
Алматыда экологиялық мәдениетті нығайту соңғы жылдары қоғамдық өмірдің маңызды бағыттарының біріне айналды. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында қала тұрғындарын, әсіресе жастарды табиғатты қорғауға жұмылдыру бойынша аймақ билігі жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Jas Qazaq Алматы қаласы әкімдігінің деректеріне сүйеніп, талдау жасады.
Биыл «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы Алматыда кең ауқымда өтті. Алматы қаласы әкімдігінің мәліметі бойынша, 300-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, оған 65 мыңнан астам адам, оның ішінде жастардың басым бөлігі тартылды. Бұл дегеніміз — тек қатысу көрсеткіші ғана емес, экологиялық жауапкершіліктің жоғарылағанын білдіретін әлеуметтік тренд.
Тазалық шаралары барысында қаланың аулалары, саябақтары мен скверлері қамтылып, 120 гектардан астам аумақ тазартылды. Рейдтер мен сенбіліктер нәтижесінде 200 тоннадан астам тұрмыстық қалдық жиналды. Мұндай деректер акцияның қала санитариясына нақты әсер еткенін, ал жастардың атсалысуы оның тиімділігін арттырғанын дәлелдейді.Алматылықтар тек сенбіліктерге ғана емес, әртүрлі форматтағы экологиялық жобаларға да үлкен қызығушылық танытты.
Нәтиже төмендегідей:
• #ЭкоСана онлайн-науқаны – экологиялық әдеттерді көрсететін видеолар мен посттар жинағында 1,7 мыңнан астам қатысушы өз экологиялық әдеттері туралы видеоконтент жариялады.
• Plastic Hunt – 100-ден астам қатысушы 25 кило пластикті қайта өңдеуге тапсырды.
• Plastic-FREE Week – пластик тұтынуды азайтуға ынталандыратын бір апталық интерактивте шамамен 100 жас 200 килодан астам пластик қалдығын жинады.
• «Таза Student Campus» – жасыл кампус концепциясын талқылайтын онлайн ортада 500-ден астам студент кампустар аумағын тазартуға қатысты.
• EcoBench жобасы – 14 мың пластикалық қақпақтан жасалған орындықтар қаланың әртүрлі нүктелеріне орнатылды.
• «Қалдыққа екінші өмір» – қайта өңделген материалдардан 50-ден астам арт-жұмыс жасалды.
• «Қағаз boom» – жастар мен қала тұрғындары 2 тоннаға жуық макулатура жинады.
• Эко-сторителлинг: «Менің жасыл әдетім» – алматылықтар экологияға қатысты жеке тәжірибелерін цифрлық форматта бөлісті.
• «Эко-сұрыптау» онлайн форсайт-сессиялары – қалдықтарды бөлек жинаудың цифрлық тренингтері өтті.
Міне, осы секілді бастамалар жастардың экологиялық сауаты артып, табиғатты қорғау мәдениетінің өмір салтына айналып келе жатқанын көрсетеді. 2024–2025 жылдары экологиялық білімді ілгерілету офлайн шаралармен шектелмей, цифрлық платформаларға белсенді түрде шығарылды.
Жұмыстар экологиялық ақпаратты түсінікті әрі қолжетімді форматта таратып қана қоймай, алматылықтардың шығармашылығын, цифрлық дағдыларын дамытуға да ықпал етеді.
Алматыда өткен акция нәтижелері бірнеше маңызды тенденцияны көрсетеді:
1. Экологиялық мәдениет қалыптасып келеді. Тазалық шаралары уақытша акция емес, тұрақты әдетке айналу үстінде.
2. Қаланың санитарлық жағдайына нақты әсері бар. Жиналған қоқыс көлемі мен тазартылған аумақтар – экологиялық волонтерліктің зор нәтижесі.
3. Алматылықтар экология мәселесіне немқұрайлы емес. Қатысушылар санының көптігі олардың экологиялық бастамаларды қолдауға дайын екенін айғақтайды.
4. Экобілім беру цифрландыру арқылы тиімдірек бола бастады. Онлайн формат жастардың ақпарат қабылдау стиліне сай келеді.
«Таза Қазақстан» акциясы алматылықтардың экологиялық бастамаларға кең көлемде қатысуы арқылы жаңа деңгейге көтерілді. Жүздеген шара, мыңдаған қатысушы және цифрлық форматтағы инновациялық әдістер қаланың экологиялық мәдениетін жаңғыртуға мүмкіндік берді деп толықтай айтуға болады.
Олжас Әбдіхалық