jasqazaq.kz

Алматы өңдеу саласын дамытуды жеделдетті

Бүгін, 13:10
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Сурет: Almaty-akshamy.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында, Алматыдағы өңдеуші саланы жедел дамыту және индустриялық-инвестициялық секторды қолдау бағыттары соңғы жылдары жаңа деңгейге көтерілуде. Осы және өзге де мәселелер туралы Jas Qazaq тілшісі «Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы» басшысының орынбасары Гүлім Қайратқызымен сұхбаттасты.

– Гүлім Қайратқызы, бүгінде Алматының өндірістік-инвестициялық саясаты қалай қалыптасып жатыр? Басымдық қандай салаларға беріледі?

– Алматы – ел экономикасының драйвері. Сондықтан бізге инвестициялық саясатты жүйелі әрі түсінікті етіп құру маңызды. Қалада бұл бағыттағы уәкілетті орган – Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы. Біз тек инвесторларды тарту ғана емес, арнайы экономикалық аймақтардың, кәсіпкерліктің, өнеркәсіптің, экспорттың дамуын үйлестіреміз.
2019 жылғы Президент Жолдауын және 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын орындау үшін «Almaty Business–2025» бағдарламасы қабылданған. Бұл – кәсіпкерлерге кешенді қолдау көрсететін негізгі құжат. Бағдарламаның операторы ретінде бұрынғы «Qoldaý» орталығы бүгінде «ABDC» – Almaty Business Development Company болып қайта құрылды.
ABDC – қалалық фронт-офис, яғни инвесторларға арналған толыққанды «бір терезе». Бұл жерде кез келген инвестор жобаны жоспарлаудан бастап іске қосуға дейін барлық қолдауды ала алады. Біз әкімдік тарапынан рұқсат рәсімдерін жеңілдетіп, жаңа жобалардың қайта инвестициялануын ынталандырамыз.
Қазір Алматыда инвестиция тарту үшін қажетті барлық институционалдық база бар. Басымдық IT-индустрия, өңдеу өнеркәсібі, туризм, логистика, креативті индустриялар мен қалалық инфрақұрылымға беріледі.

– Алматы қаласында өңдеу секторын дамыту бағытында қандай басымдықтар қойылған?

– Алматы қаласы өңдеуші секторды дамытуды стратегиялық басымдық ретінде айқындап отыр. Негізгі міндет – өндіріс көлемін ұлғайтып, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз ету және экспорттық әлеуетті арттыру. Қалада жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, тамақ өндірісі, машина жасау және құрылыс материалдары негізгі бағыттар болып табылады.
Биылғы 1 маусымда өңдеу өнеркәсібінде 19,3 мың кәсіпорын мен жеке кәсіпкер тіркелді. Ағымдағы жылдың қаңтар–мамырында олардың саны 233 бірлікке (+1,2%) артты, ал бір жыл ішіндегі өсім 1,2 мың субъектіні (+6,8%) құрады. 2019 жылдан бері өсім 8,5 мыңға жетті. Сала құрылымында азық-түлік өндірісі (21,8%), жиһаз (16,2%), киім (10,2%) және машиналар мен жабдықтарды жөндеу (8,2%) жетекші орын алады. Жоғары технологиялық өндірістер саны – 1,7 мың субъект (8,9%).
Айта кетейік, соңғы жылдары жиһаз, киім, дайын металл бұйымдары және жабдықтарды жөндеу бағыттары ең қарқынды дамыды. Орта кәсіпорындар саны 81-ге жетті. Биылғы қаңтар–мамыр айларында өндіріс көлемі 783,4 млрд теңгені құрап, 16,2 пайызға өсті. Құрылымда машина жасау (46,7%), азық-түлік (17,2%), металлургия (6,7%), минералдық өнімдер (6,0%) және сусындар өндірісі (5,5%) басым.
Әсіресе, машина жасау секторы жоғары қарқын көрсетуде. Машиналар мен жабдықтар өндірісі 7,1 есеге, компьютерлер мен электрондық жабдықтар өндірісі 93,7%-ға, автомобильдер өндірісі 37,1%-ға, электр жабдықтары 23,8%-ға өсті. Сонымен қатар ағаш өнімдері, полиграфия және минералдық өнімдер өндірісінде де тұрақты өсім байқалады.

– Шағын және орта өнеркәсіптік бизнес секторын қолдау бағдарламаларының тиімділігі қалай бағаланады?

– Расында, шағын және орта бизнес Алматы экономикасының 80 пайыздан астамын құрайды. Сондықтан бұл бағытқа айрықша мән береміз. Бүгінде қалада бірнеше республикалық және өңірлік бағдарламалар жұмыс істейді.
«Almaty Business–2025» бағдарламасы бойынша қаржылық қолдау екі ұйым арқылы көрсетіледі:
• Almaty Finance
• MFO «Almaty»
Кәсіпкерлер жылдық 2% немесе 6% мөлшерлемемен 500 млн теңгеге дейін, 84 айға дейін несие ала алады. Бұл – еліміздегі ең тиімді қаржыландырудың бірі. Кепілсіз несиелер де қарастырылған – сомасы 6 млн теңгеге дейін, мөлшерлемесі 12%-дан аспайды.
Сонымен қатар, «Даму» қорымен бірге «Jana Business» өңірлік бағдарламасы іске асырылуда. Мұнда мөлшерлеме – 7%, мерзімі – 7 жылға дейін, сома – 100 млн теңгеге дейін.
Қазіргі таңда біз әлеуметтік кәсіпкерлікті де белсенді дамытып жатырмыз. Әлеуметтік бизнес өкілдері 5 млн теңгеге дейін грант ала алады және жеңілдетілген жағдаймен үй-жай қолдануға құқылы. Өтінімдер әр тоқсанның 1–15 аралығында қабылданады.
Бағдарламалардың тиімділігі салық түсімдері, жұмыспен қамтылғандар саны және іске қосылған өндірістік жобалар арқылы бағаланады. Соңғы жылдары қолдау алған кәсіпкерлердің қатарынан мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылды.
– Әңгімеңізге рақмет!

Олжас Әбдіхалық

Бүгін, 13:10
Алматы өңдеу саласын дамытуды жеделдетті
04 желтоқсан, 15:02
Алматыда Сайран көліндегі понтон көпірлер су деңгейінің төмендеуіне байланысты жыл сайын қыста алынады
03 желтоқсан, 19:08
Алматыда қатты отын қолданатын кәуапханаларға бақылау күшейтілді
01 желтоқсан, 15:36
Алматы метрополитені: 14 жылда 200 миллионнан астам жолаушы
28 қараша, 11:14
"Таза Қазақстан": Алматыда экологиялық жұмыстардың аралық қорытындысы шығарылды
26 қараша, 18:40
Алматыдағы зообақты кең көлемде жаңғырту жоспарланып отыр
26 қараша, 14:07
Алматыдағы ауыз су сапасы барлық санитарлық талаптарға сай
25 қараша, 18:30
«Таза Қазақстан»: Алматының Жетісу ауданында Сейфуллин–Жансүгіров жолайырығын көгалдандыру жалғасып жатыр
18 қараша, 15:39
Түрксіб ауданы Алматының «жасыл-желегі жайқалған қала» мәртебесін нығайтып жатыр: 772 мыңнан астам ағаш егіліп, көшелер көгалданды