Батысқазақстандық спортшыларға жан-жақты қолдау көрсетілетін болады. Бұл туралы спортшылармен және бапкерлермен кездескен БҚО әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті.
Өңір басшысының айтуынша, облыс спортшыларымен осындай бірнеше жүздесу жоспарланған. Мұның алдында олимпиадалық ойын түрлері өкілдерімен кездесу өткізілген болатын. Бұл жолы самбо, шахмат, аударыспақ, ескек есу, дзюдо және қол күресінен ерекше көзге түсіп жүргендерге кезек келді.
Батысқазақстандық спортшыларға жан-жақты қолдау көрсетіледі
Алдағы уақытта жеңіл атлетика және қысқы ойын түрлерінің шеберлері мен мамандары өз ой-толғамдарын ортаға салмақ.
Батысқазақстандық спортшыларға жан-жақты қолдау көрсетіледі
Елбасы тапсырмасына сәйкес өңірде жалпы көпшіліктің де спортпен айналысуына ерекше көңіл бөлінуде. Салада табыс-жетістіктер аз емес. Мысалы, батысқазақстандық шорт трекшілер 2018 жылы Пхенчхан қаласында өтетін қысқы олимпиада ойындарында ел намысын қорғайтын болады. Сол секілді допты хоккейдің Оралда жақсы дамығаны белгілі. Қазіргі кезде «Жастар» стадионы қайта құрылуда, онда жасанды мұз айдыны салынып, іске қосылғаннан кейін хоккейшілер +10 градусқа дейінгі жылы күндері де жаттыға алады. Бұл — допты хоккейден Ресей чемпионатында өнер көрсететін, алды Қазақстан құрамасы сапында ойнайтын «Ақжайық» хоккейшілері үшін жақсы мүмкіндік. Стадионда сонымен қатар республикалық қана емес, халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге болады.
Облыста болашағынан үлкен үміт күттіретін жастар аз емес. Соның бірі — бұдан екі жыл бұрын 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында шахматтан әлем чемпионатында абсолютті жеңімпаз атанған Жанат Сайын. Оның бапкері Марат Қазекеновтің сөзіне қарағанда, Жанат келесі жылы дүниежүзілік олимпиадаға қатысу үшін Қазақстан ерлер құрамасына алынатын болады. Міне, сол кезде оған халықаралық деңгейдегі жаттықтырушы керек. Осыған орай облыс басшысы Жанат Сайынның астаналық бапкерлерден тәлім алуы керектігі туралы ұсыныс білдірді. Бұл мәселе көп ұзамай шешілетін болады.
Қол күресінен Азия чемпионаты мен дүниежүзілік додаларда олжа салып жүрген Кенжеқыз Қаупенованың бапкері Мұрат Ибатов спортшылардың бір орында тұрып қалмауы үшін арнайы тренажерлер керектігін жеткізді. Ескек есуден бірнеше рет олимпиада ойындарына қатысқан Александр Дергунов пен оның жаттықтырушысы, осы спорт түрінен 1986 жылы әлем чемпионы атанған Александр Акунишников базаны толықтай жаңғырту қажеттігін еске салды. Сол секілді аударыспақтан жаттықтырушы Ақтілек Сәрсенов спортшылар ұлттық спорт түрлерінен түрлі жарыстарда жүлде алып жүргенімен, Оралда жақсы жасақталған бәйге алаңы жоқтығын айтты.
Осындай мәселелердің бірте-бірте шешілетінін атап өткен Алтай Көлгінов облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаеваға тапсырмалар берді.
Басқосу соңында жарқын жеңістерге қол жеткізген спортшыларға алғыс хаттар табыс етілді.