Инклюзивті қоғам мүмкіндігі шектеулі жандардың толыққанды өмір сүруіне жағдай жасауды қарастырады. Шымкент қаласындағы есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернаттың директоры Айгүл Жамалбаева бүгінде мүмкіндігі шектеулілерге ешқандай шектеу жоқ екенін айтып өтті.
— Бұрынғыдай емес, қазір бізде мүмкіндігі шектеулі жандардың білім алып, жұмыс істеуіне барлық жағдай бар емес пе?
— Жалпы біздің қоғамда осы ерекше жандарға деген көзқарас дұрысталып келеді. Қазір олардың жүріп-тұруына қолайлы болуы үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Мысалы, қазір кез келген жерде пандустар бар. Қазір кез келген жерде мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалған. Банкке кірсе де, арнайы терезе қарастырылған. Бір сөзбен, мүмкіндігі шектеулілерге ешқандай шектеу жоқ.
Мектеп-интернатымызға барлық жағдайды жасап берген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен «Қазақстан халқына» қорына айтар алғысымыз шексіз.
– Енді сабақ барысы туралы айтыңызшы. Мұндай оқушылармен сабақ қалай өтеді?
– Әр балада дыбыс күшейткіш аппараты, мұғалімдерде микрофон болады. Әр топта 8 баладан дөңгеленіп отырады. Бұл оқушылардың бәрі бірдей мүлдем естімейді деген жоқ. Қалдық есту қабілеті бар кейбірі естиді. Мүлдем естімейтіндері ернінен оқиды. Енді бізде ым-ишара тілін жалпы қолдану рұқсат етілмейді. Бұл ишара тілін жалпы өздерімен бір байланысты орнату үшін ғана төртінші сыныптан бастап аптасына бір рет өтеді. Ал сабақ кезінде біз олармен жалпы мектептегідей сөйлеп, тақтаға жазып көрсетіп үйретеміз. Олар бірінші көзбен көреді. Себебі ештеңе естімейтін балаға бірінші механикалық түрде көрсетесің. Әр дыбысты қоюдың өзіндік әдіс-тәсілі бар. Мұғалім оқушыларға дыбысты айтып үйренеді. Одан кейін буын шығарады. Екі дыбысты қосудың өзі оларға үлкен еңбек талап етеді. Буындарды қосып сөз шығарады, сөздерді қосып сөйлем шығарады. Сондықтан да сурдо педагогтардың еңбегі ерен. Мысалы, оларға дыбыс қойғанда да өзінің әлемі бар. Дыбысты қоюдың өзі үлкен бір жұмысты, жауапкершілікті, еңбекті талап етеді. Олар жалпы мектепті бітірген кезде әріпті оқып, жазып үйреніп шығады. Өз ойын айта алатын жағдайға жетеді.
«Е-ымдау» деген сөздік жасалды. 2023-2024 оқу жылында біздің мектептен апробациядан өтті. Кемшіліктері мен ұсыныстарымызды айттық. Болашақта ым-ишара тілі кәдімгі мемлекеттік тіл ретінде статусын алады. Содан кейін мүмкін біздің саланың оқу бағдарламасы да өзгеретін шығар.
Мөлдір Кенжебай,
Шымкент