
Жетісу облысында тәртіп сақшылары телефон алаяқтарының құрбаны болғалы тұрған зейнеткерге дер кезінде көмек көрсетті. Өзін банк қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адамдар қарияны алдап, ірі көлемде несие рәсімдеуге итермелеген.
Оқиға сауда орталықтарының бірінде болған. Полицейлер егде жастағы әйелдің телефон арқылы күмәнді әңгіме айтып тұрғанын байқап, жанына жақындаған. Қария бейтаныс адамдардың нұсқауын орындап, құпия ақпаратты ешкімге айтпау керектігін алға тартып, телефонды беруден бас тартқан. Тіпті өзіне полиция қызметкері екенін айтқан тәртіп сақшыларына да сенімсіздік танытқан.
Алайда полицейлер әжеймен сабырлы түрде сөйлесіп, жағдайдың мән-жайын түсіндіруге тырысқан. Әңгіме барысында белгісіз адамдардың қарияға «қызметтік тексеру жүріп жатыр» деген желеумен хабарласып, ұялы телефонына келген SMS-кодтарды сұрағаны анықталған. Сонымен қатар олар зейнеткерді қорқытып, бұл туралы ешкімге айтпау керектігін қатаң ескерткен.
Тәртіп сақшылары қоңырауды өздері қабылдаған сәтте, тұтқаның ар жағындағы әйел өзін зейнеткердің қызы ретінде таныстырған. Алайда ол «анасының» аты-жөнін нақты атай алмай, сұрақтар қойыла бастағанда байланысты бірден үзген.
Жетісу облысы полиция департаментінің ресми өкілі Жанар Қалықова тұрғындарды телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың кең таралғанын ескертіп, кез келген күмәнді жағдайға сақтықпен қарауға шақырды:
– Полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында ақша аударымының жолы кесіліп, жәбірленушіге рәсімделген несиелерді жабуға және қаржысын толық қауіпсіздендіруге көмек көрсетілді.
Мемлекеттік органдарда банктерде ешқашан смс кодтарды айтуға немесе сақтандыру үшін ақша аударуға талап қоймайды. Күдікті қоңырау түссе бірден байланысты үзіп, 102 нөміріне хабарласу қажет, – деді ол.
Былтыр жазда осы оқиғаға сәйкес жағдай орын алған. Батыс Қазақстанда қария 1,3 миллион теңгесін «жанашырларына» аударып жібере жаздады. Қарт кісі қолындағы ақшасын терминалға әкеліп, соңғы сәтте ғана полицейлердің көмегімен алаяқтықтан аман қалды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram