
Алматының экологиялық ахуалы соңғы жылдары ерекше назарға алынып келеді. Қаладағы тұрмыстық қалдық көлемі өскен сайын, сәйкесінше, тазалық сақтау мен қалдықты басқару жүйесі де жаңа деңгейге көтерілуі қажет. «Алматы Тазалық» мекемесінің директорының шаруашылық мәселелері бойынша орынбасары Әдік Зәкіровтің айтуынша, қалада қоқыс жинау жүйесі толық қамтылғанымен, қалдық құрылымының күрделілігі мен заңсыз төгінділер мәселесі әлі де өзекті болып отыр.
Әдік Зәкіровтің айтуынша, соңғы жылдары тұрғындар тарапынан жиһаз, тұрмыстық техника, құрылыс қалдықтары сияқты ірі көлемді қоқысты рұқсат етілмеген жерлерге шығару әрекеті жиілеген.
«Алматы қаласының полициясының рейдтік топтары заңсыз төгінді орындарын анықтауды күшейтті. Бейнебақылау да көп көмектесіп жатыр. Бұзушыларға айыппұл өте қатаң» – дейді ол.
Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес, жеке тұлғаларға 20 АЕК, шағын бизнеске 30 АЕК, орта бизнеске 40 АЕК, ірі кәсіпкерлікке 100 АЕК айыппұл салынады.
Алматы 7 ауданға бөлінген, әрқайсысында «Алматы Тазалық» және мердігер ұйымдар белгіленген графикпен жұмыс істейді. Қалада 33 мыңға жуық қоқыс жәшігі бар, күн сайын олардың барлығы дерлік тазаланып отырады. 1300-ге жуық жұмысшы және 1000-нан астам арнайы техника жұмылдырылған.
Қысқы маусым алдында 619 арнайы техника аудан-ауданға бөлінді. Айталық, Алмалы — 120, Әуезов — 62, Бостандық — 116, Жетісу — 87, Медеу — 128, Наурызбай — 39, Түрксіб — 67.
Әдік Зәкіровтің дерегінше, Алматыда айына 14020,98 тоннаға жуық қоқыс шығарылады. «Органикалық қалдықтың көп болуы қайта өңдеу процесін қиындатады. Сол үшін сұрыптау инфрақұрылымын кеңейтіп жатырмыз», – дейді мекеме өкілі.
Алматыда соңғы мәліметтерге сәйкес, 10 қайталама шикізат қабылдау пункті, 85 торлы контейнер, 23 экобокс, 40 Sparklo фандомат орнатылған.
Жиналған пластик пен алюминийдің бір бөлігі қайта өңдеуге жіберіліп жатыр. Мысалы, 2025 жылдың қыркүйегінен бері 1,5 тонна тоқыма қалдығы, 176 мың пластик бөтелке, 45 мың алюминий банка жиналған.
«Тек қоқыс жинап қою жеткіліксіз. Тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтеру – маңызды», – дейді Әдік Зәкіров.
Сондықтан сенбіліктер жиі ұйымдастырылады. Бұл ретте жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының да көмегі көп тиіп жатқан көрінеді. «Алматының тазалығын сақтау — тек біздің мекеменің жұмысы емес. Бұл — әрбір тұрғынның мәдениеті мен жауапкершілігі. Қалдықты дұрыс тастауды үйренсек, қала одан да таза болады», – дейді Әдік Зәкіров.
Алматының қоқыс шығару жүйесі 100 пайызға қамтылғанымен, жыл сайын өсіп жатқан қалдық көлемі жаңа шешімдерді талап етеді. Қайта өңдеу инфрақұрылымын кеңейту, тұрғындардың жауапкершілігін арттыру және заңсыз қоқысқа қарсы бақылауды күшейту қажеттігі сөзсіз. Бұл ретте Алматы қаласы әкімдігі жүйелі жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді.
Дегенмен қала тазалығын сақтау тек әкімдіктің, коммуналдық қызметтің міндеті емес екенін есте сақтаған жөн. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек» атап көрсеткендей, әркім де жүрген жерінде қоқыс тастамауды әдетке айналдыруы қажет. Өйткені қаланың таза болуы ең әуелі тұрғындардың мәдениетімен байланысты. Бұл орайда соңғы екі-үш жылдан бері концерт, футбол матчы, спорт жарысы сияқты түрлі іс-шаралардан кейін келушілер қоқысты жинап, айналасын тазалап кететін жақсы әдет қалыптасқанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» бастамасы да өз жемісін беруде. Алдағы уақытта да осы үрдіс жалғасса, Алматы әлемдегі ең таза қалаға айналатыны сөзсіз.
Олжас Әбдіхалық
Сурет: Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі