Қаланың да, даланың да мұңы бір

10 маусым 2016, 15:32

1

Елдегі Есенбай мен Көкшетау қаласында тұратын Қонысбектің екеуіне ортақ бір мұң бар қазір. Есенбай осыдан жиырма жыл бұрын білегін сыбанып, егін екпекке оқталған. Еншісіне тигені 120 гектар. Оның өзінде де бала-шағасы көп болған соң, аудандық жер бөліміндегілер жеті рет өлшеп, кесіп берген. Бірақ үйдегі ойды базардағы нарық бұзып кетеді екен. Жүз жиырма гектардың өзін игеру оңайға соқпады. Әуел баста көршісінің доңғалақты тракторын күзде бір тайынша бермекші болып, жалға алған. Трактордың құр сүлдері ғана тұр екен. Алқап басына шығысымен сынды да қалды. Елден ұялғаннан көрші ауылдан тағы да трактор жалдап алған жердің бейнеті мұнымен де бітпейді екен. 

Қылтиып өскен көк өскін қара жердің бетіне өзімен бірге барлық бейнетті ала шығады екен-ау. Қара сораның тұқымын тұздай құртатын дәрі іздеп бір сандалды. Арамшөптің амалын тауып еді, құтты жоңғардың әскеріндей қаптаған шегіртке келді шырылдап. Ала жаздай алысып-ақ көрді, күзгі бейнеттің қатпары одан да қалың екен. Әп-әдемі өскен егінді уақытында орып алайын десе, комбайны жоқ. Жұрт алып болсын, содан соң біреулерді жалдармын деп ойлаған. Жұрт алып болғанша қар жауып кетті. Сөйтіп, жаз бойы жанын жеген еңбегі еш болып, айнала қарыз болып қалды. Қорасындағы бар малын сатып, қарызынан құтылғанымен, баласының сүйегін сындыратын сөз қалды. Ауылдың адамдары жиын-той, бата оқырда отырып, «әлгі Есенбай егін еккен жылы» деп сөйлейтін болды. Осы жері жанына батып жүр.
Басқа амал таппаған соң, еншісіндегі жүз жиырма гектар жерді көрші ауылдағы шаруасы оңға басып тұрған фермерге жалға бере салған. Рахат, тіпті. Енді Есенбайдың егін егемін деп басы ауырмайды. Жиын-терім аяқталған соң беліне бесік қабын қыстырып алып, жерін жалға алған шаруа қожалығының басшылығына аузын толтырып, сәлем беруге барады. Жиырма жыл өтсе де, елдегі Есенбайдың қазіргі күнкөрісі осындай.
Өткен жолы Көкшетау қаласында өткен жер туралы бір жиналысқа қатысқан болатын. Сонда естіді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары құрылған бірқатар шаруа қожалықтары егін егемін деп есі кеткен Есенбай тәрізді емес, естерін жиып алған. Тағы да жер алайын десе, төңірегінде бос жатқан жер жоқ. Сондықтан жүздеген мың гектар жерді жалға алып отырған, алпауыттардан субарендаға алып әр гектарына үш-төрт мың теңгеден ақы төлейді. Сөйтіп, өздері егін екпейтін, жермен айналыспайтын жаңағыдай алпауыттар, тіпті саусақтарын қимылдатпастан, ауадан ақша жасап отыр. Есенбайдікі олардың жанында теңізге тамған тамшыдай ғана. Жалға алған жерлер толық игерілмейді де, күтілмеген соң, жаңа технология енгізілмеген соң, астықтың шығымы әр гектарына он центнерден айналады. Әйтеуір егін еге алмаған соң алқап басында шығып келе жатқан таңға қарап, батып бара жатқан күнге қарап қалың ойдың құшағына шомылатын Есенбай ойлаушы еді. Осы жерді игере алмай жатсақ, Өзбекстандағы анау Қытайдағы қалың қазақты неге көшіріп алмайды екенбіз деп. Олар бізге қарағанда жер емшегін емудің ебін білетін адамдар ғой.
Жалғыз Есенбай емес, елдің бәрінің тірлігі ұқсас екен. Қазіргі Ақмола облысындағы жердің жеті санатын қамтитын барлық көлем 14 миллион 620 мың гектарды құрайды. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер 10 миллион 564 мың гектар. Мемлекеттік емес заңды тұлғаларға 8 миллион гектар жер тиесілі, қалғаны шаруа қожалықтарында. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің небәрі 82 мың гектары жекеменшікке берілген, қалған 99 пайыз жер уақытша ұзақ мерзімге беріліп отыр. Пайдаланылмай жатқан жер қанша? Өткен жылдары қурай басқан алқаптардың көлемі есепке алынған. Бірақ түгел емес. Бұл мәселе әлі де толайым зерттеліп жатқанға ұқсайды.
Елдегі Есенбайдың тіршілігі осы болғанда қаладағы Қонысбектің көкейіндегі тұмшаланып жатқан мұратының мұңы бір басқа. Бірақ екеуінікі де бір арнаға тоғысатын тұмшаланған тілектен туындайды. Облыс орталығына көшіп келгеніне жиырма жыл өтсе де, үй салатын жер телімін ала алмай жүр. Келе сала қалалық жер бөліміне өтінішін беріп қойған. Бірақ үміті аз. Өйткені, облыс бойынша осындай кезекте жүз мың алты жүз отыз алты адам тұр екен. Жалғыз облыс орталығында ғана емес аудандарда да ащы ішектей шұбатылған кезек адым аштырар емес. Мәселен, Целиноград ауданында жер телімінің кезегінде 69147 адам тұрса, Бурабай ауданында 4883 адам тұр. Көкшетау қаласында 11748 адам бар. Егер жылына ондаған немесе жүздеген жер телімдері беріліп жатса, Қонысбек өзінің кезегінің неше жылдан кейін келетінін есептеп шыға алар еді. Өкінішке қарай, кезек тас табандап жатып алған, жылжитын түрі көрінбейді. Осы қалпымен отыра берсе, Қонысбекке жер телімінің кезегінен бұрын ана жақтың кезегі ертерек келетін шығар.
Қонысбектің білімі шамалы. Шағалалы совхоз техникумын екі жыл іштей, сегіз жыл сырттай оқып әзер бітірген. Сондықтан, жер телімін берудің мұншалықты неге азапты шаруа екенін түсіне бермейді. Жалпы, Қазақстанда жер телімі неге мұншалықты мәселе болуға тиісті. Былай алып қараса, Көкшетаудан Зерендіге дейін жетпіс шақырым, Бурабайға дейін алпыс шақырым тусырап бос жатқан жоқ па? Егер қала әкімдігі электр қуатын тартып берсе, басқасын пәтерсіз жүрген халықтың өздері-ақ реттеп алар еді. Сонда біреу үй салып, біреу материал сатып, күн көрмей ме? Қонысбектің ойынша жұмыссыздықты жоюдың ең төте жолы осы.

Байқал Байәділов,
Ақмола облысы

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?