Әкеге қоңырау шалу

26 қазан 2017, 14:54

Көптен бері Қазақстанның авторлық кино бағытында дәл осындай мазмұны терең фильм көргеніміз жоқ. Кейіпкердің ішкі әлемін төңкерген. Отбасылық құндылықтарды сөз еткен. Жантану мен жаратылыстану бағытында терең психологиялық талдау жасаған. Ғылыми-зерттеу жүргізген. Шығармашылық тұрғыдан диагноз қойған. Бұл біздің отандық киноөндірісі саласында терең пайымдағы, кемел режиссердің бар екендігінің дәлелі.

Автор тақырып төңірегінде өте салмақты ойларымен бөліседі. Дүниетанымы назар аударарлықтай. Серік Апрымовтың қолтаңбасы қашан да ерекше болған. Фильмдері шынайы. Автордың туындылары оның жан дүниесінің ажырамас бір бөлігі. Оның ойлары батыл. Серік Апрымов қашан да өзін мазалаған мәселелермен ашық бөліседі. Тіпті көрерменімен сырласады десек те болады.
Режиссер ретінде қашан да таңқалдыратын қадамдарға барады. Оның «Соңғы аялдамасы» көпшілік көрермендердің әлі де жадында деп есептеймін.Осы аралықтағы фильмдерін жүйелі түрде зерттесек, оның шығармашылық ізденісі белгілі бір нақтылықтың нүктесіне жақындағандай. Көптеген сауалдарының жауабын тапқандай. Өз өмірінің мағынасын толық түсінгендей. Миссиясын айқындағандай әсер береді. Оның тұлға ретіндегі болмысы күрделі әрі қызықты. «Әкеге қоңырау шалу» автордың эксперименттік бағыттағы фильмі.
Фильм несімен ерекше? Шым-шытырық күрмелген мәселелер. Жүйке жүйесіндегі күйзеліс процесінің қалай өтететіндігін рентгенаппаратымен айқындағандай деңгейде көрсетілген. Серік Апрымов — шебер суреткер. Баланың ішкі әлемінің күйін екі-ақ бейнелі теңеумен ашып тастаған. Бала Еркіннің әлеміндегі тереңдік пен құлдырау күйін жардың шетімен, ал оның қалыптасу кезеңін кірпіш арқылы бейнелі түрде жеткізген.
Бүгінгі таңда Қазақстанда балалар аудиториясына арналған фильмдер тапшы. Дегенмен де режиссерларымыздың балалардың ішкі дүниесіне әлеуметтік тақырыптардың төңірегінде зерттеу жүргізуі қуантады. Бұл көп жағдайда өз баласының өмірінде не болып жатқанын терең білмейтін, тәрбиесіне немқұрайлылық танытатын кейбір ата-аналардың санасына соққы бергендей нәтижеге ие.
Соққы ауыр. Жанды жеріңді нысанаға алғандай. Есеңгірететіндей деңгейде. Фильмнің атмосферасы еңсеңді езіп, шаншып отырып түсіндіреді. Көтеріп отырған мәселе осы тақырыптың төңірегіндегі өкінген ата-аналардың өңменіндегі барлық өксікті жинап алғандай.Ойлануға мәжбүрлейді. Ұрпақ жауапкершілігін көтеру ұрықтан басталатынының маңызын түсіндіреді.
Серік Апрымовтың «Әкеге қоңырау шалу» фильміндегі бала Еркіннің әкесіне қоңырау шалуы қоғамға осы тұрғыда көп жәйттің басын ашып берді. Бұл жәй ғана қоңырау емес. Бұл бейнелі түрде жеткізілген – үндеу. Баланың ішкі дүниесінің үні. Жақыныңа, жаныңды түсінген жанға бір қадам жақындау. Туыстық байланыс. Ішкі әлеміңдегі күйдің диагнозын қоятын бұл маңызды қоңыраудың мағынасы тереңде.Бір ғана қоңырау алқаш болса да әкенің ұрпағы, баласы алдындағы жауапкершілікті көтере білгендігін дәлелдейді.
Автордың соңғы фильмдерінен ағайын, бауыр, ата-анаға деген көзқарасын байқаймыз. Кез келген автор өз дүниетанымы арқылы өз жеке өмірінен ақпарат береді. Астарлы болса да. Бейсаналық деңгейде де оның туындысы оның жан дүниесінің ажырамас бір бөлшегі екендігін айқындайды.
Бауырға деген сағыныш. Елесімен сырласу. Сену. Үлгі ету. Ағаның орны. Оның қазасы. Анасының тастап кетуі. Алқаш әкемен өткен күнкөріс. Соққының үстіне соққы қосылу. Бірақ, тұлғаның жігерін шыңдайтын ең үлкен мектеп — осы сынақтар мен соққылар. Егер жақыныңнан қолдау тапқан жағдайда бұл сағыңның сынбай өзіңді сақтауыңа жәрдемдеседі. Әкесі Еркінді сақтай білді. Өресі құрығанда баласының жанының қалауын сұрауға жетті. Адамды алға жетелейтін, сынаққа толы сәттерде оны көп жағдайда теріс жолдан сақтап қалатын арманы. Әкесі Ерболат баласының арманын орындауға қолдау жасады. «Малым жанымның садақасы» деген сөздің бар мәнін осы фильмде ашып тастаған. Құрбандыққа қолындағы бары малын салып, баласының оқуына, қатарымен бірге алға жүруіне жағдай жасайтын қадамдары көрермендерге көп нәрсе айтады. Бала ең бірінші қолдауды отбасындағы ата-анасынан табуы маңызды.
Еркінге қойылған медициналық диагноздың астары тереңде. Қоғамда адамдардың бір біріне жасайтын қолдауы мен мейірімі шешуші күшке ие. Біз көп жағдайда немқұрайлылық танытамыз. Бір-бірімізге. Әркім өз қалауымен алысып әлек. Жан бөлек болған соң, оның қалауы да бөлек. Оның мысалы, Еркіннің анасының қиын сәттерге шыдамай отбасын тастап, өзге еркекке кетуі. Өз баласына жеккөрініш сезімін ашық білдіруі. Мейірімнен мақұрым күй кешуі. Ыза мен кекке толы қарым-қатынас. Отағасы мен отанасының ішкі дүниелеріндегі қарама-қайшылық. Науқас деп диагноз қойған бала Еркінге қарағанда ересек ата-анасының өздерін жаны науқас адамша ұстауы.Үлгі бола алмауы. Осындай отбасыларға сын. Тағылған айып. Рухани қылмыскерге айналуымыз. Өзімізді кейде жындыхананың емделуші науқастарындай ұстайтынымыз да шындық. Бұл қоғамның дертіне қойылған диагноз.

Гүлзат КӨБЕК,
кинотанушы,
өнертану PhD докторы

16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде
05 шiлде, 14:06
Түркістан: Төлеби ауданында профилактикалық іс-шаралар басталды