жатады. Ал акушерлік емес себептерге жыныс жолдарынан тыс аурулар жатқызылады. Мәселен, әйел ағзасындағы түрлі созылмалы дерттер.
Дәрігерлердің науқас өміріне селқос, немқұрайды қарайтыны қазір көп айтылып та, жазылып та жүр. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» демекші, дәйексіз емес болар. Жасырары жоқ, қазіргі таңда жалақысы аз, жауапкершілігі зор жұмыстан жастар қашады. Соның салдарынан дәрігер тапшы. Айталық, ел бойынша 340 акушер-гинекологтың орны бос тұр.
Мамандардың тапшылығынан болар, шалғай ауылдардағы дәрігерлердің «кілті аспанда». Сол шалғай ауылдардағы мамандардың басым бөлігі – медициналық колледж бітірген медбикелер. Сол мамандардың өлім аузында жатқан адамды аман алып қалуға шамасы келе ме? Тіпті жай ғана бір жеріңізді жарақаттап алсаңыз, компьютерден көз алмай, дәрі-дәрмектерін ақтарып отырып, уақытша ауырғанды басатын дәріні беріп, қалаға жолдама беріп қоя беретіні бар емес пе?!
Төрт жылдық біліммен медицина саласының білікті маманы атану көңілге сенімсіздік ұялатады. Себебі, дәрігер болу оңай шаруа емес. Айтулы дәрігерлердің өзі бір ананың өліміне араша бола алмаса, медбикеден не сұрайсыз?
Осындайда ана мен бала өздерінің құқығын қорғай алмайтын әлжуаз топтың қатарында ма деп қаласың. Әйтпесе, аяғы ауырлап, бақыттың бал дәмін сезініп жүріп, енді ғана сәбиін құшырлана иіскер шағында жас ана өмірден озды деген құйқа төбең шымырлайтын жан түршігер ақпарат неге көп? Заман ағымына сай медицина дамып, заманауи технологиялар өрістеген кезеңде бір анаға қалқан бола алмағанымыз қалай? Сұрақ көп, тағы да жауап аз…
Байкен КӨБЕЕВ,
Ақмола облысы