Сайқымазақ жаһандағы шеруін бастап кетті. Оған ешкім де, ештеңе де тоқтау бола алмайды. Осы тұрғыдан қарағанда, еліміздің сыртқы істер министрлігінің ұстанымын түсінуге болар. Қанша дегенмен сонау 2006 жылдан бергі тәжірибесі мол. Сол кездегі министр Ерлан Ыдырысов та алысып көрген. Бірақ терісі қалың Коэн одан бетер құтырына түсті. Соған қарап, оның Трамп айтқандай «жүрген бір сүмелек» емес, әлдебір саясаттың қолшоқпары ма дейсің. Қазір «Борат-2» – бүкіл Қазақстан халқының басына түскен сын. Біз оған барынша мемлекетшіл болуымызбен ғана жауап бере аламыз. Оған білім алып, еңбек етуден бастап ұлттық салт-дәстүрді сақтауға дейінгі ұғымның барлығы сыйып кетеді. Қандай да бір шешім қабылдайтын шенеуніктің (министр, ұлттық компания басшысы сияқты) мемлекетшілдігі де осындай кезде көрінеді.
Сәл шегініс жасайық. 2006 «Боратты» ел ішінде көрсетуге тыйым салынғанымен, алты жыл өткенде Коэннің «Диктатор» фильмі отандық прокатқа шығып кетті. Сол кезде «Жас қазақ» газетінің бастауымен тілші қауым наразылық білдіріп, екі аптадан кейін оны прокаттан алып тастаған. Биыл Liter.kz еліміздің мәдениет және спорт министрлігіне «Борат-2» ел аумағында көрсетіле ме?» деген сауал жолдады. Министрлік ондай өтініштің әлі келіп түспегенін, сондықтан анық жауабын бере алмайтынын (!) жеткізді. Фильмді көріп, саралағаннан кейін ғана тыйым салу-салмау жөнінде кесімді (ресми) жауап айта алады екен. Біріншісінің сиқы анау, екіншісінің де одан асып түспесе, алыс кетпейтіні бесенеден белгілі. Бүкіл елдің ар-намысы тапталып жатқанда, мәдениет министрінің бұлайша күмілжуін түсіну қиын.
Ал мына бір жәйт мүлде ойландырып тастады. Үлкені бар, кішісі бар, қазағы бар, басқасы бар, әлеуметтік желіде пікір білдіріп, түрлі флэшмоб жасап, тіпті мұхиттың ар жағында жүрген қандастарымызға дейін көшеге «Борат фейк» деп плакат ұстап шығып жатқанда, депутат Бекболат Тілеухан жұрт алдында тұңғыш рет орысша сөйлеуге мәжбүр болғанда, «Қазақ туризм» айды аспаннан бір-ақ шығарды!
Айта кетейік, «Қазақ туризм» – 2017 жылы құрылған ұлттық компания. Міндеті – туризмді дамытып, осы салаға сырттан инвестиция тарту. Үш жылдың ішінде не тындырғанын білмейміз. Порталындағы ақпарат легі биылғы 13 тамызда мәдениет және спорт вице-министрі Бисақаев пен «Қазақ туризм» ҰК басқарма төрағасы Еркінбаевтың Баянауылдағы демалыс орындарын аралағаны туралы хабардан кейін жаңармаған. Есесіне компанияға қатысты мына бір ақпаратты The New York Times басылымы жариялады. Оны отандық сайттар аударып басты.
Біздің елде жүрген америкалық Деннис Кин деген біреу «Қазақ туризмге» жарнама роликтерін жасау жөнінде ұсыныс жасапты. Онда «Бораттағы» «Very nice!» – «Бәрі тамаша!» деген сөзді пайдаланады. Компания келіскен. Компанияның топ-менеджері Қайрат Сәдуақасов «Қазақстанның медиа кеңістікте жиі ауызға алына бастағанына қуанатынын» жеткізіпті. Онымен қоймай, елімізде фильм түсіру жөнінде Коэнге ұсыныс айтқан көрінеді. Мұны естіген әлгі сайқымазақ The New York Times басылымына хат жолдапты-мыс. «Мен Қазақстанды таңдау себебім, ол туралы АҚШ-та ешкім білмеді. Бұл бізге ессіз, ойдан шығарылған комедиялық дүние жасауға мүмкіндік берді. Нағыз Қазақстан – заманауи және өр халқы бар тамаша ел. Ол фильмдегі нұсқасына ұқсамайды» депті. Әлгіндей ұсыныс ұнап кетті ме, әлде өтірік мүләйімсіп тұр ма, ол жағы тек өзіне мәлім.
Бәлкім, «Қазақ туризм» «таспен атқан» Боратты «аспен атуды» дұрыс деп шешкен болар. Әйтсе де, америкалық жазушы Нәсім Тәлеб «Борат – тарихтағы ең нәсілшіл, Қазақстан халқын ашық түрде төмендететін фильм» деп баға бергенде, мұндай жалпақшешейлік сын көтермейді.
Гүлнар Ахметова