Ана бесік жырын айтпайды

19 тамыз 2016, 19:25

5

«Сәбиіне бесік жырын айта алмайтын, келініне дәстүріміздің озық үлгісін насихаттай білмейтін аналарымыздың бар екені шындық. Өкінішке қарай, қазір бесік жырын айтатын аналар азайып кеткен. Оның орнына сылдырмақты сылдырлатып, үй ішін тыныштандырып, бесік тербетумен ғана өз «миссиясын» аяқтайды». Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Балқия Көмекбаева сұхбатында осылай деді.

Жас қазақ: Сіз кезінде лауазымды қызметте болдыңыз. Қалалық білім басқармасын басқардыңыз. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымысыз. Айтарлықтай айырмашылықты сезініп жүрсіз бе?
Балқия Көмекбаева: Әрине. Білім саласы жаныма жақын мамандық қой. Оның үстіне талай жылымды білім саласына арнадым. Ал Аналар кеңесінің жүгі ауырлау ма деп қалдым. «Жәй ғана кеңесші» деп аталынғанымен, ел бірлігі, татулық пен қоғамдық келісім, этномәдени бірлестіктермен қоян-қолтық жұмыс істеу дегеніңіз, шын мәнінде, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қаншама жобаның бойына қан жүгіртуіміз керек. Жалған, құрғақ ұранмен алысқа бара алмайсың. Мұндайда сөз бен істің бір жерден шығып, мақсатыңның орындалуы үшін ала-шапқын болып жүгіруің керек. Телефонмен шешілетін мәселе емес. .
Жас қазақ: Сіз, әрине, шапшаңдықты, жеделдікті сүйетін адамсыз. Оны білеміз. Аналар кеңесінің атқарған іс шаралары туралы сұрайын деп отырмын. Бірақ Сіз кешіріңіз, әрине, өз басым санды «сөйлетіп», пәленбай іс атқарылды, осынша іс атқарылмақ» деген жалпақ тілді ұната бермейтін едім.
Балқия Көмекбаева: (Күлді) Иә, иә, санды сөйлетуге келгенде алдына жан салмайтын басшылардың бар екенін мойындаймын. Бірақ өзіңіз ойлаңыз, өмірдің өзі саннан тұрады, қараңыз: «біздің отбасымызда алты бала тәрбиеленіп келеді»» дегендей. Халық та саннан құралады. Демек, сіз ұната қоймасаңыз да айтайын, Шымқаладағы Аналар кеңесі құрамында қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ басқа да ұйымдардың өкілі, барлығы 20 мүшесі бар. Облыстағы аудандар мен ауылдық округтер бойынша тізбелесем, жергілікті кеңес мүшелігіне 1130 ардақты ана қабылданды.
«Мәселе осымен ғана тына қалды», – деп ойламаңыз. «Саны бар да сапасы жоқ» деген сөзді жаным қаламайды. Жұдырықтай жұмылып, бір мақсатқа сап түзедік екен, енді ассамблея белгілеп берген бағдарламаны алға сүйреуіміз керек шығар? Бұл мәселеде екі бетім қызарып, ұялатын жағдайда емеспін. Мәселен, жуырда ғана Шымкентте «Ана тәрбиесі – ұрпаққа аманат» тақырыбында форум өтті. Мұнда отбасылық құндылықты нығайту мен оны сақтай білуге көп мән берілді. Шынымды айтайын, сәбиіне бесік жырын айта алмайтын, келініне дәстүріміздің озық үлгісін насихаттай білмейтін аналарымыздың бар екені шындық. Баласын балабақшаларға тастай салып, жұмыс басты болып кеткен ата-аналардың ар-ұятын ояттық ба, ой салдық па, ол жағын форумға қатысқандар бағалай жатар. Менің айтайын дегенім – ұрпағына ұлттық дәстүрдің озық үлгісін сіңіргісі келетін жас-ата-аналардың көп екендігі көз қуанышыма айналды.

Жас қазақ: Кешіріңіз, уақыт шіркін қайта айналып, өзіңіз жас келін кейпіне келсеңіз, бесік жырын айтар ма едіңіз?
Балқия Көмекбаева: Айтқанда қандай!
«Бөпем менің ай ма екен?
Шекер ме екен, бал ма екен?
Ойнақтап бір бәйгеден
Озып келер тай ме екен?!
Тас бұлақтар тауда екен,
Жас құрақтар сайда екен.
Көлбең-көлбең ұшатын
Көбелектер қайда екен?» – деп әндетер едім! Бесік жырын тыңдап өскен ұл мен қыз отанының патриоты болып өспейді ме? Өкінішке қарай, қазір бесік жырын айтатын аналар азайып кеткен. Оның орнына сылдырмақты сылдырлатып, үй ішін тыныштандырып, бесік тербетумен ғана өз «миссиясын» аяқтайды…
Жас қазақ: Өзіңіз білесіз, қазіргі балалар «ақырзаманның балалары». Әрине, күйінген ата-аналардың тілімен айтқанда. Жасөспірімдер арасында қылмыс дегеніңіз, өршіп тұр. Сіз басқарып отырған Аналар кеңесі тарапынан қандай іс-шаралар атқарылды?

51768_html_m1e12b017
Балқия Көмекбаева: Рас айтып отырсыз. Боямасыз шындық. «Пәлен мектептің оқушылары арасында атыс болыпты!», «Түген колледждің оқушылары жаппай төбелесіпті…» деген жайсыз хабарларға да етіміз үйреніп кеткендей ме? Осы жерде өз пікірімді айта кетейін: көбіне жұрт мұғалімдер мен оқытушыларды кінәлап жатады. «Тәрбие бермейді, балаларымызға қарамайды, бәрі бетімен кеткен…» дегендей. Бұл жерде мәселе екі жаққа да бірдей. Алдымен, ата-ана баласының немен айналысып жүргенін қадағалауы тиіс. Ол – тауар емес қой, мектепке «өткізе» салған. Өз баласы, өз ұрпағы. Демек, көп жағдайда ата-ана жауапкершілігі шеттеп қала береді. Бұл дұрыс емес, әрине. Ата-анасын сыйламаған, тыңдамайтын бала мектеп қабырғасында жүріп, мұғалімдерді құрметтей қоя ма? Біз осы мақсатта кешенді жұмыс атқардық. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірлесе отырып, М.Әуезов атындағы ОҚМУ және «Авиценна» медицина колледжі студенттері және мектеп оқушыларына семинар-тренинг өткізілді. Сенім телефондары арқылы 2701 адам білікті маманнан кеңес алса, 1025 адамның құпия түрде психологиялық кеңестер алуына жәрдем жасалынды.
Жас қазақ: Сіз анасыз. Өзіңіз де жастық дәуренді бастан өткіздіңіз. Өткен шақсыз өмір болмайды. Жас кезіңізде нәрестесін көшеге тастап кететін жеңілтек қыздар көп болды ма? Әлде, кеңестік құпиялау өз әмірін жүргізді ме? Қазіргі жасөспірімдерге көңіліңіз тола ма?
Балқия Көмекбаева: Өзіңіз айтқандай, өмір салыстырудан тұрады. Кеңес заманында әдептілік, ар-ождан бірінші орында тұратын. Қазір оның орнын ақша, дүниеқоңыздық, интернеттегі неше түрлі ұятсыз сайттар алмастырды. Өзіңіз білесіз, «түк көрмеген» қазақ жастары, тіпті ата сақалы аузына шыққан азаматтардың өзі тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында шетелдің анайы сипаттағы фильмдерін жертөледе, оңаша үйлерде жаппай жасырын көріп жатты. Шетелдің қаңсығы біздің қыз-жігіттерге таңсық болды. Интернет дегеніңіз – жастар санасын улап бітті. Ғаламторды меңгеру, оның иірімін өз мақсатыңа пайдалана білу деген жақсы. Бірақ деп бармағымызды тістейтін жағымыз да бар. Бесіктен белі шықпай жатып, анайы сипаттағы бейнелерді интернеттен іздейтін жасөспірімдерге ата-анасы «әй!» дей қоймайды. Тіпті немен айналысып, нені «тамашалап» жатқанында жұмысы жоқ. Есесіне: «біздің бала жігіт болып қалыпты!» деп көңіл марқайтатындар да бар. Әрине, көпке топырақ шашуға тағы болмайды. Жасөспірімдердің бәрі жеңілтек, өмірге көзқарасы өзгеріп кеткен деп айта алмаймын. Десек те, жеңілтек қыздар теріс тәрбие қайығында тербетіліп жүріп, қалай жүкті болып қалғанын сезбей де қалады. Сосын барып, ар-ұяты «ояна» қалады. Нәтижесінде, жаңа туған шақалағын қоқысқа тастап кете барады. Өкінішті-ақ. Біздің өңірде де мұндай сұмдық жағдайлар бірнеше рет қайталанды. Айтуға ауыз бармайды. Дәулетті, бақуатты отбасылардың ұл-қызының өзі осындай қадамға барып жатады. Демек, жеңіл жүрісті қыздардың қылығын бағалағанда, әлеуметтік жағдайына баса назар аударғанымыз жөн емес деп ойлаймын. Сондықтан, Аналар кеңесінің қатысуымен «Бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі» тақырыбы аясында Түркістан қаласы мен Қазығұрт, Отырар, Төле би аудандарында тәрбиелік мәні зор кездесулер өткізілді. Иә, бірді-екілі кездесулермен жастар жеңіл жүрістен тиыла қалмайды. Бұл мәселеде бүкіл ата-ана, қоғамдық ұйымдар болып, күресуіміз керек.
Жас қазақ: Біраз әңгіменің басын қайырған сияқтымыз. Дегенмен, қандай маңызды мәселе айтылмай қалды деп ойлайсыз?
Балқия Көмекбаева: Біз әңгіме еткен жайдың бәрінің де маңызы зор. Соның ішінде оқ бойы озық тұратын мәселе жөнінде айтар болсам, ұлтаралық бірлік пен татулықты жастардың бойына сіңіру. Патриоттық сезімі жоғары ұрпақты тәрбиелеудің орны бөлек. Татулық бар жерде береке бар, бірлік бар. Құдай Сирияның, мынау Ауғанстанның бетін аулақ етсін. Кешегі болып өткен лаңкестік оқиғалар ел есінде. Бірақ тарих шаңында қалып кетсе екен деп тілеймін, енді қайталанбасын! Осы мақсатта да біраз жұмыс атқарылды. «Ырыс алды – ынтымақ», «Біз Қазақстанның біртұтас халқымыз!» сияқты кездесулер алдағы кезде де жалғасын таба бермек.
Жас қазақ: Сіз бен біз көптің көкейінде жүрген көкейтесті мәселелерді қозғадық. Рахмет сізге!
Балқия Көмекбаева: Елімізге тыныштық тілеймін! Тек тыныштық…

Әңгімелескен
Мұхтар ШЕРІМ

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?