Алты адамға ажал құштырған апат үшін өрт сөндірушілер де сот жағаламақ! «Алматы тауэрстегі»1 жыл бұрынғы алапат өртке қатысты процесс жалғасуда, деп хабарлайды ktk.kz.
Атышулы істің алдағы отырыстарында төтенше жағдай қызметкерлерінен де жауап алынуы мүмкін. Өйткені, осы іс бойынша айыпталып жатқан батут орталығының директоры жұмысшылардың өліміне құтқарушылардың да кінәсі бар деп отыр. Яғни, олар апат болған күні жалынды өшіріп, қайтып кеткен. Ал, өртке оранған ғимаратта қалып қойған жігіттерді құтқаруға келесі күні ғана кірісіпті. Әрі құтқарушылар бизнес орталықтағы өрт қауіпсіздігін 3 жыл бойы тексермеген дейді Дәурен Тұяқов.
Бұл Алматыда бұрын-соңды болмаған батут орталығын ашамын деп, басы бәлеге қалған кәсіпкер. Дәурен Тұяқов қауіпсіздік ережерін бұзғаны үшін айыпталып жатыр. Өзі кінәсін мойындамайды. Тіпті, былтыр қарашада болған алапат өртке өзгелер себеп дейді. Мәселен, «Алматы тауэрсте» түтінді соратын жүйе атымен болмаған. Бұған ғимаратты салған құрылысшылар кінәлі көрінеді. Бұған қоса, өрт сөндірушілердің жайбасарлығы болмағанда, өрімдей 5 жігіт түтінге тұншығып өлмес еді деп отыр.
Дәурен Тұяқов, айыпталушы:
-Сараптама бойынша, марқұмдардың түтінге тұншығып өлгені анықталды. Ал, апат болған күні құтқарушылар жалынды өшіріп, кетіп қалды. Далада жүрген жігіттер іште 5 адамның қалып қойғанын ескерткен. Бірақ, төтенше жағдай қызметкерлері оларды іштен тек келесі күні алып шықты. Әрі түтінді соратын арнайы құрылғы болғанда, олар тірі қалар ма еді.
Ал, марқұмдардың апаттық жағдайдағы есік арқылы далаға шығуға тырысқаны белгілі. Бірақ, ол жабық болып, 5 жігіттің мәйіті соның қасынан табылған еді. Міне, сол есікті бітеп қойған да көрші кеңсе дейді Тұяқов. Әрі «Алматы тауэрс» ғимарат иелері кооперативі де ісіне салғырт қарады деп кінәні өзі емес, өзгелерден іздеді. Сөзінің жаны жоқ емес. Апат болған күні бизнес орталығындағы өртке қарсы бірде бір жүйенің істемегені рас. Десе де, қазір бар кінә батут орталығының директоры мен сонда жұмыс істеген дәнекерлеушіге тағылған. Өйткені, жүргізілген сараптама оттың дәнекерлеу кезінде ұшқан шоқтан тұтанғанын анықтапты. Бұл екеуі 5 жігіттің өлімінен бөлек, нысандағы тамақтану орнын шығынға батырғандары үшін де жауап беруде.
-Біз онда жалпы соммасы 7 миллионға құрылғылар мен жиһаз орнаттық. Бәрі де су жаңа болатын. Өрттен кейін 2 миллионның заты ғана аман қалды. Қалған 5 миллионға алынған дүние бір сәтте күлге айналды. Сондықтан, өртке кінәлілер бізге осы қаржыны қайтарсын.