«Алыпсатар, пайданы емес, халықты ойла!»

13 наурыз 2020, 11:21

Әлем картасын ашып көрдіңіз бе? Жер-жаһан қып-қызыл түске боялған. Тек Орталық Азия ғана жап-жасыл. Оның ішінде Қазақстан көзге ерекше басылады. Ғаламторды жарып тұрған, коронавирус таралған елдердің картасын айтып отырмын. Құдайға шүкір! Бүкіл әлем айылын жиған алапат дерттен қазақ жерінің таза болғаны көңілге демеу. Бірақ күні кеше еліміздің бас тазалық дәрігері Жандарбек Бекшин оқыс мәлімдеме жасады. Оқыс дейтініміз, бас санитар төрткүл дүние үрейленіп отырған тажалдың біздің елге келе жатқанына қуанған кісідей хабарлады. «Наконец-то» дегенін қалай түсінесіз енді?!

Бекшин таратқан мәліметке сенсек, әлгі аты жаман ауру осы айдың 11-16 аралығында келетін көрінеді. «Бір апта ары, бір апта бері…» деп болжам жасағанын басқаша тәпсірлеу де қиын.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты пандемия деп жариялады. Іле-шала Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев мәлімдеме жасап, наурыздың 16-нан 5 сәуірге дейін мектептерде сабақ тоқтайтынын, жоғары оқу орындары қашықтан оқыту жүйесіне ауысатынын жеткізді. Сонымен бірге үкімет арнайы алдын алу шараларын қолға алатынын, қоғамдық іс-шаралар уақытша тоқтатылатынын, тұрғындар азық-түлікпен және ең қажетті тауармен үздіксіз қамтылатынын, шағын және орта бизнес зардап шекпеуі тиіс екенін ескертті.

Азық-түлік демекші, Қытайдың Ухан қаласында аурумен күресіп жатқан дәрігерлерге Шыңжаңның Алтай аймағынан 3000 қорап шұбат ұнтағын жеткізген. Ал біз қымыз бен шұбаттың қадіріне жетпей жүрміз. Шұбатты айтамыз-ау, қытайлар аты жаман ауруды ауыздықтау үшін шөптен жасалған дәрі-дәрмек пайдаланған. Ал қазақ топырағында шөптің алуан түрі өседі. Тіпті, шекаралы аймақтардан қытайлар әртүрлі жолдармен қазақ жерінен шөп пен шөп тамырын теру үшін келіп, ұсталып жататынын ескерейік. Біз болсақ қолда барды ұқсата алмай отырмыз. Осы жағын ойланған жөн сияқты. Ойлану керек демекші, коронавирус есігімізді қағып тұрғанда ғана біз маска туралы ойлана бастадық. Бұдан бұрын маска шығарсақ қайда қалдық? Ойланатын мәселе көп…
Jas qazaq газеті бүкіл әлемді алаңдатқан коронавирус туралы жариялаған алғашқы материалдардың бірінде Қытайдан келген, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында жеке медициналық орталық ашып, халықтың денсаулығы үшін жұмыс істеп жатқан шығыс медицинасының білікті дәрігері Ержан Нұрмұханұлынан сұхбат алған болатын. «Аурудың алдын алу үшін не істеу керек? Қытай коронавирустан қалай қорғанды?» деген сұрақтармен Ержан мырзаға тағы да хабарластық.

Jas qazaq: Ержан мырза, Қытай «Коронавирусты тізгіндедік» деп жатыр. Шынымен, тәж ажал ауыздықталды ма?
Е.Нұрмұханұлы: Тізгіндеді деп айтуға болады. Өйткені, ауру шыққан алғашқы айларда күніне екі мың адамға дейін вирус жұғатын. Өлгендер саны күніне 156 адамға дейін жеткен-ді. Ал қазір күніне 17 адамға ғана жұққан, өлгендердің саны да азайған, яғни 22 адамға дейін кеміпті. Демек, қытай ауруды тізгіндей алды. Қазір университеттерде оқу қайтадан қалпына келе бастады. Бірақ мектептерде сабақ әлі басталған жоқ.
Ал Қазақстанмен шекаралас Шыңжаңда бұл дертпен 76 адам ауырған болатын. Оның үшеуі өлді, 73-і толықтай емделіп ауруханадан шықты. Соңғы 20 күнде Шыңжаңда коронавирус жұқтырған немесе осы дертпен өлген бірде-бір адам тіркелмеген. Оны қытайлар «нөл» деп бағалап отыр. «Нөл» деген сөз ауру да, өлім-жітім де жоқ деген сөз.
Jas qazaq: Емделіп шықты деген адамның бойында шынымен коронавирусының жұрнағы қалмай ма? Әлде ол жағы анық емес пе?
Е.Нұрмұханұлы: Емделіп шыққан адамның бойында көп жағдайда бұл аурудың вирусы болмайды. 99 пайыз адам құлан-таза айығады. Ал 1 пайызы, оның ішінде қарттарда вирустың қайтадан қозуы сияқты жағдай тіркелген. Мәселен, коронавируспен ауырып жазылған адамдардың арасында 14 күннен кейін қайталанғандар мен 62 күннен кейін қайтадан ауырған адам тіркеліпті. Бір қауіпті жағдай бар: аурудан жазылған адамдардың бойындағы қалдық вирус еркектердің жыныстық мүшесіне барып орнайды екен. Яғни жыныстық жұмыртқа мен бүйрекке түсіп, еркектік қуатты азайтып, белсіздікке ұрындырады. Қайталанған жағдайдың тағы бір қауіптілігі сол – басқаларға өте тез жұғады.
Jas qazaq: Қытай ақпарат құралдары мен сайттары не деп жазып жатыр: жалпы бұл аурудан қалай сақтануға болады дейді? Таралып кетуінің қалай алдын алуға болады? Жұқтырған адамды қытайлар қалай емдеп жатыр? Ең өнімді емдеу шарасы туралы қытайдың дәрігер-санитар мамандары айтты ма?
Е.Нұрмұханұлы: Қытайда біздегідей жекеменшік сайт болмайды. Баспасөз толықтай мемлекет бақылауында. Сондықтан олардың сайтында мемлекеттің ғана пікірі жазылады. Ол жағы бәріңізге аян. Олардағы барлық БАҚ Шинхуа агенттігінің таратқан ақпаратын ғана жариялайды. Ол агенттіктің таратқан мәліметін қарасаңыз, ауру тізгінделді, коронавирусты жеңдік деп айтып отыр. Аурудың қайталануы, қайталанса, бұдан да сорақы жағдай болуы мүмкін екен. Сосын төрт маусымға немесе ауа райының ыстық-суығына қатысы жоқ дегенді айтуда.
Қытай сайттары ауру асқынған алғашқы күндері «Хуби өлкесі мен Ухан қаласында 60 миллион адамды үйінен шығармай, аурудың таралуын тежеп отырдық» – деп жазды.
Енді бұл аурудан қалай сақтануға болады? Қытай дәрігерлері мен санитарлық мамандардың айтуынша, вирус сәбилерге өте көп жұққан. Бірақ 20 жасқа дейінгі жасөспірімдерде кездеспепті. Қарттар мен денсаулығы нашар адамдар вирусқа қарсы күресе алмаған. Бұдан нені түсінуге болады? Дәрігер маман ретінде айтарым, иммунитеті күшті адамдарға вирус жұқпайды. Жұққан күннің өзінде ауруды жеңіп шығуға көп мүмкіндігі бар.
Қытай коронавирусты қалай емдеді? Олар ең алдымен вирусқа қарсы ине салған. Орысша айтқанда, «антивирустық уколдар» ғой. Одан бөлек, қытайдың дәстүрлі медицинасындағы шөп дәрілерді пайдаланды. Шөп дәрі арқылы алдымен адамның ауруға қарсылық қуатын арттырды. Содан кейін өкпедегі вирусты емдеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қытай дәрігерлері қолданған ем-шараны мойындады, әрі растады. Сонымен бірге ауру таралған басқа елдерге де коронавируспен күресуде қытай тәжірибесін қолдануды айтып отыр.
Jas qazaq: Ал АҚШ пен Еуропада коронавирус туралы не айтып жатыр? Олардың тәжірибесі бойынша аурудың алдын алуға бола ма?
Е.Нұрмұханұлы: АҚШ пен Еуропа, Иран сияқты елдердің демократиялық мемлекет екенін ескеріңіз. Сондықтан, ол елдерге қытай тәжірибесі, қытайдың тәртібі жарамайды. АҚШ-та аурудың тез таралғаны содан. Қазірге дейін мың адамнан асып кетті. Италияда ауру жұқтырғандардың саны 10 мыңнан, өлгендер 390-нан асты. Иранда да жағдай өте қиын. Корея мен Жапонияда да ауру асқынып тұр.
Әдетте жұқпалы ауруды емдеудің бірнеше түрлі жолы бар. Бірінші, аурудың қайнар көзін табу. Екінші, аурудың таралу жолын кесу. Үшінші, ауруға бейім, қарсылық қуаты әлсіз қарттар мен дімкәс адамдарды, сәбилерді қорғау.
Жапония антивирус арқылы емдеп, өте жақсы нәтижеге жетіп отыр. Сосын оларда дәрі-дәрмек жағы да жеткілікті. Сондықтан, олар үшін коронавируспен күресу аса қауіпті саналып отырған жоқ. Корея мен Жапонияның санитарлық қызметі де Қытайға қарағанда көш ілгері. Ал Америка алғашқы сәтте ауру бізге келмейді деп, уақытты өткізіп алды. Сондықтан, оларда аурудың таралуы өте тез болып отыр. Иранда да вирустың таралуының тез екенін білесіздер. Өйткені, Иранда Қытайдың инвесторлары өте көп. Мұнай компаниялары да көп. Қысқасы, екі елдің барыс-келіс қарым-қатынасы аурудың тез таралуына себеп болуда.
Jas qazaq: Қазақстанның жағдайында бұл дерттен қалай сақтануға болады? Дәріханаларда қазірдің өзінде маска аз. Медициналық құрал-жабдығымыз жеткілікті ме? Дәрігер мамандарымыздың біліктілігі қай деңгейде?
Е.Нұрмұханұлы: Қазақстан бұл аурудың алдын алу жағында барынша жақсы жұмыс жасап жатыр. Бас санитар мен денсаулық сақтау министрі халыққа дер уақытында мәлімдеме жасап, журналистердің сұрағына жауап беріп, жалған ақпараттың алдын алуда. Дәріханаларда бетперденің жоқтығына келсек, ел айтып жатқандай құрып қалған ешнәрсе жоқ. Нұр-Сұлтан қаласында тұрамын. Мамандығым дәрігер болғандықтан, өзім тұратын аудандағы дәріханаларды күнде аралап тұрамын. Маска жоқ деген жалған сөз. Бірақ қымбатқа сатып жатыр. Бағаға жауап беретін мекемелер сол жағын реттесе екен дейсің. Алыпсатарлар мұндайда пайданы емес, халықты ойлағаны дұрыс.
Қазақта «Жаман айтпай жақсы жоқ», «Құдай бетін аулақ қылсын» деген сияқты тыйымдар бар. Егер бұл ауру біздің елде тіркелсе, Қытайдағыдай немесе Иран мен Кореядағыдай тез тарала қоймайды. Өйткені, Қазақстанда халық жиі қоныстанбаған. Ең көп қоныстанған Алматының өзінде 2 миллион ғана тұрғын бар. Ауыл мен аудандардың арасы алшақ дегендей. Содан кейін, біздің қазақтың тамақтану мәдениеті де басқа елдерге ұқсамайды. Жылқы етін жейміз, қымыз, шұбат, қойдың сорпасын ішеміз. Осының бәрі вирусқа қарсы иммунитетімізді күшейтеді. Дегенмен, қамсыз қарап отыруға болмайды. Жеке тазалық, қоғамдық орындардағы тазалықты сақтаған абзал. Сосын, батыр Бауыржан атамыз айтқандай «Тәртіпке бағынған құл болмайды». Миллиард қытай тәртіпке бағынды: үйде отыр деді – отырды. Президентіміз той-томалақты азайту керек деді ме? Онда той жасама. Тіпті қажет болса, қазақша қыдырғанды, көшеде бей-берекет жүргенді қою керек.

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?