Алматы облысындағы жаңа қосалқы станция өңір әлеуетін арттырады

09 қазан 2023, 16:26

Алматы облысы — еліміз бойынша қарқынды дамып келе жатқан аймақтың бірі. Әсіресе, өңірде шағын және орта бизестің әлеуеті артып келеді. Облыс аумағына қарасты елді мекендерде тұрғындар саны жыл сайын өсуде. Соған орай, облыста электр энергиясын тұтынуға деген сұраныс жылдан жылға артып жатыр. Демек өңірді электр қуатымен қамтамасыз ететін жаңа нысандар салынуы тиіс.

Сондай жаңа нысанның бірі — «Көкөзек» қосалқы станциясы (ҚС-110/10-10кВ). Күні кеше оның құрылысы толығымен аяқталып, іске қосылды. Алматы облысының әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» қоры, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ («АЖК» АҚ) бірлесіп жүзеге асырған жоба Қарасай ауданындағы индустриялық аймақты электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Жобаның жалпы құны — 2,73 млрд теңге.

Қосалқы станцияны іске қосу рәсімі Алматы облысының әкімдігі, «Самұрық-Қазына» қоры, «Самұрық-Энерго» АҚ және «Алатау жарық Компаниясы» АҚ басшылары, сондай-ақ Алматы мен Алматы облысынан барған бірқатар БАҚ өкілдерінің қатысуымен өтті. Жиынды сөз сөйлеп ашқан Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өңір тұрғындары үшін аталмыш станцияның маңызы ерекше екенін атап өтті.

Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:

«Бүгінге дейін аудан әлеуетінің дамуы тежеліп келді. Мұнда жаңа жобаларды іске асыру, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын жаңғырту, өндіріс қуатын арттыру шектелген еді. «Көкөзек» қосалқы станциясын қосу арқылы аталған мәселелерді шешіп отырмыз. Әрқайсысы 63 мВ ампер болатын екі транформаторы бар жаңа қосалқы станцияны пайдалануға беру, қуат жетіспеушілігі мәселесін жойып, шағын және орта бизнес субьектілерін тиімді әрі тұрақты электр қуатымен жабдықтауды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар жаңа қосалқы станция бұл аймақта әлеуметтік, мәдени маңызы бар нысандарды салуға мүмкіндік береді.

Алматы облысының әкімдігі нысан орналасқан жерді заңдастыру мәселесін шешуге атсалысты. Облыстың инвестициялық тартымдылығын ескерсек, бұл нысанның стратегиялық әлеуеті өте жоғары. Өздеріңіз білесіздер, елдімекендер де күннен күнге өсіп жатыр. Қарасай ауданында орналасқан бірқатар кәсіпорындар да, қосалқы станцияның көмегімен әлеуетін арттыра алады. Облыс бойынша электр энергиясының тапшылығы әлі де бар. Жоспарда Қонаев қаласын дамыту, үлкен индустриялық аймақты жүзеге асыру бар. Сонымен қатар Шелек, Жетіген, Қазыбек сияқты елді мекендер индустриалды аймаққа кіреді. Былтыр ғана «Қайрат» индустриалды аймағын аштық. Оның ішіне 11 зауыт орналасты. Осындай индустриалды аймақтардың басым бөлігі электр энергиясын қажет етеді. Қазір алдымызға үлкен мақсат қойып отырмыз. Ең бастысы, инфрақұрылымды дамытсақ, Алматы облысында өндіріс саласы тез дамиды деген ойдамыз».

«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтовтың айтуынша, жаңа қосалқы станцияның құрылысы 2021 жылы басталып, жұмыс жүргізу кестесіне сәйкес жүргізілді.

Қайрат Мақсұтов, «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы:

«Өңір үшін өте маңызды энергетикалық нысан 346 шағын және орта бизнес нысандарын, сондай-ақ аудандағы тұрғын үй секторының 1362 тұтынушысын сенімді әрі тұрақты түрде электр қуатымен жабдықтауды қамтамасыз етеді. Қосалқы станция қосымша тұтынушыларды қосу мүмкіндігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осылайша өндіріс пен бизнесті дамыту үшін ғана емес, тұрғындар үшін қажетті әлеуметтік нысандарды салу үшін де қолайлы жағдай жасайды. Мысалы, бүгінде Көкөзек және Елтай ауылдарында 1500 баладан тұратын екі жайлы мектепті қосуға техникалық жағдай жасалды».

Осылайша, қосалқы нысан қазіргі таңда Қарасай ауданы бойынша электр энергиясына деген жетіспеушілікті толығымен жабады. Алдағы уақытта Қарасай ауданына жақын Іле және Жамбыл аудандарындағы шағын кәсіпорындардың дамуына да өз үлесін қосады. Алматы облысындағы экономиканың дамуына серпін беретін қосалқы станциялар жайлы «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарушы директоры Ернат Бердіқұлов ерекше атап өтті.

Ернат Бердіқұлов, «Самұрық Қазына» АҚ Басқарушы директоры:

«Алматы облысының экономикасы үшін маңызды оқиғаның куәсі болып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге басымдық беру керектігін атап өтті. Электр қуаты энергетика саласында басты рөл атқарады. Еліміз бойынша электр энергиясы қажет аймақтарға қосалқы станциялар салу жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Бүгінгі ашылып отырған «Көкөзек» қосалқы станциясы электр энергиясын қажет ететін жаңа тұтынушылардың қатарын арттырады. Сонымен қатар оған бизнес субьектілері де қосылады. Облыс әкімі айтып өткендей, жаңа қосалқы станция тұрғын үйлер мен қатар кәсіпорын ошақтарының дамуына да септігін тигізеді».

«Көкөзек» қосалқы станциясын жобалауға және оны салуға жауапты мамандар нысанның қазіргі заманғы стратегиялық және экологиялық қауіпсіздік талаптарына сай екенін айтады. Мұнда жетекші әлемдік өндірушілердің жоғары вольтті құрал-жабдықтары орнатылған.

Абай Асылов, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы:

«Компанияның инвестициялық бағдарламасы бойынша біз электр станцияларын қайта жаңғыртумен немесе жаңа қосалқы станцияларды салуды көздейміз. Ең басты мақсатымыз — тұтынушыларға тұрақты әрі сапалы түрде электр энергиясын жеткізу. Энергия көзін қажет ететін жаңа нысандарды қамту. Бұл өңірде электр энергиясының ташылығы қатты байқалды. Шағын және орта бизнесті дамытуға да мүмкіндіктің шектелгенін жоғарыда мамандар атап өтті. Жаңа қосалқы станция бұл мәселелердің шешілуіне үлкен серпін беретіні анық. Тек бизнес ошақтары емес, аудандағы маңызды әлеуметтің нысандардың да салынуына жол ашылды».

Алдағы уақытта Алматы облысы бойынша «Шелек», «Қапшағай», «Кербұлақ» электр станциялары жаңғыртылып, электр қуатын өндіру қарқыны артады. Сонымен қатар жаңа электр желілерін салу, ескірген жабдықты ауыстыра отырып, қолда бар трансформаторлық қосалқы станцияларды реконструкциялау жөніндегі жұмыстар да жүзеге асырылады.

Мақпал Ноғайбаева,
Алматы облысы
Суреттер: «Самұрық-Энерго» АҚ

Бүгін, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді