Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында елімізді жаңғырту бағытында қадау-қадау саяси шешімдер қабылданып, ауқымды жұмыстар еңсерілгенін атап өткен болатын. Мемлекет басшысы: «Небәрі бір жарым жылдың ішінде көптеген өзгеріс жасалды. Қолға алған шаралар нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнады. Басқару жүйесі ықпалды Парламенті бар Президенттік республика үлгісіне көшті. Елімізде «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы барынша орнықты» дей келе, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүзеге асыруда Парламенттің ықпалы жоғары екенін атап көрсетті. Ал Парламенттің ықпалын арттыруда аудандық мәслихаттардың атқаратын рөлі айтарлықтай.
Сөзіміз дәлелді болу үшін жуырда Астана қаласында Сенат жанынан құрылған Мəслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысына тоқтала кетейік. Бұл кеңес 17 жылдан бері заң шығарушы орган Парламент пен жергілікті мәслихаттардың тізе қосып жұмыс істеуіне кең өріс ашып отыр. Осы жолғы жиында мәслихаттардың мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі маңыздылығы талқыланды.
Кеңеске Алматы облысынан барған делегация мүшесі, Кеген аудандық мәслихатының төрағасы Алмасбек Нұғыман аталған іс-шараның маңыздылығын айтып өтті. Оның пікірінше, қуатты парламенті бар президенттік республика үлгісін күшейтуге кеңестің тигізер пайдасы зор. Біз аудандық мәслихат төрағасына «Жергілікті тұрғындардың талап-тілегі, өтініші Сенат, Мәжіліс депутаттары өңірге келгенде айтыла ма?» деген сауал қойдық.
Алмасбек Нұғыман, Кеген аудандық мәслихатының төрағасы:
«Әлбетте, айтылады. Парламенттің қуатты болуы қашанда халықтың қолдауынан. Сондықтан да депутаттар өңірлерді аралап, жергілікті тұрғындармен кездескенде келелі мәселелердің оңтайлы шешілуіне себепші болады. Күрмеулі шаруаның жүзеге асуына қозғау салады. Парламент депутаттары өңірлерді аралап, тұрғындармен кездескенде аудандағы шешімі қиын өзекті мәселелердің барлығы дерлік қамтылады. Жұртшылықтың талап-тілектерін үлкен мінберде, өзекті мәселе ретінде депутаттарымыз көтеріп жүр. Мысал ретінде айтсақ, аудан аумағындағы республикалық маңызы бар жолдар жөнделетін болды. Сонымен қатар республикалық деңгейде қолдау тапқан жобалар іске жүзеге асырылады».
Ал «Жергілікті халық сайлаған өкілдердің өңірде өтетін қоғамдық-саяси іс-шараларға қатысу белсенділігі қандай» деген сауалға ол аудандық мәслихат депутаттары өте белсенді екенін жеткізді. Сайлаушылармен кездесу, қоғамдық қабылдау, көшпелі қоғамдық қабылдау, депутаттық сауал лайықты деңгейде жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар жергілікті тұрғындардың тарапынан көтерілген мәселелер бойынша құзыры мекемелермен де тығыз байланыс орнағанын атап өтті.
Азаматтық қоғамның беделі артуы үшін депутаттар мен азаматтар арасындағы қарым-қатынас, байланыс нығаюы үшін сайлаушылармен жиі кездесудің маңызы жоғары. Мәслихат төрағасы бұл бағытта да ауқымды жұмыстар атқарылып келе жатқанын тілге тиек етті. Одан бөлек, аудан бюджетінің атқарылуын бақылау нәтижелері, коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасын бекіту, мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерін шаруа немесе фермер қожалығына бөлу де қырағы назарда екенін жеткізді.
Сонымен қатар, сайлаушылармен кездесуде мемлекет тарапынан жасалып жатқан әлеуметтік қамқорлық, бизнес ашып, кәсібін дөңгелетуге ынталы азаматтарға қолдаудың игілігін қалай көруге болатынын да жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін айтып өтті. Қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың күрмеулі мәселесі оңынан шешілуіне ықпал ету арқылы да депутаттар ел алдындағы азаматтық борышын ойдағыдай атқарып жүр.
Алмасбек Нұғыман, Кеген аудандық мәслихатының төрағасы:
«Жуырда Жылысай ауылы тұрғындарының сұранысына байланысты өзім бастап, мәслихат аппаратының басшысы және аудандық ауыл шарушылық бөлімінің бас маманымен бірге тұрғындармен кездесу өткіздік. Негізгі тіршілік көзі төрт түлік мал өсірумен күн кешіп келе жатқан ауыл тұрғындарына, оның ішінде жеке шаруа қожалық иелеріне 2,5 пайыз жеңілдікпен берілетін «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы несие алудың жолдарынан құлағдар еттік. Одан бөлек, ссы ауылға қарайтын Мойнақ елді мекенінің ауыз су мәселесін оңтайлы шешу жайы талқыланды. Мұндай кездесулер әр ауылда да ұйымдастырылады».
Осылайша Алматы облысы Кеген аудандық мәслихаты Мемлекет басшысының «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын орындауға өзіндік үлесін қосып отыр.
Қуаныш Бажақ,
Алматы облысы, Кеген ауданы
Сурет: Кеген аудандық мәслихатының төрағасы Алмасбек Нұғыманның мұрағатынан