jasqazaq.kz

«AMANAT» партиясы арнайы салық режимі аясында салық мөлшерлемесін төмендетуді көздейді

17 қараша 2025, 17:25

27 аудан мен қалада ШОБ-тың салық мөлшерлемесі 2–3%-ға дейін төмендетілді.
«AMANAT» партиясы барлық деңгейдегі мәслихаттарды биылғы 1 желтоқсанға дейін оңайлатылған декларация негізінде арнайы салық режимін қолданған кезде корпоративтік табыс салығының немесе жеке табыс салығының мөлшерлемесін төмендету туралы шешім қабылдауға шақырады. Бүгінде 27 аудан мен қалада салық 2-3%-ға дейін төмендетілді. Партияластардың пікірінше, бұл шара шағын және орта бизнестің фискалдық жүктемесін жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Түрлі деңгейдегі мәслихаттардағы «AMANAT» партиясы депутаттық корпусының атқарған жұмыс нәтижесі «AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиевтің төрағалығымен өткен кеңесте қаралды. Оған өңірлердегі мәслихаттардың төрағалары қатысты. Қатысушылар партияның сайлауалды уәделерін орындау, кәсіпкерлерге қолдау көрсету мәселелерін, сондай-ақ бизнес қауымдастығының жаңа Салық кодексі бойынша жұмысқа дайындық деңгейін талқылады.
Іс-шараны ашқан Эльдар Жұмағазиев алдағы жылы партия бизнеске барынша қолдау көрсетуге, мемлекеттік шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге, кәсіпкерлердің, әсіресе шағын және орта бизнес иелерінің мүдделерін ескеруге тиіс екенін атап өтті. Келесі жылы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексіне (ЖСК) сәйкес, оңайлатылған декларация негізінде арнайы салық режимінің мөлшерлемесін төмендету немесе арттыру туралы шешімді мәслихаттар қабылдайды және аталған мәселе биыл 1 желтоқсанға дейін толық шешілуге тиіс. Ол бірқатар өңірде талқылау жұмысы аяқталғанын және кейбір мәслихаттар шағын және орта бизнестің мүдделерін ескере отырып, төмен мөлшерлемелерді бекіткенін атап өтті.
«Жаңа салық жүйесі аясында шағын және орта бизнес қосымша жүктемеге тап болуы мүмкін. Біз бір жағынан бизнес үшін әділ болатын, сонымен бірге жергілікті бюджеттердің тұрақтылығын қамтамасыз ететін шешімдер қабылдауымыз керек. Мәслихаттардың мөлшерлемелерді бекіту туралы қаулылары негізделіп, кәсіпкерлерге жеткізілуге тиіс. Мөлшерлемелерге кез-келген өзгеріс енгізу әрекеті мұқият сарапталып, бизнес-қоғамдастыққа жіті түсіндірілуі керек», – деді партия Хатшысы.
Мәселен, 28 қазанда Өскемен қаласында тиісті шешім қабылданды. Өскемен қалалық мәслихатының төрағасы Александр Светаштың айтуынша, арнайы салық режимі аясында мөлшерлемені төмендету қадамы кәсіпкерлерді «көлеңкелі аймақтан» шығуға және салықты белгіленген тәртіппен төлеуге ынталандырады. Облыс орталығында тіпті бизнес субъектілерінің саны артып келеді.
Ал осы жылы 17 қазанда Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданында мәслихат депутаттары салық мөлшерлемесін 4%-дан 3%-ға дейін төмендету бастамасына қолдау білдірді. Халық қалаулыларының пікірінше, бұл шара болашақта жаңа кәсіпорындардың ашылуына ықпал етіп, нәтижесінде халықты жұмыспен қамту деңгейі артады.
Бұған қоса, Атырау қаласында, Атырау облысына қарасты Махамбет және Жылыой аудандарында, сондай-ақ Ақмола облысының Жақсы ауданынан басқа барлық ауданында 2% төмендетілген мөлшерлеме бекітілді.
Кеңес барысында өңірлердегі партия филиалдары жанындағы кәсіпкерлік мәселелері бойынша үйлестіру кеңестерінің жұмысын ұйымдастыру қадамдары да талқыланды. Эльдар Жұмағазиев бүгінде бизнесті толғандырған түйткілді мәселелердің тізімін құру жұмысын аяқтаудың маңызы зор екенін атап өтті.
«Біздің міндетіміз – жиындарды формалды түрде өткізу емес, бизнесті толғандырған өзекті мәселелерді анықтау, оларды жергілікті және орталық мемлекеттік органдарға жеткізу, мәселені жергілікті жерде шешу жұмысын қамтамасыз ету. Кәсіпкерлер партия қолдауын сезінуі керек. Біз оларға жобаларын жүзеге асыруға және бизнес тұрақтылығын сақтап қалуға мүмкіндік беруіміз керек. Бұл қадам, әсіресе салық заңнамасы өзгерген тұста аса маңызды», – деп түйіндеді партия Хатшысы.
Айта кетейік, еліміздегі 8 облыста орналасқан 27 аудан мен қалада оңайлатылған декларация негізінде жаңа арнайы салық режимі үшін мөлшерлемені төмендету туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, тағы 60 ауданда мөлшерлеме төмендеуі күтілуде.
JQ-Aqparat

16 наурыз, 14:26
Бауыржан Ізмағамбетов: Ауыз су жүйесімен қамту деңгейі 100 пайызға жетті
15 наурыз, 14:02
Шавкат Рахмонов Қонаев қаласында дауыс берді
15 наурыз, 13:36
Қызылорда: Қазақтың үш ханы дауыс беруге келді
13 наурыз, 17:27
Елімізде теміржол инфрақұрылымы жаңғыртылып жатыр
13 наурыз, 16:07
Тіршілік нәрі - судың нарқы қашанда қымбат
12 наурыз, 15:28
Қызылордада тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді
11 наурыз, 12:19
«Таза Қазақстан» акциясы биыл өз жалғасын таппақ
10 наурыз, 15:21
Сұңғат Есімханов: Елімізде 163 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді
05 наурыз, 16:08
Батыс Қазақстанда су тасқынына қарсы дайындық шаралары күшейтілді