
Қарағанды облысы – еліміздегі ірі индустриялық өңірлердің бірі. Соңғы жылдары тау-кен металлургия кешеніне негізделген облыс әкономикасы өңдеу өнеркәсібін дамыту, технологиялық жаңғыру бағытына бет бұрды. Инвестициялық жобалар көбейіп, жаңа өндіріс орындары іске қосылуда. Jasqazaq.kz тілшісі осындай бағыттағы жұмыстар туралы Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Молдакәрімовтен сұрап-білді.

– Әлібек Рысбайұлы, соңғы жылдары өңірде іске асырылған ірі өнеркәсіптік жобалар туралы айтып өтсеңіз.
– Қарағанды облысында инвестициялық жобаларды іске асыру қарқыны жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2024 жылы жалпы құны 131,4 млрд теңгені құрайтын 12 жоба іске қосылып, 1460 жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл жобалар негізінен өңдеу өнеркәсібіне бағытталған.
Олардың ішінде катодты мыс өндірісі, жарылғыш заттар шығару, кокс өндірісі, полиэтилен құбырларын өндіру, автоорталықтар мен логистикалық кешендер бар. Бұл жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік берді.
Ал 2025 жылы 279 млрд теңгеден астам сомаға 28 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде кремний қорытпаларын өндіру зауыты, жел электр станциясы, болат құбырлар өндірісі, алюминий радиаторлары, тұрмыстық техника өндірісі сияқты ірі жобалар бар. Бұл жобалар мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашып, өңір экономикасының құрылымын әртараптандыруға ықпал етуде.
Биыл 314 млрд теңгеге 44 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм және денсаулық сақтау салаларын қамтиды.
— Облыс үшін қабылданған «жаңа өнеркәсіптік саясат» аясында негізгі стратегиялық басымдықтар қандай және осы саясатқа сәйкес өңдеуші сектордың импортқа тәуелділігін төмендету мақсатында қандай нақты шаралар қабылданады? Осы шаралардың тиімділігінің қысқаша көрсеткіштерін атап өтсеңіз.
— Облыстағы өнеркәсіптік өндірісінің шамамен 70 пайызы тау-кен металлургия кешеніне тиесілі. Оған «Qarmet» АҚ, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, «Алтыналмас» АҚ, «YDD Corporation» ЖШС, «Asia FerroAlloys» ЖШС, «КЛМЗ – Maker» ЖШС, «Шұбаркөл Көмір» АҚ, «Nova Цинк» ЖШС және т. б. ірі кәсіпорындар кіреді.
Жыл сайын негізгі капиталға инвестиция көлемінің өсуі байқалады. Негізінен жеке инвестициялар есебінен жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарда өндірісті жаңғыртуға және жаңартуға, сондай-ақ жаңа жобаларды іске асыруға қаражат салынады. Айталық, өткен жылы жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртуға өнеркәсіп кәсіпорындары шамамен 500 млрд теңге инвестициялады. «Qarmet» жүйе құраушы кәсіпорнында жаңа инвестор өндірісті кешенді қайта құру және жаңғырту бойынша жұмыс жүргізуде.
Болат және көмір департаменттерінің өндірістік нысандарында заманауи тау-кен-шахта жабдықтары сатып алынды, төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша цифрлық жүйелер (персоналды орналастыру және іздеу жүйесі, газсыздандыру параметрлерін бақылау станциялары және т.б.) орнатылды. Сондай-ақ «Қазақмыс корпорациясында» барлық өндірістік объектілерде өндірісті жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізілді.
Балқаш мыс балқыту зауытында селенді тазарту және қымбат қожды ( шлак) қайта өңдеу бойынша жаңа цехтар пайдалануға берілді. Селенді тазартудың экологиялық таза технологиясы өндіріс рентабельділігін арттыруға мүмкіндік береді және мыс шикізатын өңдеудің кешенділігін қамтамасыз етеді.
«Нова мырышта» конустық ұсатқышты ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ Орталық, Шығыс және Батыс учаскелерінің Ақжал кен орнының жерасты кенішінің персоналы мен техникасын орналастыру жүйелері іске асырылды.
«Алтыналмас» компаниясы жобаны дамыту шеңберінде кәсіпорынның өндірістік тиімділігін, еңбек қауіпсіздігін және орнықты дамуын арттыруға бағытталған бірқатар цифрлық және инфрақұрылымдық шешімдерді енгізді.
Іске асырылып жатқан жобалар жасанды интеллект элементтерін қоса алғанда, озық технологияларды пайдалануға, бірыңғай интеграцияланған ақпараттық ортаны құруға, сондай-ақ өндірістік процестерді кешенді автоматтандыруға негізделген.
Отандық тауар өндірушілерді қолдау және сатып алудағы елішілік құндылық үлесін ұлғайту мақсатында жыл сайын облыс әкімдігі мен жүйе құраушы кәсіпорындар арасында елішілік құндылықты дамыту бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылады. Өткен жылы «Qarmet» АҚ-мен меморандумға қол қойылып, оның аясында облыстың 53 кәсіпорны 129 млрд теңге сомасына тапсырыстармен қамтамасыз етілді.
— Индустриялық-инновациялық даму тұрғысынан өңірлік кластерлерді, ғылыми-өндірістік хабтарды немесе шағын өнеркәсіптік аймақтарды дамыту бойынша қаржыландырудың және қазіргі уақытта іске асырылып жатқан бағдарламалардың негізгі көздері қандай? Сондай-ақ стартаптар мен ҚМШ (ШОБ) үшін инновацияларды енгізу және коммерцияландыру тетіктеріне тоқтала кетсеңіз.
— 2025 жылдан бастап жалпы сомасы 14,1 млрд теңгеге үш шағын өнеркәсіп аймағын құру бойынша жобалар іске асырылуда.
«Exim Star Қазақстан» ЖШС жобасы бойынша (жобаның құны — 728,5 млн теңге, оның ішінде кредиттік қаражат — 510 млн теңге, меншікті қаражат — 218,5 млн теңге) — құрылыс толығымен аяқталды, нысан пайдалануға берілді және жұмыс істеп тұр. «Строй Сервис Караганда» ЖШС жобасы бойынша (жобаның құны — 3 млрд теңге, оның ішінде кредиттік қаражат — 2,01 млрд теңге, меншікті қаражат — 0,99 млрд теңге) — құрылыс толығымен аяқталды, нысан пайдалануға берілді және жұмыс істеп тұр.
«OptimTech» ЖШС жобасы бойынша (жобаның құны — 10,5 млрд теңге, оның ішінде кредиттік қаражат — 7,35 млрд теңге, меншікті қаражат — 3,15 млрд теңге) — құрылысты аяқтау 2026 жылы жоспарланып отыр.
Жалпы тұрақты өсімді қамтамасыз ету үшін инвестиция тарту бағытынла жұмыс жалғасады.
Облыста қолданбалы инновацияларды дамыту және өнеркәсіп пен ғылым арасындағы кооперация бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Осы міндеттерді іске асыру құралдарының бірі Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің базасында құрылған «QarTech» өңірлік инновациялық-индустриялық хабы екенін айтқан жөн.
Хаб базасында жаңа әлемдік технологияларды зерделеу бойынша коммуникациялар орталығы құрылады, инновациялық жобаларды қолдау, стартаптар құру және техникалық салалар технологияларын дамыту үшін зертханалық инфрақұрылым, қызметтер мен бағдарламалар ұсыну жоспарлануда.
2025 жылы хаб қызметінің инновациялық ортаны қалыптастыруға және ғылым, білім мен өнеркәсіптің өзара іс-қимылының экожүйесін іске қосуға бағытталған бірінші кезеңі іске асырылды. Бірінші кезеңдегі негізгі нәтижелердің бірі — «QarTech» хабының материалдық-техникалық базасын қалыптастыру.
Биыл «QarTech» қолданбалы ғылыми әзірлемелердің өңірлік тізілімін қалыптастыруды, қолданбалы, Қарағанды облысының инновациялық әлеуетінің форситін өткізуді, сондай-ақ консолидациялау және шоғырландыру үшін ҒЗТКЖ тапсырыс берушілерінің витринасын құруды қоса алғанда бағдарламаларды масштабтауға және қолданбалы әзірлемелермен және өнеркәсіп сұраныстарымен жүйелі жұмыс құралдарын дамытуға бағытталған дамудың екінші кезеңіне өтеді.
Бұл ғалымдар, инженерлер мен студенттерді тарта отырып, өңір кәсіпорындарының нақты өндірістік және технологиялық міндеттерін шешуге мүмкіндік береді.
Ағымдағы жылы «Silumin of Kazakhstan» кәсіпорнымен бірлесіп алюминий технологиялары және инжиниринг орталығын, «QazTehna»-мен бірлесіп конструкторлық бюро, сондай-ақ тау жыныстары мен топырақ механикасы зертханасын құруды қоса алғанда, индустриялық әріптестермен бірлесіп зертханалық-өнеркәсіптік кешенді одан әрі жарақтандыру жоспарлануда.
Өнеркәсіпті автоматтандыру саласындағы жетекші инжинирингтік компаниялардың бірі — «Қазпромавтоматика». Ол «Картех» компаниясымен бірлесіп, өндірісті цифрландыруға арналған «MESone» платформасы сияқты өз әзірлемелерін қоса алғанда, өңірдің негізгі салалары – тау-кен өндіру, металлургия және энергетика үшін «толық аяқтау» жобаларының барлық сатысын іске асырады.
Тұтастай алғанда, «Картех»-ті дамыту өңірде маман даярлауды, қолданбалы ғылымды дамытуды және өңір өнеркәсібін технологиялық жаңартуды қамтамасыз ететін орнықты инновациялық-индустриялық экожүйені қалыптастырудың ұзақ мерзімді құралы ретінде қарастырылады.
— Әңгімеңізге рахмет!
Олжас Әбдіхалық
ФОТО: Gov.kz