Биыл Алматы қаласы, Түрксіб ауданына қарасты «Қайрат» шағын ауданында жаңа мектеп-гимназия есігін айқара ашады. Түрксіб ауданы тұрғындарымен кездесуде Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев құрылысы аяқталған мектеп-гимназия жаңа оқу жылында қолданысқа берілетінін атап өтті.
1500 балаға арналып салынған №211 мектеп-гимназияда «Қайрат» ықшам ауданының балалары білім алады. Аудан тұрғындарымен кездесуде шаһар басшысы мектеп тапшылығын жойып, оқушыларға жайлылық орнату мақсатында іске асырылып жатқан жұмыстар туралы былай деді: «Сіздердің аудандарыңызда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Сондықтан біз жаңа мектептер салу және қолданыстағы мектептерді кеңейту жұмыстарын жалғастыруға ниеттіміз. Өйткені жылдан-жылға оқушы саны артып келеді. 2022 жылдың желтоқсанында қолданыстағы ғимаратты, яғни 860 орындық мектептің сейсмикалық қуаттылығын күшейтіп және 300 орынға қосымша құрылыс салу қолға алынды, №59 мектеп-гимназияның ғимаратын реконструкциялау жұмыстары басталды.
Бұл жұмыс 2024 жылдың І-ші тоқсанында аяқталып, оқушылар жаңа ғимаратта білім алады деп жоспарлап отырмыз», — деді қала әкімі.
Білім саласындағы қордаланған түйткілді мәселенің бірі – мектептердегі орын тапшылығы. Тек Алматы қаласында ғана емес, еліміздің барлық аймағында да осы кеп. Бұл тығырықтан шығу үшін ел Үкіметі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын қолға алды. Осы жоба аясында алдағы үш жылда елімізде екі және үш ауысыммен оқитын мектептердегі орын тапшылығы азаяды, мәселе түбегейлі шешіледі. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған мектептер іске қосылғанда 840 мың оқушыға орын табылады. Бұл дегенің екі немесе үш ауысыммен оқитын немесе апатты жағдайда тұрған білім ошақтарында тәлім алып келе жатқан балаларға орасан шаттық сыйлайды деген сөз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ілкі жоба ретінде Үкімет қолға алған «Жайлы мектептің» шарапатын алматылықтар да көреді. Осы ұлттық жоба турасында шаһар басшысы Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесу барысында биыл «Жайлы мектеп» жобасымен бұл ауданда бір емес, төрт бірдей мектептің құрылысы басталатынын жеткізді. Е.Досаевтың айтуынша, Түрксіб ауданында салынатын төрт «Жайлы мектепте» оқушылардың сыйымдылығы 6100-ге жетпек.
Бір айта кетерлігі, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының негізінде жүзеге асырылатын білім ошақтарының қазіргі салынып жатқан мектептерден едәуір айырмашылығы болады. Құрылысы бірыңғай стандартпен салынады әрі заманауи үлгідегі пәндік кабинеттер мен зертханалар толыққанды жабдықталады, бастауыш сынып оқушылары бөлек блокта 5-11-сыныпқа бөлек блок салынады. Оқушылардың санына қарай спортзалдар да көбейе түседі. Еңбек пәніне баулитын шеберхана да іске қосылады. Міне, осындай орасан игілікті Түрксіб ауданының оқушылары да көреді келешекте. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аясында тек мектеп салу ғана көзделмеген, жыл сайын қалалық және ауылдық жерлерде 1000 мектеп жаңарып, жаңғырып күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мұндай шарапат Түрксіб ауданындағы мектептерді де айналып өтпейді. Осы аудандағы жалпы білім беретін №195 және №198 мектептерге қосымша 1050 орынға құрылыс салынады, №83 гимназияның филиалын жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Сонымен бірге апаттық мектептерді жою бағыты бойынша №50 жалпы білім беретін мектептің ғимаратына сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізіледі.
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев шаһардағы мектептердің мәселесін оңтайлы жолмен шешіп, түйткілді дер уақытында тарқату қажеттігі уақыт күттірмейтін шаруа екенін айтты.
Қуаныш Рахмет