
Алматы қаласы Алатау ауданында орналасқан Республикалық маңызы бар мемлекеттік индустриалдық аймақ — қаланың өндірістік қуатын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуда шешуші рөл атқарып отыр. Jas Qazaq тілшісі Алматы индустриалды аймағының бас директор орынбасары Диас Талғатұлынан аймақтың бүгінгі дамуы, экологиялық талаптары және болашақ жоспарлары туралы сұрап білді.
Диас Талғатұлының айтуынша, индустриалды аймақ — Алматы экономикасының негізгі драйверлерінің бірі. Бүгінгі таңда Алматы қаласының Индустриалды аймағында 124 компания жалпы құны 745,4 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жобаларын жүзеге асырып жатыр.
Бұл жобалар толық іске асқан жағдайда 18 651 жұмыс орны ашылады. Оның ішінде 2016-2025 жылдар аралығында 47 жоба жүзеге қосылып, олардың инвестициялық көлемі 332,5 млрд теңгені құрады. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарда қазірдің өзінде 8845 тұрақты жұмыс орны ашылған.
Биылғы көрсеткіш те көңіл қуантарлықтай. Аймақ аумағында 214,4 млрд теңгенің жеті жобасы іске қосылып, 4210 адам жұмыспен қамтамасыз етілген.
«Жыл соңына дейін тағы 7 жоба ашылады, инвестиция көлемі 7,3 млрд теңге, ал қосымша 947 жұмыс орны жасақталады», – деді бас директордың орынбасары.
Диас Талғатұлы келер жылы да өндірістік белсенділік бәсеңдемейтінін атап өтті: «Келесі жылы 8 жаңа инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жобалар тағы 735 жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік береді».
Сонымен қатар, Алматының индустриалдық аймағында өндірілетін өнімдердің басым бөлігі импортты алмастыруға бағытталған. Бұл — ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтуға және валюталық тәуелділікті азайтуға ықпал ететін маңызды қадам. Қазіргі таңда жалпы өндірілген өнімнің 10 пайызы экспортқа шығарылады.
Индустриалдық аймақтың басты артықшылықтарының бірі — барлық жобалардың экологиялық нормаларға сәйкестігі. «Әр жоба міндетті түрде Қоршаған ортаға әсерді алдын ала бағалау рәсімін әзірлейді. Бұл — теріс салдарды азайту, экологиялық қауіпсіздікті сақтау үшін жасалатын ең маңызды кезең», – деді Диас Мырзаханов.
Бұл процестерді бақылау Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасының құзыретінде. Жоба іске қосылғаннан бастап толық жұмыс үдерісі кезең-кезеңімен мониторингтен өтеді.
Аймақтың толыққанды дамуы үшін қажетті инфрақұрылым мемлекет есебінен жүргізілген. Инфрақұрылымды тартуға шамамен 34 млрд теңге жұмылдырылды. Оның ішінде жол желілері, электр қосалқы станциялары, нөсерлік (дренаждық) кәріз желілері, газ, су және интернет жүйелері бар.
Электр және жолдар индустриалдық аймақтың басқарушы компаниясына берілсе, интернет қызметі – «Jusan Mobile», сумен жабдықтау мен су бұруды «Алматы Су» мекемесі жүзеге асырады.
Айта кеткен жөн, индустриалдық аймақта орналасқан кәсіпорындардың негізгі бағыты — отандық өндірісті күшейту. Бұл компаниялардың негізгі миссиясы — импортты алмастыру. Ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз ету — негізгі басымдық.
Алматы индустриалдық аймағы — ел экономикасының стратегиялық нысандарының бірі. Мұнда жүзеге асқан әр жоба — қаланың дамуына қосылған үлес», – деді Диас Талғатұлы.
Алматы индустриалдық аймағы бүгінде қала экономикасын дамытып қана қоймай, мыңдаған тұрғынды жұмыспен қамтамасыз етіп, өңдеу өнеркәсібінің жаңа деңгейін қалыптастырып отыр. Инвестициялық жобалардың тұрақты түрде іске қосылуы, экологиялық талаптардың қатаң сақталуы және мемлекет тарапынан инфрақұрылымның жүйелі жүргізілуі — бұл аймақтың негізгі артықшылықтары. Өндіріс орындарының ішінде өңдеу саласы, құрылыс материалдары, тұрмыстық тауарлар, электр техникасы, жеңіл өнеркәсіп өнімдері, химия және фармацевтика жобалары бар.
Олжас Әбдіхалық
Фото: Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі