Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр жылғы Жолдауларында мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін жүріп-тұруына барынша қолайлы жағдай жасау туралы айрықша атап көрсетіледі. Мемлекет, қоғам тарапынан оларға тиісті деңгейде қолдау көрсетіле ме?
Еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкент қаласында бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізіледі? Журналист Мөлдір Кенжебай Шымкент қаласынан арнайы Jasqazaq.kz үшін осы тақырып төңірегінде ой толғады.
Менің қарсы алдымда есімі тұтас республикаға танымал ақын, кітапханашы, шектеулі мүмкіндіктің шексіз иесі отыр. Ол маған жанарының қараңғылығына қарамай жарық дүниенің сан алуан бейнесін өзінің ішкі көркем бояуында қалай көретіні жайлы сыр тербемек. Ол кім дейсіз ғой? Ербек Бакиев!
Өзге дені сау жандардың алдында өзінің мықтылығын дәлелдеп, айналасындағы адамдарға өмірге деген риясыз құштарлығын танытып жүрген азамат. Көзі зағип болғанымен, көкірегі ояу жандардың жан-дүниесін тербелткен өмірге деген ғашықтықты өнеге етіп жүрген қайсар жан. Оның өмір кітабын ашқанда тағдырының сан сырлы беттерін парақтап шықтым.
Қызылорда облысының Қазалы ауданында дүние есігін ашқан кейіпкерімнің тумысынан көзінде ақауы болды. Экологиясы нашар аймақ болғандықтан ба, көру қабілеті нашар болып, бала кезден-ақ мүгедек ретінде есепке алынды. Сондағы дәрігерлердің «Бәлкім, жер ауыстырсаңыздар, баланың көзіне, денсаулығына жақсы әсер ететін шығар» деген кеңесіне құлақ түріп, ата-анасы Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданына қоныс аударды. Жетісайда көзінен мүкістігі бар балаларға арналған білім ошағы болмағандықтан, ұлдарын Шымкенттегі көзі нашар көретін балаларға арналған «Үміт» мектеп-интернатына орналастырады. Ербек ол кезде тоғыз жаста. Ауылдағы ата-анасынан жырақта сол мектепте он бір жыл бойы білім алды. Бала Ербектің өзге балалар доп теуіп жүргенде «мен неге доп теппедім?!» деп өз-өзін қажайтын сәттері аз болмаған. «Доп теппесем де, әдебиетке деген құштарлық мені ұшпаққа шығарады. Осының түптің түбінде керегі бар шығар» деп жұбанады екен сонда. Айтса айтқанындай, сол оқыған кітаптары талай рет алдынан шықты. «Үміттен» кейін Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетінің қазақ тілі және әдебиеті мамандығына оқуға түсіп, сол жерден жоғары білім алып шықты.
Шымкенттегі 11 шағын ауданда орын тепкен қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың Тифлология деген бөлімінің терезесінен Уәлиханов көшесіндегі қала шуылы құмығып естіледі. Қарсы алдымда осы бөлімнің меңгерушісі Ербек Мейрамбайұлы отыр. Жұмыс үстелі, компьютерінің алдында он шақты кітап жатыр. Иә, ол бала шағынан кітапқа құмартып, кітапты кеміріп өсті. Сол кітапқа деген қызығушылық оны осы арнайы кітапхананың тифлология бөлімінің меңгерушісі етіп шығарды.
Тифлология бөлімі – зағип жандармен жұмыс істеу, көзі нашар көретін немесе мүлдем көрмейтін азаматтарға қызмет көрсету, олардың дамуына, ой-санасының өркендеуіне және қоғамға еркін бейімделуіне ықпал етуге барынша көмектесетін бөлім. Өзі секілді тағдырлас, салалас жандарға қызмет көрсетеді. Жанары жарықты көрмесе де, айналасын жүрек жарығымен, көңіл шуағымен оқып жүрген көз мүгедектігі бар жандарға барлық жағдай жасалыпты. Кітапхананың ішіне кіргеннен ерекше жайлы атмосфера сезіледі. 2021 жылы модернизациядан өткеннен кейін мүлде жаңа кейіпке енген. Апта сайын түрлі тақырыптағы іс-шаралары үзілмейді. Мұндай жиындар тағдырлас жандардың қарым-қабілетін ашуға, талантын шыңдауға, мотивация беруге таптырмас олжа.
«Кітапханамыздың дыбыс жазу бөлімінде мүлдем көзі көрмейтін, Луи Брайль жүйесін әлі жаттап үйренбеген оқырмандарға дикторлардың дыбыстауымен кітаптар оқылып, өңделіп, оқырманға беріледі. Оны флешкаға не дискіге салып, өзінің компьютеріне, ноутбугіне көшіріп, қалта телефонына өткізіп алып, Телеграмға сақтап алып, тыңдап жүреді. Қандай жағдай болса да сана түзеліп, даму керек. Адам білімді, рухани бай болса, ешуақытта қор болмайды. Сол үшін әрдайым жаңа кітаптар, хабарламалар, ақпараттар, қандай да бір байқаулар болып жатса, оқырмандарды хабардар етіп отырамыз. Біз оқырмандарымыздың жетістігімен мақтанамыз. Кітапханада елуден аса қызметкер бар. Оның көбі — зағип жандар. І және ІІ топтағы мүгедектігі бар оннан аса қызметкер жұмыс істейді. Осы тифлология бөліміндегі Гүлсара Қаттабекова бірінші топтағы көз мүгедегі. Бірақ оның кітапхана ісінен бөлек көптеген таланты бар. Мәселен, көз мүгедектері арасында көзін жауып қойып ойнайтын теннис үстелінен 2024 жылы Швейцарияның Цюрих қаласында өнер көрсетіп қайтты. Қазақстанның үстел теннисінен құрама командасында өнер көрсетіп жүр. Әр түрлі бағытта белсенді тағдырластарымыз бар. Ғабит Жақсыбаев дейтін азамат І топтағы көз мүгедегі бола тұра, кітапханамызда цифрлы педагог болып істейді. Зағип жандарға Луи Брайль жүйесіндегі оқу, жазуды тікелей осы ұялы телефон, ноутбук, компьютерде де үйретеді. Дыбыс жазу бөліміндегі Сейілхан деген азамат та І-топ мүгедегі бола тұра қоғамға белсене араласады. Кітапханамыздың басшысы Ахат Қанатұлы Нысанбеков — І топтағы көз мүгедегі. Көз жанары мүлдем көрмесе де, тоғызқұмалақтан түрлі жарыстарда қолмен сипап сезу арқылы жеңімпаз атанып жүр. Ибраш Мансұрбек деген бауырымыз да көзі мүлдем көрмейтініне қарамастан, Қазақстанда бірнеше рет өткен зағип жандар арасындағы жүзуден бірінші орынды 16 жылдан бері бермей келе жатқан азамат. Бірақ қазір жас ерекшелігіне байланысты спортты қойды. Әлемнің көптеген дамыған алпауыт мемлекеттерінде, астаналарында еліміздің атынан қатысып, жалаулатып, жүлделі орын алып қайтқан. «Көз жанарым көрмейді» деп салы суға кетіп отырған жоқ. 2010 жылы қалаға келгеннен бері жүзуге қабілетін шыңдаумен болды. Әуелі қаланы, сосын облыс, республиканы бағындырып, ақырында әлемдік аренаға шықты. Бірақ бір ғана «әттеген-айы» бар. «Әлемнің қаншама мемлекетіне барғанымды қайтейін, оның ешбірін де көре алмаймын ғой! Иә, айналамдағы адамдардың айтуымен түйсінемін. Бірақ көзбен көрген бөлек қой!» деген кезінде көзіңнен еріксіз жас ыршиды. Ән өнерінен де алдына қара салмайтын, халықаралық деңгейде мойындалып жүрген әншіміз Қасымхан Тәңірбергеновтің көзі нашар көреді, бірақ дауысы керемет. Ол ән айтқанда жанын жеп, құлағыңның құрышын қандырады», — дейді Ербек Мейрамбайұлы.
Өзгеге ұқсамайтын өмір. Мүмкіндігі шектеулі екендігіне қарамастан, үлкен-үлкен істердің басын қайырып жүрген батыл да батыр азаматтарға қарап таңданбасқа, таңдай қақпасқа шараң жоқ. Ербек Бакиевтің қаламынан 2014 жылы жарық көрген «Өмірге ғашық жүректер» атты кітапта өзі сияқты тағдырластары туралы жазылды. Өңірдегі жиырма бес зағип жанның жеткен жетістігін қаламына арқау етті. Бұл кітапты оқыған әрбір адам «неге біз өмірге өкпелей береміз!» деп ойланатыны даусыз. «Адам өмірге бір-ақ рет келеді. Біз ашуланған кезде не болады? Жүйке тамырларымыз жарылады, көңіл-күйіміз бұзылады, ренжиміз. Кім ұтады, кім ұтылады? Екі ортада өзіміз ұтыламыз. Сондықтан адам тағдырына ренжімесін, талпынсын, ұмтылсын. Шабыт маған көңіл-күйіме қарай келеді. Қуанған кезде көңілді өлең жазуым мүмкін. Мұңайған кездегі өлеңдерім сирек. Себебі мен өмірг мұңая бермеймін. Өйткені, біз қайтып келмейтін адамдармыз. Бүгін бармыз, ертең жоқпыз. Артымыздан жақсы із қалса деймін. Менің тақырыбым –өмірге құштарлық», — дейді автор.
Иә, ол «тағдырыма тәнтімін» деп жүріп үшінші кітабын жарыққа шығарды. Айтыскер ақын Талант Арғынғали айтпақшы, ойы орнықты, қаламы қалыптасқан, айтары анық ақынның өмірінің өрнегіне айналған өлеңдері жанға жайлы, жүрекке қонымды. Жанын кейде күйзелтіп, кейде жадыратқан шақтарды өлеңмен өрнектейді. Тірі пендеге айтылмас жан сырын да өлеңге ақтарады. Жанын қинаған азаптан өлең арқылы емделіп жүргендей көрінеді.
«Тартылып теңіз толқыны тоқтап қалғанда,
Тосқауыл қойып ойдағы сансыз арманға.
Таңбасын салды тағдыр да менің көзіме,
Жарықты шала көрсетіп мына жалғанда», — деп тағдырына наласын білдіргенімен, ойының түйінін:
«…келешек күнге үмітпен басып қадамды
Ізгілік жолмен жетейік аман ақ таңға», — деп барды бағалау, асылды ардақтау керек деп түйеді.
Өміріне өлеңнен мән тапқан ақын жас таланттарды да қолдаудан танған емес. Биыл алтыншы рет мүгедектігі бар азаматтар арасында «Мөлдіреген жыр сезім» республикалық әдеби байқауын ұйымдастырып жатыр. «Бір жағы жастарды қанаттандырамыз. Екінші жағынан шығармашылықты, әдебиетті насихаттаймыз. Әдебиетті насихаттау арқылы талантты жандарды ел алдына шығарамыз. Биыл да сол дәстүрден жаңылмай, Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қабылбекова апамыздың жетпіс бес жылдығына орай күзге қарай өткізсек деген жоспар бар», — дейді байқау ұйымтастырушысы Ербек Мейрамбайұлының өзі. Иә, жалғанды шалажансар жанарымен көрсе де, қолынан келгенше өзгеге де болсын деп тыным таппайтын Бакиев Тоқаевтың төс белгісімен және Қазақстанның Құрметті кітапханашысы төс белгісімен де марапатталған.
Ендігі әңгіме – көз мүгедектерін әлеуметтік қолдау жайында. Ербек Бакиев бір кітапхананың жұмысымен шектелетін азамат емес. Жергілікті «Оңтүстік» телеарнасында «Ізгілік мекені», «Отырар» арнасында «Ерекше жандар» бағдарламаларын жүргізді. «Шалқар шабыт» атты газет те шығарды. 2018 жылы Қазақстанның КИнЭС рекордтар кітабына «Еліміздегі тұңғыш зағип тележүргізушілер» деген айдармен енді. Телехабарларында елімізге белгілі ақын-жазушыларымен сыр-сұхбат жүргізіп, түрлі сала мамандарын да сөйлетті. Сондағы мақсат біреу ғана. Мүгедектігі бар азаматтардың қоғамда жеткен жетістігін жырлау арқылы қалғандарына мотивация болсын деп аянып қалмады. Әлеуметтік қолдау мен құжат тапсыру жолдары, аурухана мәселелері, т.с.с. туралы зағип жандарға тамшыдай болса да көмек берейін деп тырысты. Нәтижесі жаман болмады, қаншама замандасына үміт пен талпыныс сыйлады. Осының өзі — зағип жандарға деген әлеуметтік қолдау.
«Шымкент қалалық арнайы кітапхананың іргетасы сонау 1969 жылы қаланған. Биыл мекемеге 56 жыл толып отыр. Былтыр 55 жылдығы кең көлемде аталып өтілді. Республикалық деңгейде барлық арнайы кітапханалардың басын қосып, екі күндік халықаралық конференция ұйымдастырды. Шараға алыс-жақын көрші мемлекеттерден әріптестеріміз қатысты. 55 жылдыққа орай спорттық және әдеби жарыстар өтті. Кітапханаға 22 мыңға жуық оқырман тіркелген. 148 мыңға жуық кітап қоры бар. Оның 51 пайыздан астамы арнайы саусақпен сипап оқу кітаптары мен дыбысталған дискілер. Оның бәрі оқырманға қолжетімді. Кітапхана мәдениеттің ғана ордасы емес, ол кітаптың сақшысы. Осы кітапхана арқылы қаншама адам отбасы болып бас құрады. Ай сайын тұрақты түрде басқосу ұйымдастыратын «Тағдырластар» және «Ғибрат» клубтары жұмыс істейді. Барлығы да оқырманға қызмет етеді. Залдарымыз толықтай жарықтандырылған. Кез келген уақытта келіп, интернетті, ноутбукті қолдануына мүмкіндігі бар. Қоғамның мүгедек жандарға дұрыс көзқарасының қалыптасып келе жатқандығы қуантады», — дейді кейіпкерім.
Тағы қандай әлеуметтік көмектер бар дейсіз ғой? Бірінші топтағы көз мүгедегіне жыл сайын мемлекеттен тифло құралдар, әр үш жыл сайын ұялы телефон, әр бес жыл сайын кітап оқитын оқу машинкасы тегін беріледі. «Сонымен қатар жыл сайын Қазақстанның кез келген қаласына курорттық санаторийге демалысқа жолдама беріледі. Әлеуметтік портал арқылы санаторийлерді өзіміз таңдаймыз. Он төрт күн ем аламыз, дем аламыз. Мысалы, кімнің қан қысымы жоғары болса, соған ыңғайлы санаторийге барады. Біреу тау жаққа барғысы келеді. Мен өзім жыл сайын санаторийде демаламын. 2021 жылы Сарыағаш қаласындағы «Асыл бұлақ» санаторийінде, 2022 жылы Көкшетаудағы «Алмаз» санаториінде, 2023 жылы Талдықорғанның ар жағындағы Текелі деген жерде, 2024 жылы Баянауылда, Жасыбай көлінің жағасында демалдым. Биыл қайтадан қайтадан Көкшетауға Бурабайға жолдама алып отырмын. Жеке өз басым әлеуметтік қолдаудың көп шарапатын көрдім. Мемлекет тағайындаған тағайындаған жәрдемақы ай сайын уақытылы түсіп жатыр. Одан бөлек, емханадан өзімізге қажетті дәрі-дәрмектерімізді алып, емделіп тұрамыз. Мемлекеттің бізге жасап жатқан қолдауының ішінде ең маңыздысы және қажеттісі 2016 жылы Астана шағын ауданынан екі бөлмелі пәтерге қол жеткізуіміз», — дейді ол.
Мүгедектігінің санатына қарай ноутбук те беріледі екен. «Бірақ осындай әлеуметтік қолдауларды зағип жандар біле бермейді. Сол үшін де кітапханамызға келген оқырмандарымызды ұдайы әлеуметтік саладағы қолдаулар мен жаңалықтар туралы хабардар етіп отырамыз. Өйткені ол өзін қоғамнан шет сезінбеуі керек. Тек қана Алланың сынағы болуы мүмкін. Ал қалған жағдайда ақыл-есі дұрыс, басы жұмыс істеп тұрса, оның білім алуға, ізденуге, шетелде оқуға немесе шетелгеқыдыруға, жалпы жан-жақты қабілетті болуға құқығы бар. Қазір алдыға ұмтылмасаң, аямайтын заман деп жатады. Сондықтан замандастарымыздың тарапынан да ізденіс, талпыныс болғаны абзал», — деп Ербек ағамыз әлеуметтік көмектерге тоқталып өтті.
Кейіпкерімнің айтуынша, мемлекет мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барлық жағдайды жасап жатыр. Тек көкірек көзін ашып, санасын дамытса болғаны. Жеке кәсіпті де қолдап, қайтарымсыз қаржыны да беріп жатыр. «Жаман-жаман» дей бергеннен ештеңе шықпайды. Кейде қарап отырып сынап-мінейтіндер табылады. Президентіміз Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, еңбек адамын насихаттауға бетбұрыс жасады. Өйткені қоғамда маңдай терін төгіп, бала-шағасына адал асын жеткізіп жүрген қаншама еңбек адамдары бар. «Сіз бен біз осы қалада тұрып жатырмыз. Әркім өз қаласын жақсы көрсе, алдындағы тасты жолынан алып тастаса да, келесі адамның жүруіне қандай күш болар еді. Адам теңізге теңелсем дейді. Біз бергі жағалауын ғана көріп, бағамдап жатамыз. Оның ішкі жан дүниесіне үңілмейміз. Сыртқы болмыс бөлек. Адамдық болмысты сатып ала алмаймыз. Санамызды тазалап, нұрландырып тұру үшін бір аптада бір кітап оқиықшы! Мейлі бір кітапты бір ай оқыңыз, мейлі екі ай оқыңыз, бірақ соны түсініп оқып, сол кітаптан азық алсаңыз, оның өзі үлкен жетістік. Бір кітапты табу үшін мың кітапты оқимыз. Мың кітаптың ішінен сол бір кітабын табамыз. Нарықтық қымбатшылық заманда қыбырлап еңбек етсең ғана ақша болады. Керегіңнің барлығын мемлекеттен сұрай берген де болмайды. Көзін тап та, еңбек ет. Барды бағалай алмайтын уақытта тұрмыз. Үйде отырып, әр түрлі пікірлерді жазып, оңды-солды түкірігін шашып отырған адамдар оның орнына кітап оқып, жақсы ақпараттарды, руханиятты бойына сіңірсе, нұр үстіне нұр. Әр нәрсеге оң көзқараспен қараса, сәтсіздік пен кереғарлық азаяды. Тәрбие басы – тал бесіктен. Баламыздың өзін қазір қалай тәрбиелейміз? Мектепке барса, «Сені ұрды ма? Сен де оны аяма!» деп айтамыз. Ал баланы мейірімді етіп тәрбиелесек, мәселенің бәрі шешіледі. Бізден алдыңғы толқын қандай еді? Жасындай жарқылдап өткен Ғани Мұратбаев небәрі 23-ақ жыл ғұмыр кешіп, қысқа да саналы ғұмырында аты Алашқа мәлім болды. Ташкентке барып бала оқытты, санасын зерделеді. Ал 27-ақ жыл өмір сүрген Сұлтанмахмұт Торайғыров «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып Күн болуға» талпынды. Дәл сондай 27 жыл ғұмырының соңында Шоқан Уәлихановтың қаншама құнды еңбектері қалды. Ал біз ұлт үшін не істеп жүрміз?! Өзіме-өзім осы сұрақты көп қоямын. Бәлкім, таудай тірлік тындырмаған шығармын. Әйтеуір айналама кесірімді тигізбей, жақсы сөзімді айтып, ешкімге қиянат жасамағанымның өзін жаныма медет етемін. Кішіпейілділік ешқашан адамды жамандыққа итермейді». Ербектің масылдыққа қарсы ішкі түсінік, міне, осындай.
Ербек Бакиевтің отбасы – асқақ армандарға ұмтылған, шүкірлікпен қанағат қылған, жоғына салауат айтқан, өмірдің әр сәтін бағалайтын бақытты отбасы. Оның өмірлік жары Ұлбосын Есқара да І-топтағы көз мүгедегі. Екеуі он жылдан бері жұп жарастырып келеді. Алтын асықтай үш ұлдың ата-анасы. Бір қуанарлығы, қос ғашықтың денсаулығындағы кінәрат бала-шағасына берілмегені.
«Құмарланбай тіршілік алтынына,
Мойынсұнам Жаратқан жарлығына.
Өміріме өкпем жоқ, ол – ақиқат,
Тәңір берген тәнтімін тағдырыма!» — деп жырлаған ақынмен болған сыр-сұхбаттан жүрек жарығымен ғұмыр кешкен қарапайым жанның өмірінен өрілген сырларымен сусындап, аз ғана өмірде мол үмітпен келер күнге ұмтылып, қиындыққа мойымай, тек қана алға батыл қадам басқан талпынысын таныдым. Драматург Сая Қасымбектің «Шексіз теңіздің жырын тербеткен Шағаласыздар!» деп айтқанындай, бәріміз де Ербек ағадай тағдырымызға тәнті, өмірімізге құштар болайықшы!..
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ,
Шымкент қаласы