jasqazaq.kz

Алматыда өндіріс орындары көбейіп келеді

Бүгін, 9:59

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында жаңа өндіріс орындарын ашып, барынша дамыту керектігін атап көрсеткен еді. Мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындау бағытында Алматыда нақты жұмыстар қолға алынып, жүйелі түрде іске асып жатыр.

Айталық, былтырдан бері қаланың индустриалдық аймағында бірнеше жаңа зауыт ашылды. Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, радиатор, кабель және косметикалық өнім өндіретін кәсіпорындар жұмысын бастады.

Өткен жылғы желтоқсан айында Harmony Cable компаниясы кабель-өткізгіш өнімдерін шығаратын зауыт ашты. Оған 2 млрд теңге жұмсалып, нәтижесінде  50 жұмыс орны құрылды. Компания өкілі Мәди Мұқанұлының айтуынша, өндірісте Балқашта сатып алынған отандық мыс пайдаланылады. М.Мұқанұлы: «Зауыттағы қайта өңдеу көлемі жылына 1,2 мың тонна. Қазір мұнда катанкадан сым жасайтын желі ашылды. Сондай-ақ пластикат, яғни кабельдің сыртын орайтын изоляциялық материал өндірісінің қуатын арттырып жатырмыз», — деді.

Зауыт өнімдері отандық құрылыс компанияларына жеткізіледі, сондай-ақ Қырғызстан мен Тәжікстанға экспортталады. Болашақта Еуропа нарығына шығуды жоспарлап қойды.

Алюминий және биметалл жылу радиаторлары зауытының құрылысына Valtherm ЖШС 10 млрд теңге жұмсады. Осылайша Қытайда 20 жыл жұмыс істеген компания технологиясын Қазақстанға алып келді. Valtherm өкілі Юэн Си мырзаның айтуынша, зауытта жиналған лом қайта өңделіп, радиатор жасалады. Күніне радиатордың 10 мың секциясы өндіріледі. Алдағы уақытта құю машинасының санын 12-ге жеткізіп, өндіріс көлемін жылына 15 млн секцияға ұлғайту көзделіп отыр. Зауыттың бас директоры Сайын Мұсаев: «Үш гектар аумақта қосымша цех тұрғызу ойда бар. Онда газ қазандығы, панельдік радиатор, профильдер шығарылады», — деп кәсіпорынның келешек жоспарымен бөлісті.

Ал индустриалдық аймақтағы Telli Ondiris косметикалық өнімдер мен тұрмыстық химияны шығара бастағанына бір жылдан асты. Бұл зауыттың құны – 3 млрд теңге. Кәсіпорын аумағында өндіріс орны мен қоймалар, сондай-ақ зертхана орналасқан. Мұнда 49 адам жұмыс істейді. Қуаты жылына 30 млн дана өнім өндіруге жетеді. Зауытта күнделікті тұрмысқа қажет сусабын, бальзам-кондиционер, жуынуға арналған гель, сұйық сабын, лосьон, тоник пен мицеллярлық су өндіріледі. Өндірісте жергілікті шөптер пайдаланылады. Енді авторлық өнімдерге патент алуға дайындық жүріп жатыр.

Жалпы Алматының индустралдық аймағында 41 нысан жұмыс істеп тұр. 4 430 адам жұмыспен қамтылған. Оған қоса, 411,2 млрд теңгеге 66 жоба қолға алынған. Олар іске қосылғаннан кейін 7 453 жаңа жұмыс орны құрылады.

Биылғы жоспар бойынша, 135,5 млрд теңгеге 11 өндіріс орны ашылмақ. Олардың ішінде жеңіл автокөлік, биожем, шыны ыдыс, арматура торы және резина-техникалық бұйымдар шығаратын 6 ірі зауыт, бес шағын өнеркәсіп паркі бар.

Талап Тілеген

Суреттер: Алматы әкімдігі

 

Бүгін, 9:59
Алматыда өндіріс орындары көбейіп келеді
17 мамыр, 14:03
Қазақстандық альпинист Конституцияны Гималайдағы Айленд Пик шыңына көтерді
17 мамыр, 13:00
Жастар неге үйленуге асықпайды?
15 мамыр, 12:25
Бибігүл Дандығараева: Ұлттық құрылтай – елдің даму бағдары
14 мамыр, 16:42
Маржан Арапбаева: «Бақыттырақ болу үшін, мұрнымды жасаттым» (Видео)
14 мамыр, 16:16
Түркістан: егістік сусыз қалмайды
14 мамыр, 15:14
Түркістан облысында 14 индустриалдық аймақ жұмыс істейді
14 мамыр, 15:02
Түркістан: 41 мектепке жаңғырту жұмыстары жүргізіледі
14 мамыр, 14:50
Түркістан: Жол жөндеу жұмысы қарқынды