Айымторы Тайғаринова: Тұлдыр дүние кімдерге опа берген…

16 қыркүйек 2022, 11:33

Айымторы Тайғаринова. Ғабең, Қазақстанның халық жазушысы, КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері, Социалистік еңбек ері Ғабит Мүсіреповтің өзі өнерін алабөтен ардақтап, ыстық лепесін білдірген актриса. Шыңғыс Айтматов, Тахауи Ахтанов сынды ақтаңгер жазушылар сахнадағы өнеріне өзгеше баға берген талант. Бүгінде 85 жасқа шыққан актрисаны жастар жыға тани қоймайды. Жастарды былай қойып, орта буынға балайтын толқын да Тайғариновадай қазақтың талапты қызын ұмытуы бек мүмкін. Өйткені бұл кісінің киелі сахнаға қадам баспағанына да бірнеше жылдың бедері өткен. Дегенмен де «алтын кездік қап түбінде жата» ма? Арагідік отандық жас режиссерлер де телесериал, қысқаметражды фильмдерге шақырып тұрады. Қазақтың талантты актрисасымен, сексеннің сеңгіріне шыққан әжемізбен Алматы әлеуметтік әл-ауқат басқармасына қарасты «Шаңырақ» әлеуметтік қызмет орталығында әңгімелестік. Қарлығаштың ұясындай ғана бөлмесі жып-жылы, жып-жинақы екен.

Jas qazaq: Айымторы апай, алдаспан ақын Қасым Аманжолов жырлағандай, өзіңіздің жайыңызды өз аузыңыздан естісек деп сұхбат алуға келіп отырмыз. Сіз туған ауылыңыздан ертерек шылбыр үзіп, жастайыңыздан жырақтаған екенсіз.

Айымторы Тайғаринова: Оның рас, Ақмола облысына қарайтын менің ауылымда мектеп жеті жылдық қана болды. Менің ауылдан ұзауыма да өзімнің ырқым емес, сыртқы күштің ықпалы болды. Өйткені ауылдағы жеті жылдық мектепті тәмамдағанда маған «елшілер» келіп, ауылдағы бір ер адамның алып қашудың қамында жүргенін жеткізді. Ойын жасындағы баламын, оң мен солымды енді тани бастаған шағым, егіліп жыладым. Содан соң мектептегі мұғалім апайыма барып, жағдайды баяндадым. Ол кісі директорға айтып, мені Ақмола қаласына алып келді. Бағымызға орай, сол кезеңде жетіншіні үздік аяқтаған оқушылар училищеге тапсырғысы келсе, оқуға емтихансыз қабылданады. Ауылдағы мектептен 7-сыныпты үздік тәмамдаған оқушымын, медицина саласына барғым келді. Бірақ ол үшін талапкерлерді алдымен мәйітханаға апарады екен, «жүрегі көтере ме, шошынып қалмай ма» дегендей тексеріп алуы үшін. Бәрімізді алып барды, жүрегім дауалаған жоқ, о дүниелік болған жандардың мүрдесін көруге. Сөйтіп, кешкілік мектеп деген бар екен, соған тапсырып, оқуымды жалғастырдым. Қалада жалғыз нағашымыз бар еді, әйелінен бата алмай, үйіне кіргізе алмады. Наубайханада істейтін, екеуміз уағдаластық бойынша көшеде кездесіп, маған нан, тәтті бәліш әкеліп береді. Ал мен 14 жасымда орыс шал мен кемпірдің үйіндегі бір бөлмесінде тұрып, кешкі мектепке оқуыма барамын. Орыс кемпір мені күндізгі уақытта хат, қағаз тасушылық жұмысқа орналастырды. Жұмысымды атқарып келіп, сабағыма дайындаламын. Күндердің-күнінде аудандық халық сотына қағаз апарып беруге жұмсады. Барып едім, алдымнан бір кемпір шығып, не үшін келгенімді сұрады. Халық сотының ғимаратында тұрады екен, картоп қуырыпты, иісі мұрынды жарады. Менің ашығып келгенімді байқап тамақ берді. Жылы жерде отырып, қалғып кетіппін. «Қызым, шаршаған екенсің, қайда тұрасың, оқисың ба, кімің бар, туысыңның үйінде тұрасың ба?» деп сұрады. Жағдайымды айттым, ол кісі мені тынықтырып, кешкісін сот кеткен соң, машинкасына мәтін теруді үйретті. Шалы соғыстан мүгедек болып оралыпты, мойны басын ұстамайды, кемпірі қолымен сүйеп отырып, ас-ауқатын береді. Мен енді өзімнің тұрақтаған үйіммен сау-саламат айтысып, халық сотының ғимаратындағы осы кісінің қолына көшіп келдім. Сабақтан кейінгі уақытта машинка басуды да үйреніп алдым. Бірте-бірте менің әбжіл қимылымды, машинкада басу жылдамдығымды байқаған сот Дәулет Бұқсұқұлы мені хатшылыққа алды. Тек сот отырысының хатшысы ғана емес, орысшадан қазақшаға, қазақ тілінен орысшаға аудармашы да болдым. Күн артынан күн, артынан ай өтіп, Алматыда біліктілікті жетілдіру курсына жіберді. Алматы облыстық соттың ғимаратында оқуымды оқыған соң, олар мені қызметке алып қалды. Мансабым – сот отырысының хатшысы, әрі аудармашы. Алып шаһардағы қызметім де жанданып, білімімді жетілдіріп, біліктілігім артып келе жатыр еді. Бір күні бізге жамағайын болып келетін кісілер ұшқыштар училищесін Мәскеуден тәмамдаған офицерге ұзатып беруге келді. Офицер бастаған құдалар ауылдағы әкем мен шешемнің алдынан өтіпті, олар «қызымыз оқуға кеткен, өз билігі өзінде, көңілі соқса, көрерсіздер» деп шығарып салған екен. Сырға салуға келгендердің меселін қайтармай, 18 жасымда ұшқыш офицердің етегінен ұстап, шаңырақ көтердім. Ресейдің қиырындағы бір гарнизоннан бір-ақ шықтық. Достары кілең орыс ұлтынан. Қысқасы, некеміз ұзаққа барған жоқ, ажырасуға соққының астына жығуы себеп болды. Ауыр соққыдан гарнизон ауруханасында он күн емделіп, есімді әзер жиып, гарнизонның бастығы арқылы Бішкекке ұшып, сол жақтан пана таптым. Ауылға баруға «бәленнің қызы қайтып келіпті» деген сөз өліммен тең еді, ата-анам да «сүйегің біздікі, еті солардікі» деген сыңай танытты. Бішкекке баруыма себеп болған гарнизон бастығының әйелінің туысы бар екен қырғыз елінде. Жатақхана коменданты екен, сол кісіге хат жазып берді. Осы жатақта тұрып, құрылыста жұмыс істедім. Мәдени іс-шараларға да қатысып ән шырқаймын, өнерімді көрсетемін, тіпті Фрунзенің (Бішкек) газетіне де менің өнерім туралы жазылды.

Jas qazaq: Өнерге осылай түрен салған екенсіз ғой.

Айымторы Тайғаринова: Өнерге келуіме Бішкектегі мәдени үйірменің жетекшісі болған кісінің ықпалы зор болды. «Айымторы, сенің ішіңдегі бұғып жатқан өнердің отын үрлеп, ұшқынын жалындату керек. Мен сені Мәскеуге оқуға жіберуге күш салғым-ақ келеді. Бірақ сен қазақтың қызысың, ана жаққа тек жергілікті қырғыздың балалары баруы тиіс, саясат солай. Саған көмегім – Алматыға оқуға бағыттама жазып берейін. Алматыда театр бөлімі ашылады, сен соған баруға тиіссің, талантың тұншығып қалмауы керек», – деді. Сол кісінің қолдауымен Бішкектен Алматыға келдім. Оқуға Әнуар Молдабеков, Есболған Жайсаңбаев сынды талантты жастар қатар тапсырдық. Комиссияда сынақ алған ұстаздардың арасында Нұрмұхан Жантөрин, Әзірбайжан Мәмбетов де болды. Әзірбайжан аға: «Айымторы, Есболған екеуің оқуға міндетті түрде түсулерің керек. Қазақ өнері өздеріңдей талантты жастарға аса зәру қазір», – деп қанаттандырды. Сол кісінің қамшылауымен оқуға емтихан тапсырдық. Сынақ өте қатаң болды, филармониядан, опера театрынан оқытушылар келіп сынақ алды. Сөйтсек, олар болашақта өз саласына қажетті, ыңғайы бар таланттарды іріктеп алуға ұмтылады екен. Осындай сыннан сүрінбей өтіп, оқуға қабылдандық. Тағдырдың қақпақылдап, дауылының үйіруімен Қырғыз елінен бір-ақ шығып, сол жақта құрылыста да жұмыс істеп, мейірімді жандардың қамқорлығының арқасында Алматыға жеттім. Қазығымды қағып, байлайтындай менің мұнда туысым да, танысым да жоқ еді. Сол кезде ұстазымыз Хадиша Бөкеева апайымыз үйіне тұрғызды. Өмірге қажетті, өнерге керекті қасиеттердің көбін сол кісіден бойыма сіңірдім. Этюдтерді қалай оқуды, сахна мәдениетін, сахна қимылын да үйретті. Иса Байзақовтың қызы Мәкен Исақызы да сабақ берді. Қандай сұңғыла кісілер еді десеңші, мейірімділікті, қайырымдылықты, жастарға деген жанашырлықты мен сол кісілердің таным-түйсігінен көп көрдім.

Jas qazaq: Өзіңіз есім-сойын атаған қазақтың театр, кино өнерінің саңлақтарымен қатар оқыдыңыз. Бірақ неге Алматыда қалмадыңыз?

Айымторы Тайғаринова: Өзің де бұған дейінгі жарияланған сұхбаттардан оқып-білген боларсың, студент шағымыздағы бір әрекетім – менің өнердегі жолыма ғана емес, өмірдегі тағдырыма да кесірін тигізді десем болады. Біз оқуға түскенде атағы дардай режиссердің қызы бірге оқыды. Қаланың қатыгез мінезімен өскен, қазақылықты бойына жия қоймаған шолжаңдау еді. Сол қыз екеуміз сөзге келіп қалдық. Ашуымды ақылым ауыздықтай алмай қалған себебі мені намысымды қорлап, ащы-ащы лағнет айтып, кеуделегісі келетінін байқатты. Басымнан сөз асырмай, намысымды ешкімге таптатпай өскен емеспін бе, сөзді қор етіп қайтемін мұндайға деп жағынан тартып кеп жібердім. Сол оқиға әлгі режиссер әкесіне жетеді. Содан бастап алдымнан көп кедергі кесе-көлденеңдеп шыға берді. Алматыға осындай сыйғызбастар сыйдырмай, Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы театрға жұмысқа орналастым.

Jas qazaq: Сіз қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың Жәмиласын бірнеше жыл сомдадыңыз. Ол кісі сіз сөйлеткен Жәмиланы көрді ме? Көрген болса, қалай бағалады?

Айымторы Тайғаринова: Көрді, «мынадай Жәмилаға қалай ғашық болмайсың» деп таңданысын да жасырған жоқ. Сахнадағы өнерімізді жоғары бағалап, сау-саламат айтарда ақ батасын беріп, аттанған еді. Өнерпаз үшін, актриса үшін көрерменнің де, режиссердің де, шығарма авторының да ықылас-пейілінен асқан сыйлық, құрмет, баға жоқ.

Jas qazaq: Ғабит Мүсіреповтің қазақтың Айымторысына арнаған ықыласын, жылы пікірін білеміз. Өмірбаяныңызға үңілгенде, сіздің мемлекет тарапынан ешқандай да атақ-марапат алғаныңызды көрмедік.

Айымторы Тайғаринова: Алған марапатым, міне, өзің көргендей үстелімнің үстінде тұр – осы қарттар үйінде өткен түрлі мәдени, рухани іс-шара кезінде алған алғыс хаттарым бар. Шымкент драма театрында жұмыс істеп жүргенде жанашыр ағамыз Алматыға шақыртып, мәдениет министрлігіне ертіп барған. Обалы қане, күш салды. Сонда біз министрлікке барғанда баяғы студент шақта өзім сазайын берген қыздың әкесі тағы да қарсы ұшырасты. «Мен тірі тұрғанда қызымды соққаны үшін ешқандай марапат алмайды» деп жолымызды кесті.

Jas qazaq: Шымкент театрында жүргенде өзіңіздің еңбегіңіз үшін алған пәтерлерді тегін беріпсіз ғой әріптестеріңізге?

Айымторы Тайғаринова: Рас, оны сол кезде бірге істеген әріптес, замандастар, кейінгі буын жастарымыз да біледі. Бірінші алған пәтерімді үш баласымен қалған жалғызбасты әйел кісіге бердім. Әкімдіктен екінші жолы алған пәтерімді қолында кәрі анасы бар актрисаға босатып бердім. Үшінші пәтерімді де қалдырып, Алматыға келдім. Бұл жолы да Алматыда жұлдызым жана қойған жоқ. Мұхтар Әуезов атындағы драма театрға да, Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрына да «Айымторының актерлік өнері қажет емес» деген соң, қуыршақ театрында жұмыс істедім.

Jas qazaq: Үнемі сыртын берген тағдырыңыздың соқтықпалы-соқпақты жолында қызығыңыздан гөрі қайғы арқалатқан қиындықтар, кедергілер көп болған екен. Естуімізше, сіздің Алматы қаласында сатып алған пәтеріңізді де алаяқтық жолмен өзгелер иемденіп алыпты.

Айымторы Тайғаринова: Қуыршақ театрында қызметке орналасқанда осы ұжымда көлік жүргізетін кісімен неке қидырып, бас құрадық. Денсаулығы сыр беріп, ауырғанда қаржыдан қысылып, өзіміз тұратын үйіміздің бір бөлмесін өзін «адвокат» деген татар жігітке босатып бердік. Ай сайынғы ақшасын төлегенде қағазына санмен 30 000 деп жаздырып алатын. Сонда әріппен отыз мың деп жанына жазайын дегенде келіспей, сырғақтатып жүруші еді. Біз де «іші-бауырымызға енген» адвокатымызға имандай сендік. Үш жылдан кейін ол біздің үйді ай сайын бөліп төлеу арқылы сатып алған болып шықты. Жолдасым ауырып, байтал түгі бас қайғы кезінде бір құжаттарға да қол қойдырып алған екен, дәлелдей алмадық. Ай сайын 30 000 деген цифрдың соңына өзі тағы бір нөл тіркеп жүріпті де, біздің үйді «Үш жылдың ішінде бөліп төлеу тәсілімен сатып алыпты». Соттастық та, заң тұрғысынан дәлелдеуге, өзіміздің үйімізді өзімізге қалдыру жолында жүгірдік, еш қайран болмады. Бірақ кісі ақысын жегеннің, өзгенің обалына қалудың, жетімді жылатып, жесірді қаңғытудың киесі, қарғысы оңдырмайды кімді де болса. Әлгі жігітіміз біздің үйді басқа біреуге сатып жіберіп, ақшасын құшақтап қонақүйде жатып, өлтіріп кетті ме, әйтеуір, жантәсілім етіпті. Міне, балам, менің өмір жолым, тағдырым осындай бұралаңнан өтіп келеді. Үйсіз далада қалғанымда осы орталыққа құрбыларым арқылы келдім. Тәубе, қызмет көрсетуі де, басқа да көмегі жақсы, бөлмеміз таза, жылы. Өмірге ешқандай өкпе артпаймын, тайқы маңдайыма осындай тағдыр жазылған екен, көріп келемін. Өкінішім – ұрпақ сүйе алмадым.

Әлгінде айттым ғой, ұшқыш офицерге тұрмысқа шыққанымды, ауыр соққыға жыққанда құрсағыма біткен баланы езіп жіберген екен. Әскери дәрігер «Айымторы, келешекте бала көтеруің неғайбыл» деп еді, айтқаны расқа шықты. Алматы қаласына Бақытжан Сағынтаев әкім болып тұрғанда баспанамның жайын айтып едім, «кейін келіңіз, қарастырамыз» деді. Арада көп өтпей қаңтар оқиғасынан кейін ол қызметінен кетті. Қазір маған баспана, жеке үй деген маңызды емес, арманым – ана дүниеге ешкімге ауыртпалығымды артпай, науқастанбай аттансам деймін. Тұлдыр дүние кімдерге опа берген дейсің, балам.

Сұхбаттасқан
Қуаныш Әлмерек

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?