Айзат Қадырәлиева: Тулақтан тұлпар шығарғыcы келеді

21 ақпан 2020, 13:41

Өткен аптада Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрынан шу шықты. Дау-дамайдың ортасында жүргендер – өнердің өз өкілдері, елге белгілі тұлғалар. Олардың бұлайша даурығуына не себеп болды? Осы орайда әртістерді жік-жікке бөлген мәселені біз де зерттеп көргенбіз. Сырттай қараған кісіге сұлу өнердің тамырына түскен құрт тереңге кетіп қалған сияқты. Бүгінгі сұхбатымызды театр сахнасынан тыс айтылатын түйткілдерден бастадық. Қонағымыз – театр сыншысы Айзат Қадырәлиева. Қазақ театр өнерінің сын-садағы болған марқұм Әшірбек Сығайдың шәкірті. Жас сыншымен сұхбатымыз да білімді де білікті ұстаз Әшағадан басталды.

Jas qazaq: Айзат ханым, сізді Әшірбек Сығай ағаның шәкірті ретінде білеміз. Әшекең көзі тірісінде театр төңірегіндегі ғана емес, қоғамдағы кез келген түйткілді тақырыпқа араласып, өз пікірін ашық айтып тұрушы еді. Ұстаздан шәкіртке сол мінез, сол тәрбие дарыды ма?
А.Қадырәлиева: Дұрыс айтасыз, албырт жасынан бастап кешегі күнге дейін қазақ театрында сыншы Әшірбек Сығайдың назарына ілінбеген бірде-бір өнер туындысын табу қиын. Театрдың табалдырығынан төріне дейін зерттеген Әшірбек Төребайұлы ортақ өнер жайлы, күнделікті мәселелер туралы ашық, өткір пікір айтудан қол үзбей келді. Жалпы, сын – театртану ғылымындағы күрделі жолдың бірі, яғни өнер салаларының ішіндегі ең қиын жанр екені жұртшылыққа белгілі. Бірақ қанша азапты сүрлеу болса да, мұны қиып тастағысы келмеген сыншы ағаның жолын соңына дейін апару біздің де міндетіміз шығар. Сын театр қозғалысының шаңында қалып немесе оның қанжығасында байланып қалуына хақы жоқ деп ойлаймын. Әрине, көркемдік жағынан дамуымызға көшбасшылық пікір айтудан жалықпай өткен ең беделді де «дуалы ауыз» сыншымыз Әшірбек Сығайдың орны қатты білінуде. Ұстаздың өмірлік ұстанымы – әрқашан да адал болу, шындықты айту еді. Сондықтан жалған сөз, жалған сезімнен бойымды аулақ саламын.
Jas qazaq: Мұны сұрап отырғаным – Әкем театрындағы соңғы жағдайды естіп жатқан шығарсыз? Жалпы шығармашылық салада басшыларды жиі ауыстыру, «ауыстыру» үшін ауыстыру немесе қажеттілік болмаса да ауыстыру деген сияқты «командалық» жүйе белең алып бара жатқаны анық. Басшылықтың жиі ауысуы шығармашылықты тоқыратпай ма? Мәселен, әр директор өзінің режиссерін шақырады, өз драматургінің шығармасын қояды, өзінің әртістеріне рөл береді дегендей.
А.Қадырәлиева: Естідім. Бұл кеше туып, бүгін басы қылтиған аз күннің проблемасы емес, жылдардың шаужайына жабысып келе жатқан олқы тұстарымыздың бірі. Бұл итжығыс Ә.Мәмбетовтың кезінде де, Т.Жаманқұловтың тұсында да болған. Соларды көрген Әшірбек Сығай «Бас театр бабында ма?» деген көлемді сыни мақала жазған болатын. Енді сол үлкендердің жіберген қателігін бүгінгілер неге жарысып қайталап жүргендеріне қайранмын. Оқымай қалған емес, оқыған, қалталарында күректей-күректей дипломы бар. Онда мұндай жағдайдың орын алуының себебі неде? Себеп біреу-ақ. Театрдың басқару жүйесі дұрыс жолға қойылмаған. Осы бас театр мемлекетке қарайды, мемлекеттен қаржы алады. Бүкіл ішкі-сыртқы күнкөрісін мемлекет мойнына алған соң театрдан есеп алып отыруға тиіс қой. Сол театрдың басына соңғы бес жылда екі-үш бастық келді. Тірліктеріне қарап, мемлекетке қарайтын өнер кәсіпорны болғанымен, шығармашылық жұмыс тәсілі бір-екі адамның қарауындағы жекеменшік серіктестікке көп жағдайда ұқсап кетіп жатты. Солардың ішінде С.Әбдіқалықов меніңше директордың міндетіне кіретін тірліктен аса қаша қойған жоқ. Актерлердің әлеуметтік жағдайына, жалақысына, жалпы администраторлық жағына көңіл бөліп келе жатқан адам еді. Неге оны алуға асығып жатқан себептері түсініксіз?! Ал шығармашылық жағына көркемдік жетекші көбірек жауапты. Қазір бәрі жеке бастағы келіспеушіліктерін театрдың мүддесінен жоғары қойып кетті ғой. Маған сол театрда ақыл айтатын, кеңес беретін, жол сілтейтін ақсақал жоқ секілді болып тұрады. Бар болса, дәл осы күйге жеткізер ме еді?! Алматыға жолым түсіп, театрға соққан сайын академиялық мәртебесіне лайық ауқымды жұмысты көре алмағандықтан, тақымға басса серке түгілі, атанды да талқандайтын азғантай ғана таланттыларды обалсынып қайтатыным рас.
Бәрін айт та бір айт, өзінің ғасырға жуық шығармашылық ғұмырында қаншама өнер адамдарының жұлдызын жаққан бас театрға көп өзгеріс, едәуір ізденіс керек. Талғам, қиял, еңбек, намыс, барлық жағынан биік тұру қажет. Себебі ол – Мұхтар Әуезов атымен аталатын қазақ театр өнерінің қарашаңырағы.
Jas qazaq: Біз әлдебіреулерді қолдайық, қорғайық деген ойдан аулақпыз. Алайда Әкем театр сияқты қарашаңырақты «майдан алаңына» айналдыру кімге тиімді?
А.Қадырәлиева: Өкінішке қарай, біздің театрларымыздың біразындағы дау-талас негізінен, шығармашылықтан гөрі жекелеген адамдардың мінезінің жараспауынан басталады да, келе-келе өршіп, топшылдық, жікшілдік дертіне ұласады. Мұндай кикілжің кейде театрда таза шығармашылық атмосфераның жоқтығынан туындаса, кейде дәл осындай орынсыз айтыс өнер ордасының жүйкесін жұқартып, жанын жеп, келе-келе театрды шығармашылық тоқырауға, азғындауға әкеліп соқтырып жатады. Сосын бізде «қорғау» сөзінің астарын түсінбеушілер көбейді. Олар «қорғау» сөзін желеу қып, театрдың ішін аяқ алып жүргіссіз лаңға толтырып, топ құрып, тобылғы жиып, ши түгендеп, әріптестерінің арасына от салып, бірді-бірге айдап салып дүрліктіріп жүреді. Бұл театрды қорғаудан гөрі қорлауға көбірек ұқсайды. Ал сол қорлауға, қорлануға мүмкіндік беріп жүрген кімдер десеңіз, мен ойланбастан артистер қауымын айтар едім.
Күрмеуі қиын күрделі заманда ән айтып, би билеу қазір өнер адамдары үшін аздық етеді. Олардың бойында талантымен қоса, азаматтығы басым болу керек. Актер – ойшыл адам. Ал ойшыл адам қашан да өз заманының күрделі проблемаларынан тыс қалмауы керек. Қанша байқаймын, «мен актермін, мен режиссермін» дегендерге сергектік, зеректік, заманына өз үнін қосып отыру, өз уақытының күрескері болу қасиеті жетіспейді. «Біздің шыққан биігіміз мынадай да мынадай…» деп жеткен жетістігін айтып, тоқмейілси бергеннен гөрі, кемшілікті айта отырып, театрды тоқырауға ұшыратқан себептердің бетін ашып, ойын, пікірін неге айтпады? Сол іште болып жатқан қитұрқы тірлікті лездемеде айтуларына кім кедергі? Бәрі бір ауыздан бас көтерсе, көпке кім қарсы тұра алады? Соларың неден қорқатынын білмеймін, әйтеуір үндемейді. Оған көбісінің өресі жетпесе, кейбірі рөл бермей қояды деп тайқақсиды-ау. Таудың тасын байлап алғандай басы салбырап отырады да, ал шыққан соң күбір-күбір әңгіме басталады. Шіркін, сыртта бәрі данышпан, шетінен кемеңгер. Олардың сыртта айтқан пыш-пыш сөзінен не пайда, ортада шешім жағынан пікірталасқа түсіп, өздерінің көзқарасын дәлелдей алмаса. Міне, көбісінің намысы қалғып кеткен соң, өнер жолында қалжырап сан адасып қара басып жүргендері.
Jas qazaq: «Жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап» дегеннің кері дейсіз ғой.
А.Қадырәлиева: Болар іс болып жатыр, енді осы театрдың мүшкіл халін ұғар есті басшының келуін тілеймін. Яғни бәріне жағынғысы келетін емес, мінезі қорғасындай ауыр, өсекті естімейтіндей құлағы сауыр адам тағайындалса екен деймін. «Бір қайғы жүз қайғыны қозғайды» дегендей, осы жерде айта кеткім келеді. Қымбат өнерді арзандату – ел басқарған азаматтардың төмендігінен де туады. Әрине, бұл пікірмен басшының бәріне топырақ шашудан аулақпын. Дегенмен, мәдениет министрлігі, мәдениет комитеті, қалалық мәдениет басқармасы, театр бөлімінің басшылары театрлардың жағдайын неге күнделікті назарда ұстамайды екен деп ойлаймын. Мысалы, біріккен кәсіпорындары бар ма, құрылысы бар ма, әйтеуір үкіметке қарайтын қаптаған мекемелердің жағдайы театрлармен салыстырғанда ханның жағдайындай. Ал театр артистерінің не үйі, не күйі жоқ, азғантай жалақысымен пәтер жалдап жүргендері. Тіпті айлығы шайлығына жетпегендер театрдың гримерлерінде тұратындар да бар екен. Бұл масқара ғой… Осы жайтты жақсы білсе де, неге соларың театрға өгей баласындай қарайды? Не сол орындарға көзқарақты, білігі мол адамдар сайланбайды деп назаланамын. Жөн-жосықты білетін, «мынауымыз дұрыс емес» деп жақсы-жаманымызды ашық айтатын имантаразды адам қашан келер екен деп деймін.
Мәдени-рухани даму театрдан бастау алатынын түсінетін кез жетті ғой. Орынтаққа отырғаннан кейін, мәдениеттің, өнердің тағдырына алаңдау керек екеніне оған қандай ми керек, осы? Әлде таққа отырған адам тақырға да отыратынын білмей ме екен?! М.Әуезов театрының ұжымы жоғары жаққа хат жолдапты ғой, енді сол жаққа ат ізін салып, жағдайды түзетуге ниет керек. Ертеңіңді болжау үшін бүгінгіні зерделеу, саралау әуелден бар тәсіл.
Jas qazaq: Жалпы қазақ театрларының қазіргі шығармашылық жағдайы қалай? Мұны сұрап отырған себебім, былтыр қара күзде Атырауда өткен Рахымжан Отарбаевтың театр фестивалінде сіз фестивалге келген театрлардың кемшілігін санап тұрып айттыңыз. Ескертудің бір емес, бірнеше рет жасалғанын, кемшіліктің сонда да түзетілмегенін айттыңыз. Неге? Сыншыны елемеу ме, әлде құлықсыздық па?
А.Қадырәлиева: Әшірбек Төребайұлының бір жақсы сөзі бар еді «Сын естімеген адам, жауын көрмеген жер сияқты» деген. Шөлдеген адамның ернін білесіз ғой кеуіп, кезеріп кететінін. Солай деп бейнелі түрде айтсақ та, сонда да кірпідей жиырылуымызды қоймаймыз. Айтылған айтылған жерде қалып жатыр. Иә, әр фестиваль әртүрлі өтіп жатады. Жасырары жоқ, түрлі жанрды көру үстінде қуану, қынжылу процесі қатар жүреді. Ол қалыпты жағдай. Ең бастысы, соны қазылар мен сарапшылар барды бар, жоқты жоқ деп айта алуларында. Кейде аттың басын бұрып та, арасында ат үсті айтылатын пікір де жоқ емес. «Ат үсті» деп жатқаным, көбінде көп нәрсені жасырып қалады. Әсіресе жастардың жұмысына келгенде. Меніңше, ол дұрыс емес. Әлі жас қой деп, олар жіберген көп жайтқа көз жұма қарай берсек, онда театр көңілге көпшік қоятын орынға айналары сөзсіз. «Жігітті жылы сөз ширатпайды, сын ширатады» деп Әуезов айтқандай, жастарды сауатты сынға жұмыс істеуге үйретуіміз керек. Мәселе мына мизансценаны былай қой деп нұсқауда емес, ақыры сарапқа түскен соң спектакльдің сапасы туралы талдаудың терең әрі ашық жүруінде. «Тұрып алып ақыл айтпайықшы» деп айтылған, айтылуға тиіс пікірді «ақыл айту» деп түсіндірудің қажеті жоқ. «Керек болса, дәл солай өзің қойып, ал немесе ойнап ал» деген түсінікті қалыптастырар болсақ, онда қазылар алқасын ұйымдастырудың қажеті қаншалықты?! Кейде осындай ұғым-нанымның кесірінен сыншыны елемеуге немесе құлықсыздыққа апаратын шығар.
Jas qazaq: Жастар мен аға буын өнер адамдарының арасындағы сабақтастық қай деңгейде? Өмірден өтіп кеткен өнер қайраткерлерінің естелік-сұхбаттарын оқып отырсаңыз, бұрын аға буын мен жастар арасындағы қарым-қатынас үзілмейтін алтын арқау сияқты айтылады. Қазір басқаша сияқты ма қалай? Жастар кейде қызды-қыздымен мемлекеттік сыйлық иегерлеріне де қарамайды: беттен алып, төске шауып жатады. Қарияларымызға да жаның ашиды: театрдың ішіндегі ұсақ-түйек әңгімені теріп отырғандары…
А.Қадырәлиева: Жанды жеріме тиіп отырсыз. Осы жағдайды ойлап өзім де жиі күйзеліске түсемін. Себебін іздеймін. Меніңше, егде, аға буын өкілдерінен кетіп жатқан кінәрат сияқты. Өйткені, «тәйт» деп обал-сауапты айтып отырмағаннан кейін әлбетте жастар өз еркімен кетеді, білгенін істейді. Мысалы, кез келген театрда босқа жүрген адамдар бар. Осыған байланысты, үш немесе бес жылда бір өтетін аттестация болады, сол комиссия мүшелерін өз іштерінен сайлай салады немесе театрға жиі келе бермейтін жоғары жақтан біреу отырады. Мейлі кім отырса ол отырсын, бірақ сол аттестацияның қорытындысы бойынша мына актерлер жұмыстан шықты, я болмаса қатаң ескерту алды дегенді естімейсің. Тазалау жоқ. Ал кейіпкерлер мінез-құлқын ажырата білмейтін шала сауатты актерлер қанша ма? Яғни «Актерлік өнерді» арнайы тәмамдағанымен, сол мамандығын дөңгелетіп алып кете алмай жүргендер көп. Театрдың ішінде жүрген үлкендер сол тулақтардан тұлпар шығарғылары келеді. Жастарды қолдау керек деген түрімізбен желсіз күні шаң боратар рухсыз ұрпақ тәрбиелеп жатқанымызбен ісіміз жоқ. Тізесі жерге тимей, маңдайы күнге күймей, жүйрік атанып жүрген жабыларды қолдай бергеннен, әрине, сосын олар беттен алып, төске шабады. Талантты сақтаудың жалғыз жолы мақтау деп ұғынуды қою керек. Қысқасы, бүгінгі күннің тағы бір талабы – театр ұжымын санына қарап емес, сапасына қарай жасақтау.
Бұған тағы қосарым, театрлардың өз ішінен көркемдік кеңесті құруды да доғару керек. Менің білуімше, бұл кеңес театр директорының немесе көркемдік жетекшінің бұйрығымен бекітіледі екен (директор көркемдік жетекшінің міндетін қоса атқарса, бұл билігі, тіпті күшейеді). Олай болса әлбетте, сол мүшелерінің не өзі, не сөзі ұнамай қалса, екі бастықтың бірі кеңесті тез таратып жіберіп, жылдам жаңа құрамын құра салады. Әрегідік пікір айтқан адамды әріге итере берсе, басқалары шынайы пікір айтады дегенге сену қиын. Сондықтан, директорға да, басқаға да бағынышты болмайтын тәуелсіз сарапшылар тобын құру керек. Бөлінген ақшаға қойылған спектакльдің сапасы сай ма? деген сауалмен қайта-қайта талқылау өткізу керек. Жаңа премьераларды қабылдаудың талабын барынша күшейту керек. Өйткені, сәтсіз шыққан спектакль екі-үш рет жүргеннен кейін түсіп қалып жатады немесе сахнада жүргеніне көп бола қоймаған тәуір қойылымды репертуардан алып тастай салады. Тағы да айтамын, соларға ақша бөлінді ғой. «Бұл қалай болды?» деп ешкім ештеңе сұрамайды. Ешқандай жауап жоқ. Мұның өнерге қаншалықты зиян екенін түсінген басқа елдер мұндай сорақылыққа жол бермейді.
Jas qazaq: Өнер адамына қай заманда да білім мен ізденіс серік болған. Қазақ театрының бұрынғы майталмандары екі сөзінің бірінде тынбай ізденгенін, еңбек еткенін айтатын. Қазіргі кітап оқымайтын қазақ қоғамының рухани деңгейін қалай бағалайсыз?
А.Қадырәлиева: «Ақирет жақындағанда білім-ғылым жолында жүрген ізденушілердің ізі біртіндеп жойылып, жер бетін білімсіздер жаулайды» деген сөзді оқып едім. Қазір қарап отырсаңыз, білемін деушілер көп. Ал білген сайын білмегендігі көп екенін сезінетіндерді сирек кездестіресіз. «Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деп Ғабит Мүсірепов айтқандай, расында да кітап — сенің оқып түсіну мен түйсінуге, алған әсеріңді өмір қажетіне жаратуыңа үлкен жәрдемші екен. Қазір мына ғаламтор деген біздің ойлау деңгейімізге кері әсерін тигізіп келеді. Соның салдарынан, астымыздағы атымыздың тізгінін өзіміз ұстай алмай жүрміз. Көп жағдайды жүгеніміз жүрген жерде қалып, тізгініміз әркімнің қолында кетіп жүр. Содан барып делқұлы адамның тірлігін жасаймыз. Сосын одан өзімізді ақтап алу үшін себеп-салдарын өзгеден іздейміз. Қазір қиянатын тия алатын, қылығынан өзі ұялатын кісі азайып бара жатыр ғой. Сөзі мен ісі сәйкес келмейтін пенделерің сұлу сөйлеуге де шебер ғой. Құрғақ ақылдан халық жалықты. Құрғақ ақыл – қатықсыз көже сияқты. Сондықтан жақсылыққа үлгі көрсетіп жетпесең, уағыз айтумен жету қиын.
Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет, Айзат!

Жарас КЕМЕЛЖАН

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?