«Алтын дарияның» ағысы бөгелгенде

01 сәуiр 2022, 11:50

Жойқын дауыл Каспий құбыр желісі консорциумының Ресейдегі терминал қондырғыларын істен шығарды. Сол-ақ екен, ұрынуға қара таппай, «сенсация – жаңалықты» күтіп отыратын әлеуметтік желі мен бірқатар хабар-ошар құралдарының көктен іздегені жерден табылды. Әдеттегідей, байыбына бармай жатып, «бұл қастандық», «бітті, күнкөріс көзінен қағылдық», «әдейі арандату» деп аттан салушылар да, «экономикалық одақпен ат құйрығын үзісу» керек дейтін «жөн сілтегіштер» де табыла кетті. Тіпті тасымалдан алшақ саланың сарапшылары да айқайға қиқу қосып, қанша триллион теңгеден қағылатынымызды да есептеп тастады. «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» дейтін сарындағы мұндай пікірлер осыдан 14 жыл бұрынғы қаржы дағдарысын еске түсірді. Сол уақытта саясаттанушылар, неге екені белгісіз, ақша әлеміне талдау жасап, «енді банк жүйесі күйрейді, экономика да құрдымға кетеді» деген боркемік болжамын тықпалап еді.

Ал мәселенің мәнісі неде? Мән-жайына үңілейік. Көзі қарақты қауым «Алтын дария» дегенде әлемдік базарға баратын мұнайдың сөз етілгенін жақсы біледі. Әңгіме Атырау өңірінен терістік көршіміздің Қара теңіз жағасындағы айлағына тартылған құбыр төңірегінде. Көпшілікке Каспий құбыр желісі консорциумы деген атаумен жете таныс. Дүлей дауыл сол айлақта мұнайды танкерге тиейтін қондырғыларды істен шығарды. Бір жақсысы, көп өтпей, олардың біреуі жөнделді. Қалғаны сәуірдің ортасына пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Қазақ мұнайының елеулі бөлігі осы бағытпен жеткізілетіні белгілі. «Қара алтынның» күретамыры мен ертеңгі халі хақында сөз қозғамас бұрын, оның тарихына тоқталған орынды. Бұл құбыр желісінің мән-маңызымен қабат, қазіргі құбылмалы ғаламдағы кереғар үрдістерді сипаттауға септігін тигізер деген ойдамыз.

Өткен ғасырдағы 90-шы жылдардың соңында мұнай-газ саласына маманданып жүрген тілшілерге «қара алтын» тасымалы ең күрделі де тартымды тақырып-тұғын. Үкіметте оны жіліктеп, көпшілікке қарапайым тілмен түсіндіріп беретін ауызы дуалы сарапшы да болды. Содан шығар, бәріміз өз ісінің нағыз білгірі Қайыргелді Қабылдин өткізетін басқосуды асыға күтетінбіз. Ол кезде интернет жоқ. Мағлұмат тапшы. Таным-түсінігіміз үстірт. Қойған сұрағымыз да нысанаға дөп тимей, айналсоқтап жүретін. Ондайда Қайрекең мысқылдап күлмейді, кейбір астамсыған шенеуніктей «соны білмейсің бе?» деп ұрыспайды. Карта бетіндегі қызыл, көк сызықтармен белгіленген бағыттарды тәптіштеп түсіндіреді.

Майталман маманның арқасында мұнайды игеру шетін іс екенін, ал оны әлемдік базарға жеткізудің машақаты одан да зор екенін түсіндік. Каспий мен Аралдың ешқандай мұхитқа апармайтын «алып көл» екенін білдік. Қазақстанның теңіз жолдарынан алыс жатқан ел екенін білдіретін құлаққа тосындау Landlocked County дейтін терминді естідік. Жас мемлекеттің көпвекторлық сыртқы саясат секілді шикізат тасымалында да баламалы бағыттарға өте-мөте зәру екеніне көз жеткіздік.

Құбыр тартылған, тасымал жолға қойылған бүгінгі күннің биігінен қарасаң, бәрі оңай боп көрінуі кәдік. Бірақ қалтарыс-бұлтарысы көп, мүдделер текетіресі бәсеңсуді білмейтін ғаламдық нарыққа енді кіріп жатқан жас мемлекетке оңай болған жоқ. Капитализм керуенін бастаған алпауыттармен тіл табысып, әлемдік базарға жету үшін, бейнелеп айтқанда, жоқтан барды жасауға тура келді. Қадым заманда «барлық соқпақ Римге апарады» дейтін. Қазақ елінің тауарын тек Ресей аумағы арқылы тасымалдауға болатын сол тұста. Қытайға әлі құбыр тартылмаған кез. Каспийдің күнгейіндегі Иранға қарай ең төте жолмен Парсы Шығанағындағы порттарға қарай құбыр төсей алмайсың. Өйткені санкция салқыны бұған рұқсат бермейді. Рас, Теһранмен мұнай алмасу (swap) жөнінде келісім жасалды. Бірақ көлемі аз болғандықтан, жоба тиімді бола қойған жоқ. Осы арада айта кететін тағы мәселе бар. Ол – елімізде өндірілетін мұнайдың біраз бөлігі нарықтағы ресейліктермен бәсекелес Батыс компанияларының еншісінде болуы.

Міне, осындай қиын шақта біздің билік соқтықпалы, соқпақсыз жерде жол таба білді. Атыраудағы Теңіз кенішінде шығарылатын қара майды тасымалдау үшін қарышты қадам жасалды. 1992 жылғы шілдеде Қазақстан мен Оман сұлтандығы арасында Каспий құбыр желісі консорциумын (КҚК) құру туралы жөнінде уағдаласты. Бір айдан кейін келісімге Ресей қосылды. Ал 1996 жылы 7 мемлекеттің компаниялары жобаның акционерлері атанды. Олардың арасында Chevron, LUKARCO, Mobil, Rosneft-Shell, «Транснефть» сияқты алпауыттармен бірге отандық «ҚазМұнайГаз» да бар.

Үш жылдан кейін ұзындығы 1500 шақырымдық құбыр желісі инфрақұрылымының құрылысы басталды. 2001 жылғы наурызда «Теңізшевройл» компаниясы өндіретін алғашқы мұнай құбырға жіберілді. Сол жылдың қазан айында Ресейдің Новороссийск айлағы маңындағы Оңтүстік Озереевка терминалынан алғашқы танкер жолға шықты. 2004 жылы Краснодар өлкесінде орналасқан «Кропоткинская» мұнай айдау стансасында Ресейде өндірілетін қара май КҚК жүйесіне келіп қосылды. Мұны айтып отырғанымыз, аталған құбыр желісімен тек біздің мұнай ғана тасылмайды. Демек табиғаттың тентек мінезі орыс мұнайшыларына да жайсыз тиді.
Жобаның бастапқы қуаты 28,2 млн тонна-тұғын. КҚК бұл межеге 2004 жылы жетті. Бес жылдан кейін Жобаның өткізу мүмкіндігін кеңейту жоспары қолға алынды. Сөйтіп 2018 жылы құбыр желісі арқылы жылына 67 млн тонна «қара алтын» тұтынушылардың игілігіне жарады. Алдағы жылы көрсеткішті 80 млн тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Консорциум Бас директоры Николай Горбань айтқандай, құбыр желісі тасымалданатын әрі CPC Blend (КҚК Қоспа) деп аталатын халықаралық нарықта айрықша сұранысқа ие. Айта кеткен жөн, мұнай құрамындағы күкірттің үлесі де көп емес. 0,54-0,56 пайыз шамасында. Әлгі қондырғылардың тезірек іске қосылуына, сауда-саттықтың жандануына көптеген елдер мүдделі деген сөз.

Осы аптада энергетика министрлігі Каспий құбыр желісі консорциумының терминалында жөндеу жөндеу жұмысы жүргізіліп жатқандықтан, мұнай өндірісінің көлемі тәулігіне 320 мың баррель (1,3 млн) тонна болуы мүмкін екенін хабарлады. Министрлік осы қысқару еліміздің ОПЕК+ шеңберінде алған міндеттемесінің бір бөлігі деп қарастырылатынын жеткізді. Айта кету керек, ОПЕК мүшелері мен аса ірі мұнай өндіруші мемлекеттер «қара алтын» нарығындағы бағаны тұрақтандыру мақсатымен өндіріс көлемін қысқарту жөнінде уағдаласқан. Бұған сәйкес, Қазақстанда шығарылатын мұнай 390 мың баррельге азаюы тиіс еді. Бюджеттің кіріс бөлігі 60 доллармен есептелгенін ескерсек, бұл қазынаға пәлендей салмақ түсірмеуі тиіс. Өйткені қазіргі баға 110 доллар төңірегінде.

Батыс пен Ресей арасындағы бұл жолғы санкция текетіресі қаншаға созылары әзірге белгісіз. Әйтеуір, бір күні аяқталары, халықаралық сауда-саттықтың қайта жанданатыны анық. Дегенмен оны күтіп, текке қарап отыруға да болмайды. Теңіз жолдарынан қашық жатқан Қазақ еліне ғаламдық базарларға апаратын жаңа бағыттар ауадай қажет. Ендігі жерде Азиядағы жаңа нарықтардың мүмкіндігі көбейетін секілді. Ендеше, Каспий теңізі, шығыс және күнгей бағыттардың әлеуетін пайдалану үшін білек сыбана әрекет ететін кез келді. Әңгіменің басында айтылған тасымалдағы көпвекторлық саясатты жандандыруға тура кеп тұр.

Срайыл Смайыл,
экономикалық шолушы

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?