Алматыда медиа саласының майталмандары бас қосып, отандық журналистиканың тағдырын талқылады. Басты назарда – жасанды интеллектінің екпіні, газеттердің болашағы және ақпараттық қауіпсіздік мәселесі. Бұл туралы jasqazaq.kz хабарлайды.
Бұл өзгерістер қатардағы оқырман мен медиаменеджерлерге қалай әсер етеді?
Өткен сенбіде, яғни 20 желтоқсанда Алматыда «Цифрландыру дәуіріндегі масс-медиа трансформациясы» атты ауқымды жиын өтті. «Бас редакторлар клубы», ҚазҰУ және «Alatau Aqparat» ұйымдастырған шараға Парламент депутаттарынан бастап, жаңа медиа өкілдері мен ғалымдар қатысты.
Ресми деректерге сүйенсек, жиынның негізгі өзегі – технологиялық прогресс пен дәстүрлі құндылықтар арасындағы тепе-теңдікті табу болды.
Сенат депутаты және «Бас редакторлар клубының» президенті Бибігүл Жексенбай қазіргі уақытта ақпаратты шектеу емес, оған жауапкершілікпен қарау маңызды екенін баса айтты.
«Масс-медиа – ұлттық сананың айнасы. Әділетті қоғам құру үшін әділетті ақпарат кеңістігі қажет. Бұл ретте Парламент, Үкімет және азаматтық қоғам бірігуі тиіс», – деді депутат.
Жиында ерекше талқыланған тақырып – жасанды интеллект (AI). ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев оқу орнында «LG AI MediaLab» зертханасының ашылғанын хабарлады. Бұл – болашақ журналистердің AI құралдарын меңгеріп шығуына жасалған нақты қадам.
Ал ZTB media негізін қалаушы Марғұлан Тұрсыновтың пікірінше, цифрлық медианың дамуы бәсеңдеген жоқ, керісінше, жаңа форматтарға бейімделіп жатыр.

Алайда, технология өзгергенмен, басқару сапасы түспеуі тиіс. Медиаменеджер Телман Бейсен өз сөзінде: «Технология өзгеруі мүмкін, бірақ басқарушылық шешімнің сапасы мен редакциялық жауапкершілік өзгермейді», – деп, жаңа дәуірдегі басшылардың біліктілігіне назар аударды.
Цифрлық дүмпу дәстүрлі басылымдарға, әсіресе балалар әдебиетіне оңай тиіп тұрған жоқ.
«Простор» және «Ақ желкен» журналдарының басшылары жас ұрпақтың оқу мәдениеті төмендеп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Сарапшылардың пайымдауынша, бұл мәселені шешу үшін Оқу-ағарту министрлігімен бірлескен арнайы жобалар қажет.
Сондай-ақ жиында «Бас редакторлар клубы» ҚБ бірінші вице-президенті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Мұратбек Тоқтағазин, медиаменеджер Ерлан Бекхожин, PR маманы Айбар Олжай, Республикалық «Әділет» газетінің төрағасы Қуанышбек Ботабеков, жасанды интеллект зерттеушісі, Qazaq.today ақпрат агенттігінің директоры Мейіржан Әуелханұлы, «Қала мен дала» газетінің бас редакторы Ришат Әскербекұлы және өзге де сарапшылар салалық ұсыныстарын ортаға салды.
Жиын соңында қазақ журналистикасының дамуына үлес қосқан ардагерлер – Сағымбай Қозыбаев, Кәкен Хамзин, Марат Тоқашбаев және Нұржан Мұхамеджанова арнайы төсбелгімен марапатталды.