«Алмас қылыш» шошитындай емес екен

12 қантар 2017, 14:57

Осында екінің бірі «Алмас қылышты» түсіргендердің артынан қуып жүріп, құмалағын түсіріп, одан қи үйемін деп үсті-басы садыра-садыра боп жатыр ғой)
Соншалық репетсіз рәсуа түсіргені несі деп шырт түкіріп, бұл фильмді қандай шартпен де көрмеспін деп шешкенмін. Сөйтіп, кеше көрдім. Құдай-ау, сонша қара аспанды төндіргендеріңді болайын – жап-жақсы фильм бұл!

Тарихи дәлдігімен таң қалдырмаса да, кола аралас қанымызда жүрген қазақ деген түйіршіктерді тітіркендірер тұсы аз емес. Әсіресе, Керей мен Жәнібектің, Қасым мен Бұрындықтың ағайыншылық арасын, бауырлық сертін әдемі ашып берген. Қасым мен шах Мұхаммедтің аналарының алдына берген уәделерін қандай қиын жағдай болмасын сақтағанының өзі не тұрады? Қилы замандағы текемет асты қулық, тектілік пен сатқындық, жаудың көзіне жаутаңдаған мәжбүр күй, алаң көңілді сездірте алды. Біз сарқыншағын сувенирдей сақтап жүрген қазақы болмыстың ерге жарасар, қыз-қатынға лайық пішінін көз алдымызда екі сағат ұстап тұрды. Шөкімдей қазақтың табанына шөңге боп кіргеннен бастап шүйдесіне шоқпар болып тиетін шаш жетпес мәселе ширатады, бар ше… Осының бәрі айтуға оңай болғанмен, сіз иланардай атмосфераны жасау иттірлік екенін білесіз.

Жәнібекті сомдаған Еркебұлан Дайыров осы образымен жеке рейтингімде отандық актерлар біріншілігінен Берік Айтжановты бульдозермен ысырды. Мойнына алған жауапкершілігінің салмағына мойымайтын қайсар сұлтанның тізесіне тізең тиіп отырғандай энергетика экранның ар жағынан тебеді-ей. Шайбанидің рөліндегі Досхан Жолжақсыновтың шаңқылдаған дауысы қандай, Айшварияның әйгілі «Умрао Жаандағы» кейпіне жетеғабыл қалған Қарлығаш Мұхамеджанованың әлпеті қандай… Басқа актерлік құрамнан да көтеремін көрмедім. Фильмде бірнеше ұрыс сахнасы болғанмен, ірісі – біреу. Әрине, Тайванның «Кемпірқосақ батырларындағы» сахналарды аңсағанмен, бізді баласын арқасына танып алып, жебесін жауға жаудырған батыр аналардың образы-ақ тойдырды. Таласбек Әсемқұлов жазып кеткен жаугершілікте бастырма жеп, сәпсем су болмағанда аттың жалын қанатып жіберіп, қанын ішу деген тәсілдерді де көрсетуге болар ма еді, келесісінен күтеміз енді.

Тоқетері, көңілден шықты. Тым жүрекке тиетіндей пафос та байқамадым. Айтпақшы, қазір кинотеатрда көрсетіп жатқан орыстың «Викингіне» де барғанмын. «Алмас қылыштың» орысша баламасы. Оныншы ғасырда Ежелгі Русьті ен жайлаған үш кінәздың арасындағы алауыздық, ақыры соның біреуінің алғаш православиені қабылдауы жайлы. Сол фильмге қанша миллион доллар салды, қанша жарнамалап бақты, бірақ іш кептірер быламық болып шықты.
Көршімізде «Викингте» тарихи шыңдық бұрмаланды деп кинотеатрлардан көрсетпеу туралы интернет-петицияға қол жинап жатыр. Білерім, «Алмас қылыш» «Викингтен» әлдеқайда жұмыр шыққан. Әрине, сіздер тізген кемшіліктің бәрі бар картинада. Қобыландының аты неге жиі ауысады, екі ғасыр кейін туатын Қазтуған жырау мұнда қалай жүр деген сынай береміз ғой, сынаңдар. Мен мына жерден Кәмшат Жолдыбаеваның сомдауындағы Аққозыны қабылдай алмадым деп сынайын, мысалы. Білмедім, Кәмшат ақ кимешектің астында қара латексте жатқандай, кереуетінен атып тұрып, «Бірге! Бүкіл әлем орансын бақыттты бір күйге» деп билеп кететіндей қорқып отырдым)

Оны қойшы, маған ерекше ұнайтын Мэл Гибсонның «Батыл жүрек» фильмі толып тұрған қателік қой, қарасаңыз. Уильям Уоллес пен жасағы жауын шошыту үшін бетіне жасыл бояу жақты, иә? Бұл дәстүр шотландтардыкы емес, ежелгі кельттердікі. Кельттер жындышатыс болған ба бірдеңе, жауына тыр жалаңаш шапқан ғой) Он үшінші ғасырда оны ешкім қолданбады. Сол фильмде шотландтардың бәрі әлгі юбкасында шауып жүреді, бірақ ол оқиға болған заманнан кемі 200 жылдан кейін қолданысқа еніп еді. Осылай қатесін шаштан бит сыққандай шыртылдата беруге болады.

Енді осы әркімнің сынын әріге қойып, сәл мемлекети көзді сығырайтып қарасақ, кесек дүние көрінеді «Қылыштан». Фильмнің соңындағы Керейді ақ киізге көтеріп, хан көтерген сәттегі жұрттың «Алаш!», «Алаш!» деп ұрандаған сәті call to action емей, немене? Дәл осы фильмге келгенде маникюр жасауға (тырнақ астынан кір іздеу) дым ынтам жоқ. Кеше адамның қарасы қалың болған-ды сеанста. Соңынан бәрі қол шапалақтады. Дәл жанымда едіреңдеген төрт жігіт әр сахнаға прикол ұстап, жыныма тиіңкіреп отырған. Фильмнің уақыты сырғыған сайын сөздері азайып, соңынан «Е, нормальный фильм, нормальный» деп қауқылдасып шықты. Бізге керек фильмнің бағасы осылай беріледі емес пе?

Марғұлан Ақан (Margulan Aqan) жазбақшы, «Сен кімсің ей, Шыңғыс ұрпағының алдын бөгейтін» деген Керейдің сөзі, ойраттың кеудесіне тірелген қамшының сұсты бейнесі… бәрі есімде.
Тарихымызды өзімізге шетелдік актерсіз таныстыратын фильмге жалғыз барайық, отбасымызбен барайық, ұжым болып барайық!
Бара алмасаңыз да, осы фильмнің дақпыртын жасап, жарнамасын жетістіріп жіберейік!
Сенен аяғанымды ит жесін дегендей, күнде мұндай кино түсіріле бермейді, көріңіздер!

 

 

Өркен Кенжебектің facebook парақшасынан 

16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде
05 шiлде, 14:06
Түркістан: Төлеби ауданында профилактикалық іс-шаралар басталды