Еліміз су байлығынан кенде емес. Бірақ олақтығымыздың кесірінен, сол байлықтан оңай айырылып барамыз. Статистика бойынша, ірілі-ұсақты көлдің саны 36 мыңнан асса, өзеннің саны 85 мың. Бірақ осыншама байлықты тұмса күйінде сақтап, келер ұрпаққа аманаттай аламыз ба? Мамандардың соңғы тексеру нәтижесі жан шошытады. Қоршаған ортаны қорғау министрлігі шығарған ведомстволық бюллетенінде 2012 жылғы жүргізген тексеру нәтижесін жариялаған. Онда экологтар 69 өзеннің тек 9-ы ғана таза екенін анықтағанын жазыпты. Ал қалған 60 өзен түрлі химикаттармен уланған.
«Қазгидромет» РМК экологтары араға 4 жыл салып, 2016 жылы 48 өзеннің суына сараптама жасап, оның екеуі ғана талапқа сай таза екенін анықтапты. Екі өзен де оңтүстік өңірде орналасқан. Бірі Берікқара болса, екіншісі Қатта-Бөген су арнасы. 10 көл, 13 өзен, 2 су қоймасының ластану деңгейі дабыл қағарлық жағдайға жеткен. Олар Қара Ертіс, Үлбі, Глубочанка, Елек, Сарыбұлақ, Нұра, Қара Кеңгір, Әйет, Үй, Желқуар, Шерубайнұра, Үлкен Алматы, Текес өзендері мен Ертіс-Қарағанды каналы, Билікөл, Сұлтанкелді, Қопа, Зеренді, Бурабай, Сұлукөл, Кіші және Үлкен Шабақты, Щучье көлдері. Барлық су арналарында Менделеевтің химиялық таблицасын толық табуға болады. Мысалы, мыс металы Ертіс, Бұқтырма, Үлбі, Глубочанка, Жайық, Елек, Тобыл, Тоғызақ, Үй, Есіл, Іле, Текес, Қорғас, Кіші Алматы, Есентай, Үлкен Алматы, Талас, Сырдария өзендері мен Қапшағай, Зеренді, Үлкен Шабақты көлдерінде өте көп мөлшерде табылған.
Тұз аммонийі Оба, Елек, Сарыбұлақ, Қара Кеңгір, Соқыр, Шерубайнұра, Кіші Алматы, Шу, өзендері мен Сұлтанкелді, Кіші Шабақты, Билікөлде қауіпті деңгейге жеткен.
Магний іздесеңіз, Деркөл, Тобыл, Әйет, Тоғызақ, Үй, Желқуар, Есіл, Сарыбұлақ, Нұра, Соқыр, Қара Кеңгір, Шерубайнұра, Ақсу, Сырдария, Келес өзендері мен Сұлтанкелді, Қопа, Зеренді, Үлкен Шабақты, Кіші Шабақты, Билікөлден молынан табасыз.
Ал Жайық, Тобыл, Үй, Шерубайнұра, Шу, Ақсу, Сарқырау, Сырдария өзендері мен Сұлтанкелді көлі және Шардара су қоймасын жағаласаңыз, фенолдарға қарық боласыз.
«Батпақтауға» айналмаса…
Бәлкім, таң қаларсыз. «Қазақстан Швейцариясы» атанған Көкшенің сұлу көлдері де қазір осы кепті киіп отыр. Мұндағы Қатаркөл, Кіші және үлкен Шабақты, Щучье, Айнакөл, Бурабай көлдері адамдардың салғырттығынан ластануда. Жағалауларға дәретханалар орнатып, тұрмыстық қалдықтар төгіледі. Бұл туралы КТК телеарнасының «Аптап» бағдарламасында арнайы репортаж да жасалды. Бурабай кентінің тұрғыны Ғали Шарафутдинов журналистерге былай деді:
– Көл тартылып, суы азайып барады. Айналаның бәрі батпаққа айналуда. Міне, қараңыздар. Өткен жазда судың деңгейі жоғары еді. Көктемде келсем, жағалау 2 метрдей шегініп кеткен. Обал ғой. Қолда бар өзен-көлімізді құтқару керек. Осы күйімен кете берсе, мына Үлкен Шабақты бірер жылда екінші Аралға айналады.
Арал демекші, Үлкен Шабақтының ортасында қарайып көріне бастаған кішкентай төбе бұрын жоқ еді. Бурабай кенті тұрғындарының айтуынша, ауыл іргесінде жатқан жықпыл тастар да бұрнағы жылдары су астында жататын. Тұрғындар көлдің таязданып, батпаққа айналуына адамдардың жауапсыз тіршілігі кінәлі деп есептейді.
Бурабайдың тағы бір тұрғыны Виктор Секретов былай деп мұң шақты:
– Кәріз құдығындағы сасық суды бізде тасып төгеді. Кейде үлгермейді. Жаман иіс маңайды алып кетеді. Тасыған боқ пен су қайда барады? Әрине, жерасты суларына қосылады. Осы көлдерді тазартқан бір адамды көрген емеспін. Өмір бойы тұрам осы жерде, көл тазартса көрмейміз бе? Ақша бөлінсе де, ұрлайды. Біздің курортты қайтсін?!
Кентке «Бурабай-тазалық» коммуналдық кәсіпорны қызмет көрсетеді. Олар қаланы түгел шарлап осылайша лас суды тасиды. Бұл көптеген жылдар бойы жалғасып келе жатқан қызмет түрі. Бірақ, осыдан 5 жыл бұрын басталған коллектор құрылысы орта жолда тоқтап қалған. Бұл жөнінде «Бурабай-тазалық» коммуналдық шаруашылығының участке басшысы Александр Григоренко былай дейді: – Коллектордың құрылысы аяқсыз орта жолда қалды. Әйтпесе, осы сасық суды тасып неміз бар? Кәріз құдықтарындағы сасық суды таңнан қара кешке дейін тасимыз.Мүмкіндік болса, аузы-мұрнынан шығып, сыртқа тасып кетпеуге тырысамыз.
Бірақ бұл стансаға құйылған қалдық судың одан әрі қалай өңделетінін, қайда жіберілетінін ешкім білмейді. Бурабайдағы 20-дан астам демалыс орны мен 6 мың жергілікті тұрғын қалдық суды септикке ғана төгеді. Оның соңын өзіңіз шамалай беріңіз.
Елеусіз қалған Елек
Еліміздің батыс өңіріндегі су арналарының экологиялық жағдайы тіптен сын көтермейді. Мұндағы өзен-көлдерге құйылатын мұнай мен ферроқорытпа қалдықтарын бақылау мүмкін емес сияқты. Ақтөбе облысындағы Елек өзенінің жағдайы осы сөзімізге айғақ. Тобыл-Торғай экологиялық департаментінің есебіне жүгінсек, қазір Елек арнасы фосфор, стронций, натрий, церий, қорғасын, кобальт, мышьяк, молибден және басқа да зиянды заттарға толы. Қауіптілігі екінші санатқа жатқызылған мыс пен цинк мөлшері белгіленген деңгейден 48 есе асқан. Ал өзендегі мышьяк белгіленген нормадан 400 есе асып кеткен. Алға ауданында зауыттардан шыққан күл-қоқыс 240 гектар аумақтағы көлшіктерді құрайды. Онда бор сияқты элементпен қоса, 960 мың тонна улы зат жинақталған. Бұл жағдай әсіресе, жыл құстары үшін қауіпті болып тұр. Ары-бері ұшқан үйрек-қаз кейде бірнеше күн осы көлшіктерді паналайды.
Електегі жағдайды үкіметтік комиссия арнайы зерттеп, өзенді тек, бордан тазалау үшін 10 миллиард теңге бөлді. Бұл мәселенің бір жағы ғана. Ақтөбе қаласының коммуналдық қызмет мекемесі жыл сайын Елекке ағын суды босатады. Сол үшін бюджетке жыл сайын миллиондаған теңге айыппұл төлеп жатады. Жалпы, Ақтөбе, Алға және Қандыағаштың қалдық суды талайтын коллекторы пәлен жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Соның кесірінен, үш қаланың тазаланбаған қалдық суы Елек өзеніне барып құяды. Бұл мәселеге Елек өзенінің жыл сайын қатты тартылып бара жатқанын қосыңыз. Елек өзені біздің шекарамыздан шығып, Ресейде Орал өзеніне құяды. Яғни өздеріне қарай ағылған мыңдаған тонна қоқыспен қоса, химиялық реагенттерге солтүстік көршіміз де разы емес. Бұл мәселе халықаралық дау тудыруы да бек мүмкін.
Билікөл неден бүлінді?
Билікөл – оңтүстік өңірдегі ең ірі су алабы деп есептеледі. Берікқара мемлекеттік қорығының қапталында орналасқан көл көз алдымызда құрып барады. Кезінде сұлулығы тамсандырған Билікөл бүгінде батпақ басып, сасық шалшыққа айналуда. Соңғы жылдары суы тартылып, балық шаруашылығы саласы өз маңызынан айырылды. Ал бұрын бұл көл жылына 200 тонна балық беруші еді. Тараз су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары көлді құтқармас бұрын, жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізу керек деп есептейді.
Жамбыл облыстық мәслихатының шешімімен осы мақсатқа 3 миллион теңге бөлінген. Бірақ бұл қаржының көлді құтқаруға әлдеқандай жұмыс атқаруға мүлдем жетпейтіні белгілі. Бұл жұмыспен кімнің айналысатыны да белгісіз. Өйткені, Тараздағы ғылыми-зерттеу институтының басшылығы тендер жайлы құлақтанбаған.
Былтыр Шу-Талас экологиялық департаментінің қызметкерлері, Шу-Талас бассейні инспекциясы, Жамбылгидрометорталығы, Талас және Жуалы аудандарының прокуратура қызметкерлері бірлесіп, көлді жан-жақты зерттеген болатын. Су арнасының ағын сумен ластануы байқалмаған. Бұрын қалдықтарын төгетін ірі зауыттар жабылып қалған. Шу-Талас экологиялық департаментінің бөлім басшысы Науат Әбілхановтың айтуынша, көлдің арнасын механикалық тазалау түк пайда әкелмейді. Керісінше, зияны орасан болуы мүмкін. Өйткені, батпақтың астында жатқан улы химикаттар қайтадан көтеріліп, флора мен фаунаға оңалмастай зиян тигізеді. Мамандар Билікөлді сауықтырудың жалғыз жолы – Аса өзеніне суды көбірек босату керек деп есептейді. Деңгейі көтерілген көл содан кейін біртіндеп, қалыпқа келуі ықтимал. Бірақ Аса өзенінің арнасы маңында суды үнемдейтін технология жоқ. Каналдарға қалың қамыс өскен, қоқыспен бітелген. Сондықтан, Асаның суы жеткілікті деңгейде Билікөлге жетпеуі мүмкін. Өкінішті бір нәрсе анық. Биыл Билікөлде ешқандай өзгеріс болмайды. Шенеуніктер жайбасарланып жүргенде, Мойынқұмның кеудесіндегі маржандай Билікөл көзден ғайып болуы да мүмкін.
Тоқтар Жақаш,
(Ғаламтор материалдары
негізінде дайындаған)