Шымкент қаласындағы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «№3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және қандастарды бейімдеу орталығы» тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балаларға, әлеуметтік жағынан осал топтарға қолдау көрсетіп, инклюзия мәдениетін дамыту мен масылдыққа қарсы күрес бағытында жүйелі жұмыс атқарып келеді. Біз орталықтың директоры Молдабеков Нұрбол Жәнібекұлымен сұхбаттасып, орталықтың миссиясы, қазіргі қоғамдағы рөлі және болашақтағы жоспарлары жайлы әңгімелестік.
– Орталықтың негізгі миссиясы мен жұмыс бағыттарын қысқаша таныстырып өтсеңіз.
– Біздің орталықтың миссиясы – тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына, адам саудасынан жапа шеккендерге, террористік белсенділік аймақтарынан оралған әйелдер мен балаларға, сондай-ақ қандастарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету. Біз тек көмек беріп қана қоймай, оларды қоғамға бейімдеуге, қайта аяққа тұруына жағдай жасауға бағытталамыз.
– Жыл сайын қанша адам сіздердің қызметтеріңізге жүгінеді?
– 2024 жылы орталықта 173 қызмет алушы жатын орынмен қамтылды. Оның ішінде 45 ана және 128 бала бар. Өткен жылдан көмек алуды жалғастырған 38 қызмет алушы да бар. Бұл көрсеткіш біздің қызметтің қоғамда қаншалықты қажетті екенін айғақтайды.
– Қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне тоқталсақ.
– Бұл, өкінішке қарай, кең таралған мәселе. Біз зардап шеккендерге уақытша баспана, психологиялық қолдау, құқықтық кеңес береміз. Бірақ түбегейлі шешім үшін заңнаманы күшейту, полицияның дер кезінде әрекет етуі қажет
– Масылдықпен күрес қалай жүргізілуде?
– Біз көмекке мұқтаждарды еңбекке бейімдеуді басты назарда ұстаймыз. Қайта даярлау курстарына жібереміз, кәсіпкерлікке баулуға тырысамыз. Көмек тек шын мәнінде мұқтаждарға жетуі тиіс. Бұл – масылдықпен күрестің негізгі шарты.
– Инклюзия мәселесінде қандай шаралар атқарылады?
– Ерекше қажеттілігі бар балаларды мектепке бейімдеу, жұмыс орындарында квота бөлу, инфрақұрылымды ыңғайлы ету – бұл бағыттағы басты міндеттер. Біз ата-аналармен, мектептермен және жергілікті билікпен бірлесе жұмыс істейміз
– Жергілікті билік пен үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық қалай жүреді?
– Әкімдікпен бірлесе отырып, мұқтаж топтарды анықтап, ресми бағдарламалар арқылы қолдау көрсетеміз. ҮЕҰ-мен бірге гуманитарлық көмек таратамыз, тренингтер мен психологиялық семинарлар өткіземіз. Бұл әріптестік бізге ауқымды жұмыстар атқаруға мүмкіндік береді.
– Әйелдер мен балаларға арналған арнайы бағдарламаларыңыз бар ма?
– Әрине. Әйелдерге құқықтық кеңес, әлеуметтік қолдау, балаларға білім беруде тең мүмкіндік жасау, дамыту курстарын ұйымдастыру – біздің басым бағытымыз. Мәселен, биыл ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған дамыту бағдарламасы іске қосылды.
– Қызмет алушылардың сенімін қалай арттырасыздар?
– Ең әуелі жылы қабылдау, құпиялықты сақтау – басты қағидатымыз. Белсенді тыңдау әдісі арқылы олардың ішкі жан дүниесіне үңілеміз. Кішкентай жетістіктерін бағалап, қолдау көрсету сенімді нығайтады.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Біз жаңа жобаларды қолға алудамыз. Оның ішінде кәсіби дағдыларға үйрету курстары, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, жастарға арналған инклюзивті лагерьлер бар. Сондай-ақ, психологиялық орталық ашу жоспарда тұр.
– Қоғамда зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Бұл – бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Біріншіден, заңнаманы қатаңдату қажет. Екіншіден, мектептен бастап балаларға сыйластық пен теңдікті үйрету керек. Үшіншіден, бұқаралық ақпарат құралдары зорлық-зомбылықты ақтамай, керісінше әшкерелеуі тиіс. Сонда ғана зорлыққа жол бермейтін мәдениет қалыптасады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «№3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және қандастарды бейімдеу орталығы» – қоғамға қажет ерекше мекеме. Мұнда аналар мен балаларға тек баспана емес, жан-жақты қолдау көрсетіледі. Зорлық-зомбылыққа төзбеушілік, инклюзия мәдениеті және масылдықпен күрес – орталықтың басты бағыттары. Нұрбол Жәнібекұлының айтуынша, қоғамның өркендеуі үшін әрбір азаматтың әлеуетін ашуға жағдай жасалуы тиіс.
Әлия БІЛДЕБЕКОВА, Шымкент қаласы