jasqazaq.kz

Алматыда тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді

Бүгін, 14:20
aqshamnews.kz

aqshamnews.kz

Алматының тұрғын үй саясаты ойдағыдай жүзеге асырылып келеді. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар – шаһардағы тұрғын үй қорының ұлғаюына, қолжетімді баспананың көбеюіне серпін беруде. Бұл туралы Jas Qazaq тілшісіне Алматы қаласының Құрылыс басқармасы жан-жақты мәлімет берді.

Басқарма басшысының орынбасары Даулет Болатұлының айтуынша, бүгінде Түрксіб ауданындағы «Жас Қанат» шағынауданында жалпы 41 үйден (3116 пәтер) тұратын ауқымды тұрғын үй кешенінің құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Оның ішінде 34 үй немесе 2581 пәтер пайдалануға беріліп үлгерген, ал қалған 7 үйде құрылыс әртүрлі деңгейде жалғасуда.

«Қазіргі таңда екі үйде құрылыс-монтаждау жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр. Ал бес үйде жобалық-сметалық құжаттаманы қайта әзірлеуге байланысты құрылыс уақытша тоқтатылды. Бұл — сапаны қамтамасыз ету мақсатында қабылданған шешім. Жалпы жобаны 2026 жылдың ІІ тоқсанында толық аяқтауды жоспарлап отырмыз», — деді Даулет Болатұлы.

Тұрғын үй құрылысы тек Түрксіб ауданында ғана емес, қала аумағындағы жаңа аудандарда да жүйелі түрде жалғасуда. 2029 жылға дейінгі тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде Наурызбай ауданының Қалқаман-2 шағын ауданында да көппәтерлі үйлер мен халыққа қызмет көрсететін нысандар бой көтеруде. Бұл – соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан аймақтың келбетін өзгертіп, жаңа әлеуметтік мүмкіндіктер ашатын жоба.

Жобада жалпы 594 пәтер қарастырылған. Басқарма басшысының орынбасары: «Бұл аумақтағы құрылыс жұмыстары толық көлемде жүріп жатыр. Қалқаман-2 ауданы жылдан жылға кеңейіп, жаңа инфрақұрылым қалыптасып келеді. Сондықтан салынып жатқан тұрғын үйлер ауданның келешектегі дамуына елеулі үлес қосады. Барлық құрылыс жұмыстары 2026 жылдың І тоқсанында аяқталады», — деп атап өтті.

Алматы қаласы әкімдігі әлеуметтік осал топтар мен жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы тұрғын үй бағдарламасын да назардан тыс қалдырмай келеді. Бұл мақсатта Құрылыс басқармасы мен «Алматы қаласы әкімдігінің күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС арасында 3150 пәтер сатып алуға келісімшарт жасалған. Әлеуметтік осал топтар үшін — 2100 пәтер, жұмыс істейтін жастар үшін — 1050 пәтер бөлінеді.

Даулет Болатұлының айтуынша, қазіргі таңда Алатау ауданындағы бірқатар жаңа тұрғын үй кешендерінен – Shahar City, Qargaly City және София кешендерінен 876 пәтер сатып алынып қойған. Оның 738-і әлеуметтік осал топтарға, 138-і жұмыс істейтін жастарға арналған. «Бұл – көптеген отбасының баспанаға қол жеткізуіне зор мүмкіндік береді», — деді ол.

Жалпы 3150 пәтердің 2274-і орналасқан тұрғын үй кешендерінің құрылысы 2024 жылдың желтоқсанында аяқталған. Қазіргі таңда сатып алу және рәсімдеу бойынша құжаттық жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Құжаттарды рәсімдеу — жауапты әрі мұқият жүргізілуі тиіс процесс. Біз заң талаптарын сақтай отырып, бұл жұмысты да жедел әрі сапалы орындауға күш салып жатырмыз», — деді басқарма өкілі.

Алматы қаласы тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстарды алдағы жылдары да жалғастыруды жоспарлап отыр. Мемлекеттік бағдарламалар мен жаңа аудандарда жүргізіліп жатқан құрылыстар — мыңдаған азамат үшін баспана мәселесін шешуге айқын мүмкіндік бермек.

Олжас Әбдіхалық

Бүгін, 14:20
Алматыда тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді
10 желтоқсан, 23:45
Алматының тазалығын сақтау – ортақ міндет
09 желтоқсан, 13:10
Алматы өңдеу саласын дамытуды жеделдетті
04 желтоқсан, 15:02
Алматыда Сайран көліндегі понтон көпірлер су деңгейінің төмендеуіне байланысты жыл сайын қыста алынады
03 желтоқсан, 19:08
Алматыда қатты отын қолданатын кәуапханаларға бақылау күшейтілді
01 желтоқсан, 15:36
Алматы метрополитені: 14 жылда 200 миллионнан астам жолаушы
28 қараша, 11:14
"Таза Қазақстан": Алматыда экологиялық жұмыстардың аралық қорытындысы шығарылды
26 қараша, 18:40
Алматыдағы зообақты кең көлемде жаңғырту жоспарланып отыр
26 қараша, 14:07
Алматыдағы ауыз су сапасы барлық санитарлық талаптарға сай