Әлі де көзі һәм құлағы

01 шiлде 2022, 12:17

Газет-журнал оқысаң,
Көзіңді, қазақ, ашасың.
Дүние халін білмесең,
Ілгері қалай басасың?

Кеміткен жауыз надандық,
Надандықтан безелік!

Осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын Міржақып Дулатов халықты осылай мерзімді баспасөзді қолдауға, оқуға, көкірегі ояу болып, надандықтан аулақ жүруге шақырып еді. Ол ғана емес, Алаш алыптарының барлығы сауатты елдің ешкімге есесін жібермейтінін жете түсінген. М.Дулатов өлеңіндегі «Халыққа шашып жемісін» дейтін «Айқап» журналы, сондай-ақ «Қазақ»,
«Ақ жол», «Ұшқын» (бүгінгі «Егемен Қазақстан»), «Өртең» (бүгінгі «Жас Алаш») сияқты газеттердің мақсат-мұраты біреу-тұғын: жұртты ағарту, ілім-білімге жетелеу. Ұраны да анық: оқыған – жарық, оқымаған – ғаріп.

Арада жүз жыл өтсе де баспасөздің міндеті мен миссиясы өзгермеді. Қатары селдірей бастаған газет-журнал ел мен ұлттың жоғын жоқтайды, мемлекеттің мүддесін көксейді. Кешегі Ұлт зиялысы секілді бүгінгі тілші де мамандығының машаһатына шыдап күресе білген, қиындық-тауқыметке мойымай тіресе білген нағыз қайраткер! Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесінде осылай десек жарасар.

Ал енді бүгінгі күннің ерекшелігі мен тіршілігіміздегі түйткілдерге көшейік. Ескі таныстар, әсіресе, әріптестермен кейде кездесе қалсаң: «Jas qazaq» газеті бар ма өзі?» деп сұрайды. «Ия» десең: «Ее, әлі шығып жатыр екен ғой, жарықтық» дейді таңданысын жасыра алмай. Таңқалатын жөні бар. Батыста белең алған Postjournalizm and the Death of the Newspapers (Журналистиканың ақыры және газеттердің «өлімі») дейтін парықсыз пайымның ызғарлы салқыны бізге жеткенде, содан кейін жұрт жаппай әлеуметтік желіге көшкенде басылымның оқырманы азайды, таралым өрісі тарылды. Нарықтың қатал да қаржы қыспағы, қымбатшылық (қағаз, баспахана, тарату шығыны), әсіресе, өз күнін өзі көретін газеттерге ауыр тиіп, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін күйін кешті. Әйтеуір, мемлекетке мың да бір рахмет. Азын-аулақ болса да тиын-тебенімен жекеменшік басылымдарды да қолтықтан демеп, құрдымға кетуден құтқарып келеді.

Жақсыны жақсы деп айтуға тиіспіз. Кейінгі кезде мемлекет ақпарат құралдарының ұлттық идеологияның қалыптастырудағы рөлін оң бағалап, аталған салаға жете мән бере бастады. Дәурен Абаев ақпарат министрлігіне келген соң мемлекеттік тапсырысты орындаудың екі жаққа да тиімді тәсілін енгізді. Аида Балаева осы жүйені одан әрі жетілдіріп, журналистермен тығыз қарым-қатынас орнатты. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қазіргі министріміз Асқар Омаров БАҚ туралы жаңа заңның жобасын дайындауды көздейтін үлкен шаруаны қолға алды. Тілші қауым мен сарапшылардан құралған Жұмыс тобын құрды.

Сол Жұмыс тобына газетіміздің атынан біз де қосылдық. Журналистің мәртебесін айқындау жөніндегі ұсынысымды жеткіздік. Оның мәнісі мынада. БАҚ қызметкері әлеуметтік жеңілдіктерге мұқтаж. Әсіресе, ауылдан қалаға келген жас журналистің баспана түйткілін шешу – кезек күттірмейтін көкейкесті һәм өзекті міндет. Өйткені үй-жайына алаңдап, жұмысына жақын жерден пәтер жалдауға ақшасы жетпейтін журналистен жақсы дүние талап ете алмайсың. Осы мәселені көптен бері қозғап жүрген қазақтың қабырғалы қаламгері, сенатор – депутатымыз Нұртөре Жүсіп айтқандай, ешкім тегін үй сұрап жатқан жоқ. Тек бастапқы жарнаны төлеуіне көмектесіп жіберсе. Осы орайда бір кездері өзіміз жұмыс істеген Түркияның игі тәжірибесі бар екенін білдірдік. Түрік әріптестерімнің жеңілдетілген несиемен баспаналы болғанын, тілшілердің қоғамдық көлікті тегін пайдаланып, мәдени орындарға қызмет куәлігімен кіре алатынын айттық. Әзірбайжанда тек журналистерге арналған үй бар екенін қаперге салдық.

Капитализмнің тар жол, тайғақ кешу кезеңінде өмір сүргендіктен БАҚ, әсіресе, қазақ тілді, соның ішінде жекеменшік газет пен сайттың мемлекеттік тапсырыс арқылы жұмыс істеуіне қатысты ойымызды ортаға тастадық. Осыған байланысты нақты тақырып бойынша грант бөлу жөнінде ұсыныс бар. Бұл тапсырыс берушіге де, оны орындаушыға да тиімді. Мұны Jas Qazaq-тың тәжірибесі де растайды. Газет Қазақ баспасөзінің нағыз жанашыры, американдық «Шеврон» компаниясымен экология және өндірістегі қауіпсіздік тақырыбы бойынша бірлескен жобаны іске асырғаны мәлім. Міне, екі жылдан бері сенімді серіктеспен мүмкіндігі шектеулі жандарды практикалық журналистикаға баулитын арнайы курсты жүргізіп келеміз. Жер-жерде әлеуметтік жобаларды қолға алып, жұрттың ықыласына бөленген «Шевронның» жауапты да сауапты бастамасы отандық алпауыт компанияларға ой салса екен дейсің.

Бұқаралық ақпарат құралдарын толғандырған түйткіл жетерлік. Реті келгенде тағы да тоқталармыз. Ал қазір әріптестерімізге «Төл мерекеміз құтты болсын!» әлі де халықтың көзі һәм құлағы болып отырған «БАҚ-тың бағы жансын!» дейміз.

Срайыл Смайыл

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?