Ақпарат кеңістігіндегі берік байлам

23 желтоқсан 2022, 10:15

Бұл жетіде Астанада өткен Орталық Азия Медиа Форумы, сөз жоқ, ғаламдық медиа кеңістіктегі аса маңызды оқиғаға айналды. Ғаламдық дейтініміз, ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған басқосуға өңірдегі БАҚ өкілдері, сарапшылар ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен келген журналистер, медиа-менеджерлер, саясаткерлер, бейбітшілік елшілері, өнер қайраткерлері қатысты.

Тұңғыш Медиа Форумның Қазақ елінде өтуінің өз мәні бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көршілес әрі бауырлас елдер арасындағы медиа кеңістіктегі ынтымақтастықтың өркен жаюына да ерекше көңіл бөліп келеді. Қ. Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Шолпан Ата қаласындағы кездесуінде біздің елдеріміз туралы хабар тарататын ортақ телеарна не сайт ашуды ұсынған болатын. Қазақстан Президенті Форумға қатысушыларға арналған құттықтауын жолдады. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин алқалы жиынның ашылу рәсімінде осы құттықтау хатты оқыды. «Біз жаһандану дәуірінде өңірлік ақпараттық кеңістікпен шектеліп қалмауымыз керек. Бірлескен медиаөнімдер жасап, ортақ құндылықтарды халықаралық деңгейде дәріптеу аса маңызды. Сол арқылы Орталық Азия елдерінің жасампаз идеялары мен жарқын істерін жер жүзіне танытамыз. Бүгінгі алқалы жиын мазмұнды әрі мағыналы өтіп, елдеріміздің сан-салалы байланыстарын нығайта түсетін дәстүрлі басқосуға айналады деп сенемін» делінген Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауында.

Мемлекеттік кеңесші Е. Қарин Медиа Форум жайлы өз пікірін білдірді. Ол қазір Орталық Азияның өзіндік маңызы бар аймаққа айналғанын айта келе, бұл өңірлік бірегейлікті танытуға, ортақ мәдени кеңістік қалыптастыруға деген ұмтылыстың жемісі екенін атап өтті.
Бүгінгі медиа – бүкіл қауымға ортақ құбылыс. Форумның мән-маңызына тоқталып, мәртебелі меймандарды көпшілікке таныстырған министр Дархан Қыдырәлі бұған айрықша тоқталды. Айталық, жиында «БАҚ – халықтың дауысы. Осылайша, біз адамдардың ұмтылысын көрсететін реформаға шақыра аламыз» деп пайымды пікірін ортаға тастаған Түркияның 11-президенті Абдулла Гүл фотожурналистикаға әуес. Пост-модерн дәуірінде саяси партияларға, ғылымға, ірі компанияларға, медиаға деген сенімнің азайып бара жатқанына назар аударған Моңғолияның 3-ші президенті – бұқаралық ақпарат құралдарында шыңдалған қайраткер тұлға. Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Сүйінбек Қасмамбетов ақпарат кеңістігінде жүріп жатқан үрдістерді жақсы біледі екен. Ол аймақтағы экономика, экология және түрлі апатты мәселелерді БАҚ арқылы ашық айтуымыз қажет деді.

Осы орайда Өзбекстан президенті жанындағы стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының директоры Елдор Әриповтың пікірі көпшіліктің көкейінен шықты. Сарапшы: «Біз ғасырлар бойы қатар өмір сүрдік. Бірақ, өкінішке қарай, бір-бірімізді жете түсінбей келеміз. Мұны еңсеру үшін, ең алдымен, шынайы ақпаратты көбірек таратып, қызығушылық таныту қажет. Біздің қазақстандық достарымыз ұсынған бұл идея өзінің осынау үлкен миссиясын орындай алады», – деді.

Күллі әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген бейбітшілік пен тату тіршілікті қорғау жөнінде жүрекжарды лебізін жеткізді. Бұл да алғашқы Медиа Форумның шырайын келтіріп, мәртебесін биіктетті.

Екі күн бойы бүгінгі медианың болмысы мен түйткілдері талқыға түскен жиында пайымды да парасатты пікір тыңдадық. Ұтымды ұсыныс, берік байламнан хабардар болдық. Толағай ой түйдік. Тұңғыш Орталық Азия Медиа Форумы өзінің миссиясын орындап, мақсат-мұратына жетті. Ақпарат кеңістігіндегі серіктестігіміз ұзағынан сүйіндіргей!

Срайыл Смайыл

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген