Ғаламтордағы уағыздан абай болайық!

11 қараша 2016, 18:21

Жастардың діни сауатын жетілдіру, дін саласы бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында жуырда Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында ерекше мәні бар жиын өтті. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі дін мәселелерін зерттеу және талдау орталығының директоры, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Айнұр Әбдірәсілқызы жастарға дін мәселесін кеңінен түсіндіріп, олар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Біз де өңірімізге келген министрліктің өкілімен әңгімелесудің ретін тауып, бірер сауал қойған едік.

shymkent-suret

Жас қазақ: Қазір жастар ғаламторға тәуелді. Қолында жүрген смартфондарымен ұйықтап, сонымен бірге оянады десем, артық айтқандық емес. Қалай ойлайсыз, әлеуметтік желілер шынымен де, аса қауіпті ме?
Айнұр Әбдірәсілқызы: Әлеуметтік желілердің барлығын зиянды деп қабылдауымызға болмас. Десек те, дін мәселесінде сауал өте көп. «Ұялмаған әнші болады, ерінбеген етікші болады» дегендей, қазіргі таңда ұялмағанның да, ерінбегеннің де діншіл болып жатқан жайы бар. Соның салдарынан шығар, дін саласында қордаланып жатқан сауал өте көп. Дін мен дәстүрдің сабақтастығы қандай? Қазақтың бұрыннан келе жатқан дәстүрлері ислам дінімен қаншалықты байланысты? Неге қазір лаңкестер, экстремистік терроризм күшейіп кетті? Жастар неге Сирияға ауып бара жатыр, неге ғаламтор бетінде діни мәлімет шектен тыс көп? Міне, осының бәрі дінге қатысты тақырыптар. Алдымен, экстремизм, терроризм мәселесіне тоқталайын. Ең көп қойылатын сұрақ та осы төңіректе: неге жастарымыз экстремистік ағымдардың ықпалында кетіп жатыр? Неге дәстүрлі дін тұрғанда, дәстүрлі емес ағымдарға көп бой ұрады? Иә, «дін дегеніміз – үлкен насихат» деп Мұхаммед пайғамбарымыздың айтқаны бар. Дін көп насихатталса, кез келген адамның бойында, жас демей, жасамыс демей, сол мәселеге деген икемділік пен құштарлық пайда болады. Қазіргі дәстүрлі емес ағымдардың, экстремистік топтардың ең тиімді құралы, ол – ғаламтор. Әрине, құзырлы органдар тиісінше бақылайды, мониторинг жүргізеді, саралайды, мәліметтерді анықтайды, нәтижесінде зияндылары алынып тасталады. Бірақ соның өзінде, теріс ағымдағы мақалалар алынып тасталғаннан кейін де, ақпараттар қайта көбейтіліп, тақырыбын өзгертіп, таралып үлгереді. Әсіресе «В Контакте» желісі өте қауіпті болып тұр. Ал ғаламторда отырған жастар теріс ағымдағы мәліметтер мен мақалаларды қаласа да, қаламаса да көріп қалады. Жастар үнемі рухани ізденісте жүреді. Олардың болмысына максимализм тән. «Не үшін өмір сүремін, өмірдің мәні неде, өмірге не үшін келдім?» – деген сұрақтар қатты толғандырады. Қашан қалыптасып болғанға дейін, 25 жас, бәлкім, 30 жас болар, кез келген адам осы сұрақты өзіне қояды. Осы кезеңде өмірдің мәні дінде секілді көрінеді де, ал дінді қайдан алуға болады дегенге келгенде, мешіт пен медреселерге жүгінудің орнына, қолжетімді ғаламторға байланады. Ал ғаламторда белгілі ғалымдардың, дәстүрлі дін саласындағы имамдардың уағыздарымен қатар, дәстүрлі емес дін тобындағылардың қарама-қарсы бағыттағы насихаттары, тіпті сіздің отбасыңызды ажыратып жіберетіндей уағыздары қатар жүреді. Оны оқыған жастар, әрине, бәріне кәміл сенеді, сөйтіп жүріп, қоғамнан аласталып, сол ағымның өкілі болып шыға келгенін байқамай да қалады. Міне, басты мәселе – ғаламтордағы дәстүрлі емес діни ағымдар тарататын улы уағыздарының белсенділігінде болып отыр.

kak-pravilno-sidet-za-computer1
Жас қазақ: Жастардың діни сауатының жоқтығын дәстүрлі емес ағымдар пайдалана кетеді деген сөз қаншалықты шындыққа саяды?
Айнұр Әбдірәсілқызы: Иә, ол рас. Кейбір жастардың жат ағымның алдына түсе кетуінің бір себебі – олардың діни сауатының төмендігі екенін ашық айтамын. Осыдан жиырма жыл бұрын халықтың діни сауаты төмен деп ешкім әңгіме айтпаған еді, осынша көп діни ақпарат да болмады. Ол кезде дінге деген қазіргідей құлшылық айтарлықтай қарқын алмады. Сондықтан, діни сауатың болу, болмауы аса маңызды рөл атқарған жоқ. Ал қазір теріс ықпалын тигізетін ақпараттар ағыны күн сайын үдеп бара жатыр. Соның ақ-қарасын ажыра білу керек. Біз дінмен айналыспасақ, дін бізбен айналысатын жағдайға жеттік. Сол себепті, халықтың діни сауатын көтеру мәселесіне де көп мән беруге тура келеді.
Жас қазақ: «Діни сауаты жоқ адамдар кейде теріс ағымның жетегінде кетіп жатады» деген сұрақтың мазалайтыны бар. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
Айнұр Әбдірәсілқызы: Жоқ, жүз пайыз олай айтпаған болар едім. Көп жағдайда адамның, жеке тұлғаның өзіне байланысты. Адамдар ғаламтордан теріс пиғылдағы уағызды оқыса да, дәстүрлі емес ағымдардың жетегінде кетіп жатқан жоқ. «Діни сауатым төмен екен» деп Сириядан шыққандарды да көре алмаймыз. Өкінішке қарай, «өмірін өзгертуге» бейімділер қатарында діни сауаты төмен жастардың да бар екенін жасырмаймыз. Біріншіден, көп жағдайда, өмір сүру қағидасы адамдардың психологиясына байланысты. Өздерінің кемшілігін түзетуден, тұрмысындағы қиыншылықтардан шығудың жолдарын іздеуден гөрі баксқаларды кінәлауға бейім тұратындар бар. Ал енді бірінің бойында тәуелділік басым, мысалы, есірткіге, ішкілікке тәуелді болуы мүмкін. Екіншіден, өзінің қалаған мамандығына түсе алмаған, «өмірде өз орнымды тапқан жоқпын» деп санайтындар, іштей нала, күйзелісте жүргендер немесе отбасында әлеуметтік қиындықтарға тап болғандар теріс ағымдардың ағысына тап болады. Үшіншіден, әлеуметтік мәселелер бұл жағдайды ушықтыра түседі. Күні кеше Ақтөбе қаласында болғанымызда, еліміздің бас прокуроры Жақып Асанның мәнді де мағыналы баяндамасын тыңдадық. Өзі құқық қорғау органының басшысы бола тұра, ол кісі баяндамасын құқықтық мәселелерге арнаған жоқ. Тек ғана әлеуметтік, экономикалық мәселелерді: елімізде қанша адам жұмыссыз, қаншасы баспанасыз екенін, қандай қиындықтар туындап жатқанын айта келе, сөзінің соңында барлық қылмыстардың 84 пайызы жұмыссыздардың үлесінде екенін тілге тиек етті. Әрине, адамдардың жұмыссыздығы, әлеуметтік жағдайларының төмендігі олардың жат ағымның жетегінде кетуіне әсер етер. Десек те, көп жағдайда адамның өзіне байланысты. Қараңыз, мемлекет халыққа қолдан келген көмегін аяған емес. Бірақ мемлекет адамдардың жеке мәселесін жүз пайыз шешіп бере алмайды. Жеке тұлғаның өзінде қажыр-қайрат болуы керек. Әркім өзінің қалаған мамандығына қол жеткізіп, отбасын асырай алатындай дәрежеде болуы керек. Егер денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыз болса, мемлекет заң аясында көмек көрсетеді. Ал мүмкіндігі бола тұрып, өзінің бір іске қыры болмаса, жалқаулығынан тағы да басқа себептерден, ол адам жұмыссыз жүрсе, әрине, мұның барлығының үкімет назарында болмайтыны анық. Бір қызығы, осындай ойға шомылғандардың дені: «Мемлекет неге бізге жағдай жасамайды?» сияқты сұрақты көлденең қойып, үнемі наразылықта жүреді. «Өзім неге әрекет жасамаймын?» деген сұрақ мазаламайды.
Еліміздің ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстандағы нақты террористік әрекетке қатысқан, сол үшін экстремизм бабымен сотталған адамдардың арасында сауалнама жүргізіп, солардың психологиялық портретін жасап шықты. Белгілі болғанындай, бұл адамдардың 84 пайызының мүлде діни білімі жоқ. Қалған 16 пайызында тиіп-қашып алған білімі бар, оның өзінде қысқаша ғана бір курстарды аяқтаған. Жоғары діни біліммен ешқайсысы сусындамаған. Ислам танудан біреуі де университет бітірмеген. Сол себепті жат ағымның жетегінде кеткендердің көбінің діни сауаты жоқ, шетелге барып курстарда оқығандары болса, сол жақтан уланып келген. Тағы бір мәліметті айтар болсам, экстремизм бабымен сотталғандардың 52 пайызы жұмыссыздар, тұрақты баспанасы жоқ. 32 пайызын тұрмыстық жағдайы төмен немесе есірткіге, ішімдікке тәуелділер құрайды. Бай отбасылардың арасынан да Сирияға кетіп қалған жағдайлар орын алды. Мынадай түсініксіз жай бар: адасып, шетел асып, ақырында елге келіп, сотталған жастардың бірінен не үшін Сирияға барғаны сұрағанда, «Жәй, автомат ұстап көргім келді, өзімді нағыз еркек ретінде сезінгім келді…» деп жауап берген. Көрдіңіз бе, ешқандай діни мақсаты жоқ. Ал енді біреулер мағынасыз өлімге бастарын тікті, «жиһад жасасам, діннің қызығы осы, кәпірлерге қарсы соғыссам, сол нағыз ислам» деп келте ойлағандар да болды. Сондықтан, әр тұлғаның жеке жауапкершілігі болуы керек. Ол өзіне-өзі жауапты болуы тиіс. Жастарға айтарым, ғаламтордағы уағыздарды оқығанда, «Осы дұрыс па өзі?» деген күмән болу керек. Егер дінге деген қызығушылығыңыз оянса, мешіт-медреселерге барып сұраңыз. Ертеңгі күні өзіңізге жауап беретін адамнан сұраңыз. Ғаламтордың ең тиімді пайдасы – ақпаратты жылдам алмасуға, тез тауып алуға мүмкіндік беретіндігінде шығар. Бірақ ол ақпараттың асығы мен жасығы қандай? Қайсысы жақсы, қайсысы жаман екенін бағамдап алуымыз керек. Кез келген ақпаратты талғаусыз тоғыта берсек, ғаламтор дегеніміз – кеңістік емес, ол тажалға айналады. Ал, шын мәнінде, ақпарат іздегіңіз келе ме? Елімізде Қазақстан Мұсылмандар басқармасының 26-дан астам сайты бар. Дін істері комитетінің, дін мәселелерін зерттеу орталығының, мешіттердің сайттарын қараңыз. Осы сайттарда тек сүзгіден өткен сенімді ақпараттар ғана қойылады.

Сұхбаттасқан Мұхтар Шерім, Шымкент

17 шiлде, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде